4 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 4 қыркүйекке арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

4 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2009 жылы БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы және «Самұрық-Энерго» АҚ елімізде жел және күн электр станцияларын салу жобаларын іске асыру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

2009 жылы Астанада алғаш рет әкімдік алдындағы алаңда «Халықтар достығы-2009» V Халықаралық автошеруі басталды. Шара «Mercur Auto», «Volkswagen AG» компанияларының қолдауымен ұйымдастырылды. Астана – Бурабай – Көкшетау – Қостанай – Ақтөбе – Орал бағыты бойынша өткен маршруттың жалпы ұзындығы 2086 шақырым болды.

2010 жылы ТМД және Балтық елдерінің 14-ші ұлттық кинематография форумында қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың «Игла. Ремикс» туындысының тұсаукесері болды. «Игла» фильміне режиссердің ертеде түсірілген материалдары, сондай-ақ комикстер, графикалық элементтер қосылды.

2013 жылы Қазақстан Санкт-Петербургтағы «ТОП-20» саммитіне ЕурАзЭҚ, Кедендік одақ және ТМД өкілі ретінде шақырылды.

2016 жылы елордада Астана Марафон халықаралық деңгейдегі ауқымды спорт шарасы – қайырымдылық марафоны басталды. Іс-шараға 4 500 адам қатысты. Соның ішінде әлемнің 25 елінен (АҚШ, Франция, Италия, Жапония, Аустралия, Германия, Иран, Ирландия, Бельгия, Ресей, Бразилия, Эстония, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Грекия, Канада, БАӘ, Нидерланд және басқа да елдер) келген спортшылар болды.

2019 жылы Нұр-Сұлтанда Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды нығайтуға және одан әрі дамытуға бағытталған Азия елдері жазушыларының алғашқы форумы өтті. Ірі халықаралық іс-шараға алғаш рет Қытай, Үндістан, Ресей, Иран, Жапония, Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Оңтүстік Корея, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия елдері сияқты Азияның 44 елінің өкілдері қатысты. Форум қорытындысы бойынша форум делегаттарының Азия әдебиетін дамыту мәселелері бойынша мемлекеттер басшылары мен Азия үкіметтеріне әдеби жобаларды қолдау туралы ұсыныстарымен үндеуі қабылданды.

2020 жылы Шығыс Қазақстандағы Елеке Сазы алқабында археологтар сақ қоғамы билеушісінің ат әбзелдерін тапты. Жиынтықтың ішінде барлығы 850 бұйым болды. Дайындау технологиясы, материалдары, пішіндері мен сюжеттері бойынша алтын бұйымдар б.з.д. V-IV ғасырларға жатып, Тарбағатай сақтарының өнер ескерткіштері саналады. Зергерлік бұйымдардың бірегейлігі даралығында, байлығында, сапалы орындалуында байқалады.

2020 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның бірінші түркітанушы студенттердің құрылтайы өтті. Онда түркітану мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер баяндама оқып, фольклор, әдебиет, тіл білімі, түркі халықтарының салт-дәстүрлері жөніндегі зерттеулері туралы ой бөлісті. Бұл құрылтай – Түркология кафедралары кеңесінің отырысында қабылданған шешімдердің орындалуының жемісі.

2021 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындарына 25 спортшы қатысып, Қазақстан Паралимпиада ойындарының медальдары – «алтын», екі «күміс» және бір «қола» бойынша тарихи рекорд орнатты. Олар – пауэрлифтші Давид Дегтярев, дзюдошылар Теміржан Дәулет, Әнуар Сариев, Зарина Байбатина, суда жүзуден Нұрдәулет Жұмағали.

2021 жылы Тараз қаласының тұрғыны Қызыл жұлдыз ауылының жанынан бір уыс көне монета тауып алған. Табылған заттар ұсақтап кесілген. Ғалымдар оны белгілі бір саудагерге тиесілі деп болжады.

2022 жылы дзюдодан Қазақстан құрамасы Австрияда өткен Еуропа кубогында екі медаль жеңіп алды. Ермек Амангелді (66 келіге дейін) жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Қола жүлдені 60 келі салмақта өнер көрсеткен Шерзод Давлатов жеңіп алды.