4 сәуір. Тұлғалар туған күн

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін, 4 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

дни рождения
Фото: Kazinform

67 жыл бұрын (1958) актриса, ҚР еңбек сіңірген әртісі Жанна Жорақызы ҚУАНЫШЕВА дүниеге келді.

Жанна Жорақызы ҚУАНЫШЕВА
Фото: pandaland.kz

Қазақстандық «Тоғысқан тағдырлар» және «Шегіртке» фильмдеріндегі рөлдерімен таныс. 2012 жылы «Қазақфильм» студиясындағы шығармашылық қызметіне 40 жыл толды. 1976 жылы Бішкек қаласындағы Бүкілодақтық кинофестивальде «Таңдаулы әйел рөлі» үшін сыйлығына ие болды.

«Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

53 жыл бұрын (1972) Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Әлімқызы ТҮГЕЛБАЕВА дүниеге келді.

Айжан Әлімқызы ТҮГЕЛБАЕВА
Фото: Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы

Ақмола облысы, Ерейментау қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін инженер-құрылысшы – технолог мамандығы бойынша бітірген (1995). Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті, мамандығы – экономист – менеджер (2002); М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің магистратурасы (2018).

Еңбек жолы: Ақмола АЭА Әкімшілік кеңесінің маманы (1997-1998); Астана қаласы Экономика және шағын кәсіпкерлікті дамыту басқармасы стратегиялық талдау және даму басқармасы бастығының орынбасары, инвестициялық саясат басқармасының бастығы (1998-2003); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Экспорттық бақылау және лицензиялау департаментінің лицензиялау басқармасының бастығы (2003-2005); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Ішкі басқармасының бастығы (2005-2006); Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары (2006-2024).

2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі қызметінде.

51 жыл бұрын (1974) боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Василий Валерьевич ЖИРОВ дүниеге келді.

Василий Валерьевич ЖИРОВ
Фото: instagram.com/vassiliytigerjirov

Қарағанды облысы Балқаш қаласында туған. Алғашқы жаттықтырушысы - В. Апачинский. 1989-1991 жылдары жасөспірімдер арасында КСРО, Қазақстан чемпионы атанған.

1993-1995 жылдары Дүниежүзі біріншілігінің күміс (Берлин) және қола (Будапешт), ХІІ Азия ойындарының (Хиросима) қола жүлдегері, Орталық Азия елдерінің бірінші ойындарының және Азия құрлығының жеңімпазы болды.

1996 жылы Атланта (АҚШ) қаласында өткен ХХVI Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. XXVI Олимпиада ойындарында ең үздік боксшыға берілетін Вэлл Баркер кубогін жеңіп алды.

1997 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. Кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 36-сында жеңіске жеткен, оның 30-ы нокаутпен аяқталды.

Василий Жиров ІВҒ нұсқасы бойынша кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы. 2001 жылы Американың танымал басылымы «USA Today» «Балқаш барысы» атанған боксшыны барлық салмақ санаты бойынша ең үздік кәсіпқой боксшы деп атады.

«Парасат» орденімен марапатталған.

46 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі Ержан Нұраханұлы СЕЙІТҚҰЛОВ дүниеге келді.

Ержан Нұраханұлы СЕЙІТҚҰЛОВ
Фото: akorda.kz

Алматы облысында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген (2001).

Еңбек жолы: М.В.Ломономов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалының математика пәнінің оқытушысы (2002-2007); Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ ақпараттық технологиялар факультетінің аға оқытушысы, доценті, деканның ғылым жөніндегі орынбасары (2007-2011); Ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтының директоры (2012-2022); «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Инженерлік-техникалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры (2022-2023); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2023); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ақпараттандыру және ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімінің меңгерушісі (2023-2024).

2024 жылдың тамыз айынан бері қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1977) «Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ төрағасы Әділ Нұрланұлы ӨТЕМБАЕВ дүниеге келді.

Әділ Нұрланұлы ӨТЕМБАЕВ
Фото: kdif.kz

2001 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «мұнай және газ саласындағы инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірді. 2012 жылы Массачусетс Технологиялық Институтының Альфред Слоун атындағы Басқару Мектебін (MIT Sloan School of Management) тәмамдап, Іскерлік әкімшілеу магистрі дәрежесіне ие болды.

2001-2006 жылдары Қазақстан Республикасының салық органдарында еңбек етті. 2006 жылдан 2015 жылға дейін жеке сектордағы компанияларда әр түрлі лауазымды қызметтер атқарды. 2015-2016 жылдары «Жоғары технологиялар институты» ЖШС бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары болып жұмыс істеді. 2016 жылдың наурызынан 2020 жылдың мамырына дейін - «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС (бұған дейін – Мемлекеттік-жекеше әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС) басқарма төрағасы.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

30 жыл бұрын (1995) жүзуден Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Дмитрий Игорьевич БАЛАНДИН дүниеге келді.

Дмитрий Игорьевич БАЛАНДИН
Фото: olympic.kz

Алматыда туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультетін (денешынықтыру және спорт кафедрасы) «дене шынықтыру және спорт мамандығы» бойынша бітірген (2016). 2008 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылданды. 14 жасында Екатеринбург қаласында (Ресей) жасөспірімдер арасындағы Александр Попов Кубогінде алғашқы жүлдесіне ие болып, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. 2011 жылы Джакартада (Индонезия) VII Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Дмитрий Алексеевтің жетекшілігімен жаттықты (2012-2016). Инчхондағы (Корея) Азия ойындарында иеленген үш «алтыны» үшін ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алды (2014); 2016 жылы Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өткен Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта 8-орын, 200 метр қашықтықта (2:08,20) 1-орын алды. 2017 жылы Тайбейдегі (Тайвань) Жазғы универсиадада: 100 метр қашықтықта қола және 200 метрлік жарыста күміс медаль еншіледі. Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты.

88 жыл бұрын (1937-2010) жазушы, аудармашы, түрколог-ғалым, филология ғылымдарының докторы Немат КЕЛІМБЕТОВ дүниеге келген.

 Немат КЕЛІМБЕТОВ
Фото: adebiportal.kz

Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Жаңажол қаласында туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының (қазіргі Сарыағаш ауданы) Абай ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. Ташкент қаржы-экономика институтын (1959), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (сырттай оқу бөлімі) журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған (1966).

1959-1960 жылдары – Қостанай облысының мемлекеттік банкінде экономист-инспектор, 1960-1962 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының Келес және Сарыағаш аудандық газеттерінде әдеби қызметкер. 1962-1965 жылдары – Қазақ КСР Ғылым академиясының экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, 1965-1970 жылдары – «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, 1970-1973 жылдары – Қазақ КСР Министрлер кеңесінде референт, Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанындағы Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссиясының жауапты хатшысы. «Қазақстан» баспасында редактор (1976-1981), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында профессор (1981-1997), Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында профессор (1997-2002) болды.

«Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі дәуір әдебиеті» (1991, 2005), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы» (1998), «Қазақ әдебиеті бастаулары» (1998), «Көркемдік дәстүр жалғастығы» (2000), «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» (2005), т.б. зерттеу еңбектері жарық көрген.

Түркі халықтары әдебиетін, Шығыс классик поэзиясын және қазақ әдебиетінің ежелгі жәдігерліктерін қарастырған жүзден астам ғылыми-зерттеу мақалаларында қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы, типологиялық, үндестік көріністері талданған. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі курсы бойынша жоғары оқу орындары студенттеріне арнап жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.

«Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік дәстүр жалғастығы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. (2001). Көркем әдебиет саласындағы туындылары: «Үміт үзгім келмейді» (1981), «Жарлы емеспін, зарлымын» (2001) деген хикаяттары және «Ұлыма хат» (2005), «Қариялар» (2007) атты эсселері жарық көрген. Сондай-ақ, біраз жылдар бойы көркем аударма жасаумен де айналысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың иегері (2005), Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2001), Украинаның «Почесна відзиака» («Құрмет белгісі») медалімен марапатталған (2008).

45 жыл бұрын (1980-2000) боксшы, Олимпиада ойындарының чемпионы Бекзат Сейілханұлы САТТАРХАНОВ дүниеге келген.

 Бекзат Сейілханұлы САТТАРХАНОВ
Фото: olympic.kz

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласында туған.

1998 жылы өткен әлем чемпионатының, 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен ХХVII Олимпиада ойындарының чемпионы болды.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2000 жылы 31 желтоқсанда жол апатынан көз жұмды.

I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар