470 млрд теңге қолдау: Агрокооперативтердің қанша пайызы табысты жұмыс істеуде

мал шаруашылығы
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Елімізде басы бірікпеген 268,3 мың шаруа қожалығы бар. Бұл туралы бүгін Сенатта «Еліміздің өңірлеріндегі ауыл шаруашылығы кооперациясының жай-күйі және шаруа қожалықтарын ірілендіру» тақырыбындағы отырыста сенатор Сәкен Арубаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

 

«Әлем бойынша ауыл шаруашылығы кооперативі осы салада кәсіпкерлік қызметті жүргізудің кең таралған құралы екені белгілі. Сондықтан мемлекет оларды құқықтық негізде нығайту және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Ондағы түпкі мақсат – еңбек нарығын тиімді пайдалана отырып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, табиғи ресурстарды мүмкіндігінше тиімді пайдалану.

Елімізде 1995 жылдан бастап заңнамалық база қалыптасып, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен жұмыс істеуінің тәсілдері және принциптері өзгерді.

2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа заң қабылданды.

2017-2019 жылдар аралығында республикада 2840 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, қазір 3 248-ге жетті (1 255 мал, 322 өсімдік, 1 671 басқа бағыттар).

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, тіркелген 3248 ауыл шаруашылығы кооперативінің 60% салық төлемейтін немесе әрекетсіз болып саналған», – деді С. Арубаев.

Жергілікті атқарушы биліктің мәліметінше, 1529 коперативтің 432-сі жұмыс істемей тұр.

«Бұндай елеулі айырмашылықтардан орталық билік пен жергілікті атқарушы биліктің өзара іс-қимылының, байланысының жоқтығын көруге болады. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасымен құрылған 400 ауыл шаруашылығы кооперациясына 100 млрд теңге бөлінсе, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 543 ауыл шаруашылығы кооперацияларына 370 млрд теңге қаржы бөлінген. Дегенмен, елімізде бүгінге әлі де болса басы бірікпеген 268,3 мың шаруа қожалығы бар. Бұл жағдай шаруа қожалықтарын ірілендіру бағытындағы жұмыстың әлсіз жүріп жатқанын байқатты», – деді сенатор.

Оның сөзінше, қазір шағын және шашыраңқы фермерлер бірігіп, оларға мемлекеттік қолдау көрсетілетін кез келді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен құрылған кооперативтерге 5 бағыт бойынша айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылған. Бұл жеңілдіктер бірікпеген шағын және шашыраңқы шаруаларға қарастырылмаған.

«Осыны шаруаларға жеткізу керек. Бұл жерде түсіндіру, ақпараттық-консультациялық жұмыстың өте төмен екенін айтуымыз керек», – деді депутат.

Сонымен қатар палата депутаты кооператив пен оның мүшелері үшін салық салу мәселелері толық реттелмегенін айтты.

Аталған отырыста, сондай-ақ сенатор Әли Бектаев осы саладағы негізгі проблемаларды атады.

Соңғы жаңалықтар