4 желтоқсан. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 4 желтоқсанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық банктер күні

2019 жылдың желтоқсанында БҰҰ халықаралық күндер тізімінде пайда болды. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны банктердің тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесін атап өту үшін бекітті. Даму банктері орнықты дамуды қаржыландыруда және кедейлікпен күресте маңызды рөл атқаратындықтан, Бас Ассамблея олардың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосқан үлесін арнайы халықаралық күн ретінде атап өту қажет деп санады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы Семей губерниясы партия комитеті «Семей таңы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан кейін аптасына 3 рет шығатын болды. Еңбекшілерді революцияны қорғауға шақырды. 1923 жылы «Еңбекші жас» атты айдарын комсомол жастарына арнап шығарды. «Семей таңы» редакциясында Ж. Аймауытов, Ш. Тоқжігітов, С. Дөнентаев, М. Тұрғанбаев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Әуезов жұмыс істеді.

1995 жылы Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанынан ҚР Тұрақты өкілдігі ашылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі ашылды.

1998 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қазтеңізкөлікфлот» ұлттық теңіз кеме компаниясы» АҚ құрылды.

2012 жылы Астанада жаңа электровоз құрастыру зауыты ашылды.

2012 жылы Астанадағы «Алау» мұзайдыны әлемдегі ең жылдам мұзайдындарының ТОП-10 қатарына енді. 26 жеке, 4 ұлттық рекорд және үш трек рекорды — «Алау» мұз сарайында аяқталған Әлем Кубогінің III кезеңінің нәтижесі.

2014 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақ өнерінің антологиясы» жобасының аясында қазақ айтысының жеті томдық жинағы таныстырылды.

2018 жылы Илон Масктың «SpaceX» компаниясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жасап шығарған «Аl-Farabi-2» қазақстандық наноспутнигін іске қосты. Ол Астана уақытымен 00:32–де Калифорния штатындағы (АҚШ) Вандеберг әскери-әуе базасынан сәтті ұшырылды.

2018 жылы Павлодар облысында ауыл азаматтары хан Абылайдың ерлік жорығын дәріптейтін ескерткіш белгі орнатты. «Абылай, найза мекені» немесе «Шабанбай жайылымы» деп аталатын тарихи жер Баскөл ауылының іргесінде жатыр. Жаугершілік заманда Жоңғар шапқыншылары Қалмаққырылған тауының етегінде үлкен тойтарысқа ұшырайды. Дәл сол жолы жауға қарсы атой салған қалың әскер Шабанбай деген дәулетті адамның жайылымына келіп үш күн аялдапты. Жаужүрек батырлардың жолсоқты кейпін көрген жомарт жан хан Абылайдың қарамағындағы жасаққа 500 сәйгүлік мінгізіп, киім-кешек пен ас-суларын әзірлеп берген деседі.

2021 жылы Солт-Лейк-Ситиде конькимен жүгіру спортынан Әлем Кубогі кезеңінде Надежда Морозова Қазақстан рекордын (бұрын Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Людмила Прокашеваға тиесілі болған) жаңартты (4:05,01). 3000 метрлік әйелдер арасындағы жарыста (А дивизионы) ол 3:59,647 нәтиже көрсетті.

2023 жылы Астанада БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық конференцияда Қазақстанның Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогындағы төрағалығының қорытындысы шығарылды. Конференцияда сөз алған Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов форумның 2023 жылға арналған жемісті жұмысын атап өтті. Осы уақыт аралығында «Диалог» алаңында инновациялар мен технологияларды дамыту, жаһандық аспектіде бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі әйелдер мен жастардың рөлі және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.

2024 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілге арналған Ұлттық сандық сөздік жасау жобасы басталды. Жаңа жоба жасанды интеллект пен тілдік мәдениетті біріктіріп, қазақ тілін қолжетімді етеді.

2024 жылы Мәскеудегі ВДНХ-да Қазақстан павильонында (№ 11, «Қазақстан Республикасының көрме-сауда орталығы») «Азия мен Еуропа синтезі» атты Қазақ киносының күндері ашылды. Бағдарламада қазақстандық режиссерлердің соңғы жылдардағы көрнекті туындылары көрсетілді. Ашылу салтанатында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев бұл іс-шараның Қазақстан мен Ресей арасындағы белсенді ынтымақтастық тұрғысынан орасан зор маңызын атап өтті.

2024 жылы жол қозғалысы саласындағы өзгерістер енгізу туралы заң күшіне енді, ол жол қауіпсіздігін жақсартуға және апаттардың санын азайтуға бағытталған. Бұл өзгерістер халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда жүретін барлық жүргізушілерге әсер етеді. Бұл өзгерістердің негізгі сәті — жолдың түзу учаскелерінде «орташа жылдамдықтан» асып кеткені үшін айыппұл енгізу, оны арнайы автоматты жүйелер тіркейді. Орташа жылдамдық жүріп өткен қашықтықты уақыт аралығына бөлу арқылы есептеледі. Айыппұл орташа жылдамдықтың асып кету дәрежесіне байланысты 5-тен 40 АЕК-ке дейін болады.

2024 жылы Парагвайдың Асунсьон қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің отырысында Беташарды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар