40 мың шетелдік Қазақстанның көші қон заңнамасын бұзған
Жыл басынан көші-қон заңнамасын бұзған 40 мыңға жуық шетел азаматы анықталды, деп хабарлайды Кazinform.
«2023 жылдың басынан бастап көші-қон заңнамасын бұзған 39 881 шетелдік анықталды. Соның ішінде 3 730 шетелдікке қатысты Қазақстан аумағынан тыс жерге шығарылуы бойынша сот шешімі жарияланды», - делінген Ішкі істер министрлігінің Кazinform тілшісіне берген жауабында.
Сонымен қатар ведомство қос азаматтықпен жүргендерге қандай жаза қолданылатынын түсіндірді.
«Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 496- бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамның еліміздің паспортын және жеке куәлігін пайдалануы жеке тұлғаларға бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметтегі адамдар, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын немесе мемлекеттік органдарда ұйымдастырушылық-өкімдік әрі әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдарға үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, сондай-ақ Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады», - делінген министрлік мәліметінде.
Ведомство биыл қос азаматтықпен жүрген адамдарға қатысты көрсеткіштер былтырға қарағанда артпағанын мәлім етті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы қос азаматтықтың 841 дерегі анықталды. Ал биыл қаңтар-қазан аралығында 525 қос азаматтығы бар адам белгілі болды.