40 қабатты қонақүй: Алматыда қандай жағдайда биік ғимарат салуға рұқсат беріледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Тимирязев көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында 40 қабатты ғимарат салу жоспарланып отыр.

Kazinform тілшісінің сауалына жауап берген Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы мұндай биік нысанның құрылысына неліктен рұқсат берілуі мүмкін екенін түсіндірді.
Ведомство жауабына сәйкес, Абай даңғылының оңтүстігінде, Әл-Фараби даңғылының солтүстігінде, Яссауи көшесінің шығысында және Шығыс айналма жолының батысында орналасқан көпфункционалды ғимараттарды 9 қабаттан биік етіп салуға – олардың қоғамдық маңызы дәлелденген жағдайда ғана рұқсат беріледі.
– 9 қабаттан биік көпфункционалды ғимараттар мынадай шарттар орындалған кезде ғана рұқсат етіледі: олардың қоғамдық маңызына архитектуралық-қала құрылысы тұрғысынан негіз болуы, жоба шешімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету (оның ішінде энергия үнемдеуші және сейсмоизоляциялық технологияларды қолдану), сондай-ақ қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайту, - делінген жауапта.
Урбанистика басқарманың мәліметінше, бұл талаптар Алматы қаласы мәслихатының VIII шақырылымдағы кезектен тыс XXVI сессиясының 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №193 шешімімен бекітілген «Алматы қаласының құрылыс салу ережелерінің» 11-тармағында нақты көрсетілген.
Ал құрылыс жобасының мемлекеттік сараптамадан өтуі мен уәкілетті органдармен келісу тәртібіне қатысты басқарма кез келген құрылыс жобасы бірнеше кезеңмен жүзеге асырылатынын түсіндірді:
• Құрылыс жобаларын әзірлеу үшін бастапқы материалдарды алу;
• Эскизді әзірлеу және келісу;
• Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және кешенді ведомствоаралық сараптамадан өткізу;
• Құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарға хабарлама жіберу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;
• Салынған нысанды қабылдау және пайдалануға беру.
— Жергілікті атқарушы орган сәулет және қала құрылысы саласында жеке және заңды тұлғаларға «құрылыс және қайта жаңарту жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды беру» және «эскизді (эскиздік жобаны) келісу» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жұмыс жобаларын келісуге және жобаларды (жобалық-сметалық құжаттаманы) сараптауға жауапты емес, - деп нақтылады басқарма.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Тимирязев көшесінің қиылысында салынып жатқан 40 қабатты ғимарат құрылысына қарсы шықты.