4 маусым. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 4 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
66 жыл бұрын (1959) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Барселонада өткен Ф.Виньяса атындағы Халықаралық вокалшылар конкурсының арнаулы Джино Бекки сыйлығының иегері Нұржамал Пернебекқызы ҮСЕНБАЕВА дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан) Арыс қаласында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Сол жылдан бастап Қазақ академиялық опера және балет театрының соло-әншісі. Осы театр сахнасында орындаған аса елеулі партиялары қатарында Қыз Жібек, Дана (Е.Брусиловский «Қыз Жібек», «Ер Тарғын»), Ажар (А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай»), Сара (М.Төлебаев «Біржан-Сара»), Зылиха (Б.Жұманиязов «Махамбет»), Розалида (И.Штраус «Жарқанат»), Виолетта (Дж.Верди «Травиата»), Антония (Ж.Оффенбах «Гофман ертегілері»), т. б. бар. Қазақ әндерін де («Шилі өзен», «Алқоңыр», т. б.) үлкен шеберлікпен орындайды. Үсенбаеваның репертуарынан ұлттық және шет ел композиторларының әр алуан музыкалық шығармалары орын алған. Әнші гастрольдік сапармен Ресей қалаларында, сондай-ақ, 1997 жылы Татар академиялық опера және балет театрының құрамында Португалияда, 1998 жылы Санкт-Петербург академиялық опера және балет театры кұрамында Жапонияда және басқа елдерде өнер көрсеткен. 2007 жылы «Карнеги-Холл» (Нью-Йорк) залында жеке концерт берген.
«Құрмет» орденімен марапатталған.
44 жыл бұрын (1981) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Бақытжан Жұмабекұлы БАЗАРБЕК дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. 1998-2002 жылдары Қазақ Мемлекеттік заң академиясында «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алды.
Еңбек жолы: 2002 жылдан бастап Л. Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің Заң институтының «Мемлекет және құқық» кафедрасы оқытушысының ассистенті, «Аграрлық және экологиялық құқық» кафедрасының жер және экологиялық құқық бойынша оқытушы болып жұмыс істеді. 2002-2004 жылдары Л. Н. Гумилев Еуразия ұлттық университетінің Заң институты директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары және «Аграрлық және экологиялық құқық» кафедрасының аға оқытушы қызметін қоса атқарды. 2004 жылы «Білім мен тестілеудің мемлекеттік стандарттарының ұлттық орталығы» РМҚК-ның Әкімшілік-құқық бөлімі бастығының міндетін атқарды. 2004-2015 жылдары Қаз МЗУ-нің азаматтық-құқықтық пәні кафедрасының аға оқытушысы, 2007-2009 жылдары «Орманды қорғау» ЖШС-нің Заң бөлімінің бастығы, 2015 жылы «Көлік сервисі орталығы» АҚ-ы Заң бөлімінің бастығы, 2015-2016 жылдары «Тұран — Астана» университетінің «Азаматтық және азаматтық-процестік құқық» кафедрасының оқытушысы қызметін атқарған. 2016-2023 жылдары «Bazarbek Partners» заңгерлік консалтингтік компанияның директоры, 2023 жылдан — бір мандатты сайлау округі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII сайланым депутаты.
32 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының Адам ресурстарын дамыту департаментінің директоры Арсен Абзалұлы ЖАҚЫПОВ дүниеге келді.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және «Болашақ» бағдарламасы бойынша Йорк университетін (Ұлыбритания) бітірген. Сондай-ақ, DBB академиясында (Германия, Берлин қ.), сонымен қатар Мұхаммед ибн Рашид атындағы Мемлекеттік басқару мектебінде (БАӘ, Дубай қ.) шетелдік тағылымдамадан өтті.
Еңбек жолын Талдықорған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекші маманы (заңгері) болып бастады. 2015-2016 жылдары Талдықорған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің сәулет-жоспарлау секторының жетекші маманы, Нарынқол ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, 2016-2018 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының жетекші маманы, 2018-2019 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы, 2019-2020 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті қоғамдық-саяси жұмыс басқармасының бас сарапшысы қызметінде болды. 2020-2022 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет және қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің қоғамдық қатысу және ашықтық қағидаттарын мемлекеттік органдарда дамыту басқармасының басшысы, 2022-2023 жылдары Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің Павлодар облысы бойынша өкілі болды. 2023-2024 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы лауазымын атқарған.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың жетлтоқсан айынан бастап атқарып келеді.