4 жолақты жол: Есік қаласында артық сызылған жол белгілері алынды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Есік қаласының кіреберісіндегі жолда 2 жолақтың орнына 4 жолақ салынған. 

4 жолақты жол: Есік қаласында артық сызылған жол белгілері алынды
Фото: видеодан алынған скрин

Мұндай «жаңашылдықтың» суреті әлеуметтік желіде тарады. Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі бұл дерек бойынша түсініктеме берді. 

Аудан әкімдігінің жауабына сәйкес, облыстық маңызы бар «Есік – Саймасай» автожолының 7-шақырымы тұсында күрделі жөндеуден кейін ішкі қозғалыс жолағын кеңейту қажеттілігі анықталған. 

– Бұл шара автобустың мектепке бұрылу кезінде қауіпсіз маневр жасауын қамтамасыз ету үшін қажет болды. Осыған байланысты мердігер қосымша екі сызық сызған, нәтижесінде аталған учаскедегі жол таңбалары төрт жолақты болып көрінген. Жобаға сәйкестендіру мақсатында мердігер ұйым – «ДСУ-13» АҚ бұрын сызылған екі сызықты алып тастады, - делінген жауапта.

Аудан әкімдігі жол таңбасын қайта қалпына келтіру және түзету жұмыстары мердігердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылғанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Есік көлінде демалушылардан 2 рет заңсыз төлем алынғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар