4 жылда Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 1,3 млрд. долларға жетті - KAZNEXINVEST

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- 2011 жылдан бастап, 2014 жылдың соңғы 9 айы ішінде Қазақстанға келген инвестициялардың мөлшері 1,3 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл туралы бүгін Алматыда шетелдік инвесторларға арналған жаңа ынталандыру топтамасының тұсаукесері барысында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Қарманов мәлімдеді.
None
None

Оның айтуынша, осы жылдар ішінде Қазақстанға 32 ірі инвестор тартылған.

«Бағасы 73,8 млн. АҚШ доллары болатын 10 жоба толығымен жүзеге асырылды. Ал қазіргі таңда жалпы сомасы 1,18 млрд. АҚШ доллары болатын 22 жоба жүзеге асырылу үстінде. Инвестициялық ахуалды барынша жақсартудың арқасында Қазақстанның өңдеуші, шикізаттық емес секторларына инвесторлар арасында қызығушылық артып келеді» - деді Қ. Қарманов.

Айта кетелік, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ қазақстандық шикізаттық емес экспортты дамыту және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша 16 роуд-шоулар, яғни көшпелі көрмелер ұйымдастырған.

Ал 2015 жылдан бастап, шет мемлекеттерде аталған агенттіктің өкілдік желілері ашылатын болады.

Айта кетелік, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар бойынша комитеті мен Экспорт және инвестиция бойынша «KAZNEX INVEST» Ұлттық агенттігі ұйымдастырған бүгінгі шараға Қазақстаның Еуропалық Бизнес Қауымдастығының (ЕВРОБАК) атқарушы директоры Юлия Кусиди, шет елдік инвесторлар мен отандық іскерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар