4000 метр биіктікте 13 сағатқа созылған түнгі құтқару операциясы аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысы Талғар ауданындағы Физкультурник шыңында ресейлік 72 жастағы турист жарақат алып, оны құтқару операциясы 13 сағаттан астам уақытқа созылды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Кешкі уақытта туристің аяғын үлкен тас басып қалып, ол ауыр жарақат алып, қан жоғалтқан. Ер адам тауда ұлымен бірге болған, алайда байланыс болмаған. Жас жігіт бірнеше шақырым төмен түсіп, байланыс ұстап, көмек шақыруға мәжбүр болды.
- Оқиға орнына ҚР ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының және Алматы қаласы ТЖД құтқару қызметінің күштері жіберілді. Тоғыз құтқарушы екі техникамен және дронның көмегімен тауға аттанды. Жол тастар мен мұздықтар арқылы, түнгі уақытта және төрт мың метрден астам биіктікте өтті. Жарақат алған адамға жету бес сағаттан астам уақытты алды, - деп жазылған ақпарат.
Құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның жағдайы нашарлай бастағандықтан шұғыл түрде төменге көшіруді бастады. Түнде операцияға қосымша күштер тартылды.
12 тамыз күні таңертең Богданович мұздығына ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы келіп, жарақат алған турист, оның ұлы және бір құтқарушы Боралдай әуежайына жеткізілді. Кейін ер адам Алматы қаласының клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Құтқару операциясы биік таулы, қиын рельеф жағдайында өтті және 13 сағаттан астам уақытқа созылды.
Айта кетейік, бүгін Орджоникидзе шыңында жарақаттанған альпинист тікұшақпен құтқарылды.