4 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстанда мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні
Бұл кәсіби мереке қыркүйектің бірінші жексенбісінде аталып өтіледі. Аталмыш мерекенің тарихы совет дәуірінен бастау алған. Ал Тәуелсіз Қазақстанда ресми түрде кәсіби мереке ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2003 жылы бекітілді. Сондай-ақ, бұл мереке мұнай және газ индустриясында еңбек ететін барлық жұмысшыларға арналады. Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова мен Ресейде де аталып өтіледі.
Халықаралық тхэквондо күні
Бүкіләлемдік тхэквондо федерациясы 2006 жылы Хошиминде (Вьетнам) өткен Бас ассамблеяда бекітті. Бұл датаның таңдап алынуы кездейсоқ емес, өйткені 1994 жылы дәл осы 4 қыркүйекте Халықаралық олимпиада комитеті тхэквондоны олимпиадалық спорт түрлері қатарына қабылдаған болатын. Алғаш рет тхэквондо бойынша жүлделер 2000 жылы Сиднейдегі жазғы Олимпиада ойындарында сарапқа салынды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
2009 жылы БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы және «Самұрық-Энерго» АҚ елімізде жел және күн электр станцияларын салу жобаларын іске асыру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2009 жылы Астанада алғаш рет әкімдік алдындағы алаңда «Халықтар достығы-2009» V Халықаралық автошеруі басталды. Шара «Mercur Auto», «Volkswagen AG» компанияларының қолдауымен ұйымдастырылды. Астана – Бурабай – Көкшетау – Қостанай – Ақтөбе – Орал бағыты бойынша өткен маршруттың жалпы ұзындығы 2086 шақырымды құрады.
2010 жылы ТМД және Балтық елдерінің 14-ші ұлттық кинематография форумында қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың «Игла. Ремикс» туындысының тұсаукесері болды. «Игла» филіміне режиссердің ертеде түсірілген материалдары, сондай-ақ комикстер, графикалық элементтер қосылды.
2013 жылы Қазақстан Санкт-Петербургтағы «ТОП-20» саммитіне ЕурАзЭҚ, Кедендік одақ және ТМД өкілі ретінде шақырылды.
2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдағы G20 Саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Жиналғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммитінің үмітке толы күрделі кезеңде өтіп отырғанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев G20 саммиті аясында екіжақты кездесулер де өткізді. Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті В. Путинмен, Франция Президенті Ф. Олландпен, Германияның Федералды канцлері А. Меркельмен, Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен және т.б. кездесті.
2016 жылы елордада Астана Марафон халықаралық деңгейдегі ауқымды спорт шарасы – қайырымдылық марафоны басталды. Іс-шараға 4500 адам қатысты. Соның ішінде әлемнің 25 елінен (АҚШ, Франция, Италия, Жапония, Аустралия, Германия, Иран, Ирландия, Бельгия, Ресей, Бразилия, Эстония, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Грекия, Канада, БАӘ, Нидерланд және басқа да елдер) келген спортшылар болды.
2019 жылы Нұр-Сұлтанда Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды нығайтуға және одан әрі дамытуға бағытталған Азия елдері жазушыларының алғашқы Форумы өтті. Ірі халықаралық іс-шараға алғаш рет Қытай, Үндістан, Ресей, Иран, Жапония, Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Оңтүстік Корея, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдері сияқты Азияның 44 елінің өкілдері қатысты. Форум қорытындысы бойынша форум делегаттарының Азия әдебиетін дамыту мәселелері бойынша мемлекеттер басшылары мен Азия үкіметтеріне әдеби жобаларды қолдау туралы ұсыныстарымен үндеуі қабылданды.
2020 жылы Шығыс Қазақстандағы Елеке Сазы алқабында археологтар сақ қоғамы билеушісінің ат әбзелдерін тапты. Жиынтықтың ішінде барлығы 850 бұйым болды. Дайындау технологиясы, материалдары, пішіндері мен сюжеттері бойынша алтын бұйымдар б.з.д. V-IV ғасырларға жатып, Тарбағатай сақтарының өнер ескерткіштері саналады. Зергерлік бұйымдардың бірегейлігі даралығында, байлығында, сапалы орындалуында байқалады.
2020 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның бірінші түркітанушы студенттердің Құрылтайы өтті. Онда түркітану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер баяндама оқып, фольклор, әдебиет, тіл білімі, түркі халықтарының салт-дәстүрлері жөніндегі зерттеулері туралы ойларымен бөлісті. Бұл құрылтай – Түркология кафедралары кеңесінің отырысында қабылданған шешімдердің орындалуының жемісі.
2021 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындарына 25 спортшы қатысып, Қазақстан Паралимпиада ойындарының медальдары – «алтын», екі «күміс» және бір «қола» бойынша тарихи рекорд орнатты. Олар - пауэрлифтші Давид Дегтярев, дзюдошылар Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев, Зарина Байбатина, суда жүзуден Нұрдәулет Жұмағали.
2021 жылы Тараз қаласының тұрғыны Қызыл жұлдыз ауылының жанынан бір уыс көне монета тауып алған. Табылған заттар ұсақ кесектерге кесілген. Ғалымдар оны белгілі бір саудагерге тиесілі деп болжады.