473 елордалық банкрот деп танылды

473 елордалық банкрот деп танылды
Фото: azattyq-ruhy.kz

Елордада 473 жеке тұлға банкрот мәртебесін алды. Бұл туралы Астана қалалық мемлекеттік кірістер департаменті Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша өтініштерді қабылдау басталды. Сол сәттен бастап Астана қаласы бойынша 4 383 өтініш түсті. Оның ішінде 473 жеке тұлғаға қатысты рәсім аяқталды. Яғни, оларға «банкрот» мәртебесі беріліп, берешектері есептен шығарылды. 3 282 өтініш қарау барысында бас тартылды. 28 өтінішті азаматтардың өздері кері қайтарып алды және 600 өтініш бүгінгі таңда қаралып жатыр», - деді ол Астана қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, процедура соттан тыс банкроттық, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінен тұрады.

«Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Оның шарттары бар. Біріншіден, борышкердің қарызы 5 млн 520 мың теңгеден аспауы тиіс. Екіншіден, соңғы 12 ай ішінде қарызын төлемеуі керек. Үшіншіден, қандай да бір орталық мүлкінің болмауы міндетті. Төртіншіден, банктермен реттеу іс-шаралары жүргізілуі тиіс», - деді Исабек Зауытбекұлы.

Басқарма басшысы 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен 5 жылдан астам берешегі өтелмейтін азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылғанын айтады. Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіріс критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Бұл рәсім барлық кредитор алдындағы 1 600 АЕК-тен астам борыш бойынша жүзеге асырылады. Өтінішті борышкер азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотқа жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында береді. Процедура 6 айдан 12 айға дейін созылады. Сот Гейдар Әлиев 6 мекенжайында орналасқан.

«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болып табылса, онда кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, үшінші рәсім – сотта қарыздарды бөліп төлеу мүмкіндігін көздейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсімнің артықшылығы – адам «банкрот» мәртебесін ала алмайды. Сондықтан оған банкрот үшін қарастырылған салдарлар қолданылмайды.

Соңғы жаңалықтар