4 шілде. Жылнама

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform оқырман назарына 4 шілдеге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

4 шілде. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы бір топ қазақ зиялылары — Ғ. Мүсірепов, М. Ғатаулин, Е. Алтынбеков, М. Дәулетқалиев, Қ. Қуанышев БК (б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф. Голощкинге хат (бесеудің хаты) жолдады. Бастапқыда хат И. Сталинге арнап жазылған болатын. «Бесеудің хаты» республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социалистік қайта құрулар бүкілхалықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орта шаруаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды.

1969 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында кездейсоқ жағдайда «Ақбақай» алтын кен орны ашылды. Танымал қазақстандық геолог, Мойынқұм тумасы Дүйсенәлиев туған жерінде жүріп, сарышұнақтың інінен сары түсті тасты байқап қалды. Сарапшылардың болжамынша, жамбылдық алтынның жалпы қоры 300-350 тоннаға бағаланған, бұл сан облыстың аз зерттелген аудандары есебінен айтарлықтай өсуі мүмкін.

1992 жылы Алматы эстрада-цирк училищесіне Жүсіпбек Елебековтің есімі берілді. Жүсіпбек Елебеков (1904-1977) — әнші, Қазақстанның халық әртісі. Ж.Елебеков репертуары негізінен халықтың және халық композиторларының әндерінен «Ардақ», «Ағаш аяқ», «Айтбай», «Жамбас сипар», «Жиырма бес», «Қанатталды», «Құлагер», «Сегіз аяқ», «Сұржекей» тұрады.

1996 жылы Қытай Халық Республикасының бұрынғы Төрағасы Цзян Цзэминь тұңғыш ресми сапармен Қазақстанға келіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы бірлескен декларацияға қол қойылды.

2000 жылы Атырау қаласында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор, дүлдүл домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының классигі Құрманғазы ескерткіші ашылды. Ол 1823 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының Жиделі елді мекенінде дүниеге келіп, 1896 жылы Астрахан облысының Алтынжар ауылында қайтыс болған.

2000 жылы Шығыс Қашағанда мұнайдың орасан мол мұнай қорының ашылу салтанаты болды. Онда әлемдегі ең үлкен баржа құрастырылып, жеті мемлекеттен мамандар тартылған. Шығыс Қашағандағы «қара алтын» қоры 7 млрд тоннаны құрайды. Осы Каспий табанындағы «қара алтын» елімізге 1 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Сарапшылар жаңа кеніштен жылына 100 млн тонна мұнай өндіруге болатындығын айтты.

2012 жылы Астанада қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазының ескерткіші ашылды. Ұлы композитор, дәулескер күйші Құрманғазы ескерткіші елордадағы Тұран даңғылының бойындағы «Думан» конақүй кешенінің аумағында орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрді құрайды: 5,5 м тұғыры және 4,5 м — ескерткіштің биіктігі. Авторы — мүсінші Асан Молдабаев. Күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы — қазақ музыка тарихында ерекше орны бар аса ұлы тұлға. Әрі күйші-сазгер, әрі дүлдүл домбырашы. Күйшілік өнерді ерекше сатыға көтерген ол ұлттық аспаптық музыканы әлемдік классикалық туындылармен тайталаса алатын дәрежеге жеткізе білген. XIX ғасырда өмір сүрген ұлы күйші-композитор, Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Алатау», «Кішкентай», «Қайран, шешем», «Адай», тағы да басқа көптеген күйлері әлемдік музыка қорына қосылған алтын қазына деуге болады. Қазақ даласының әсемдігін суреттейтін «Сарыарқа» күйі композитор шығармашылығының шыңы болып саналады. Қазіргі уақытта Құрманғазының 60 күйі сақталған.

2013 жылы «Естелік және мерейтой күндері» сериясының маркалары шығарылды. Пошта айналымына төрт маркадан тұратын екі көркем блок енді. Пошта блогында елорданың әдемі жерлеріндегі ҚР Тұңғыш Президентінің суреті берілген. Оны қаланың елтаңбасы, Нұр-Сұлтан (Астана) және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің логотиптері толықтырады. Екінші блоктың пошта маркасында елорданың белгілі нысандары: Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны — Бәйтерек, Президент резиденциясы — Ақорда, Тәуелсіздік сарайы және «Қазақ елі» монументі бейнеленген. Әр марканың номиналы — 100 теңге. Әр блоктың таралымы — 10 мың дана.

2015 жылы Алматыда жаппай Абай шыңына көтерілу бойынша альпиниада өтті. Спорттық шара қазақтың ұлы ақыны, философы Абайдың туғанына 170 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Абай шыңы Іле Алатауының Кіші Алматы аңғарында орналасқан. Биіктігі — 4010 метр. Ең алғаш рет Абай шыңын Кеңес Одағының альпинистері 1932 жылы бағындырған. Осыдан 20 жыл бұрын аталған шыңға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шыққан.

2018 жылы қазақстандық Роман Лошкарев Тель-Авив қаласында өткен жеңіл атлетика бойынша Израильдің ашық чемпионатында биіктікке секіру бойынша үздік деп танылды. Медаль үшін алты спортшы таласты. Олардың арасында Роман Лошкарев 2,17 метр биіктікке секірген жалғыз шетелдік қатысушы болды. 2019 жылы қазақстандық Ержан Есімханов Ла-Манш бұғазын Англиядан Францияға дейін жүзіп өтіп, француз жағалауында Қазақстан туын көкке көтерді.Жүзіп өту уақыты — 14 сағат 21 минут, қашықтығы — 34 шақырым. Ержан Есімханов — Ла-Манш бұғазын жалғыз жүзіп өткен алғашқы Қазақстан өкілі. Басым бөлігін түнгі уақытта жүзген.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейде «Еуразия астаналарының қаламгерлері» I халықаралық форумы өтті. Бұл маңызды шараға 20 мемлекеттен танымал ақын-жазушылар келді. Олардың арасында Испания, Үндістан, Мысыр, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей секілді елдердің қаламгерлері бар. Жазушылар қазіргі әдебиеттің өзекті проблемаларын, зияткерлік ресурстарды пайдалану перспективаларын, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы Алаш қозғалысы қайраткерлеріне арналған ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің еңбектерін жан-жақты зерделеу қажеттілігіне назар аударды. Сондай-ақ, ол ұлы көсемдердің Алаш қозғалысының тәуелсіз мемлекет болып, әлеммен терезесі тең қарым-қатынас орнатуы туралы бастамасы жүзеге асып, бүгінде еліміз халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі болғанын атап өтті.

2021 жылы «Астана Опера» театрының Үлкен залында Қазақстан, ТМД елдері және алыс шетелден келген 18-35 жас аралығындағы жас әншілердің вокалдық өнерін жетілдіру орталығына айналуға арналған Вокалдық академияның салтанатты ашылуы өтті. Академияны құрудың негізгі мақсаттары — әлемдік вокал өнерінің үздік дәстүрлерін дамыту және нығайту, жас опера солистерінің шығармашылық базасын құру.

2023 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияның Қазақстанмен достық парламенттік лигасының төрағасы Тошиаки Эндоны қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мен парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.

2023 жылы Астанада «Егемен Қазақстан» көшесінде журналистер аллеясы ашылды.

2024 жылы Қазақстанның бас қаласы Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші Саммиті өтті. «Көпжақты диалогты нығайту — орнықты бейбітшілік пен өркендеуге ұмтылу» деп аталатын саммитте Астана декларациясы, сондай-ақ мемлекет басшыларының 25-ке жуық құжаты мен мәлімдемесі, соның ішінде ШЫҰ мүшелерінің қолдауына ие болған Әділ бейбітшілік, келісім және даму үшін дүниежүзілік бірлік бастамасы қабылданды. Саммитте сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ достық, тату көршілік, теңдік және өзара қолдау көрсетудің «Шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын айтты. Ол ШЫҰ және осы шараның маңыздылығын атап өтті. «ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымның құрамына дүниежүзілік ЖІӨ-нің үштен бірін құрайтын әлемдегі ең ірі және ең жылдам дамып жатқан экономикалар кіреді. Бұл біздің ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді», — деді ол. 

Соңғы жаңалықтар