48 жастағы өзбек гимнасшысы тоғызыншы рет Олимпиада жолдамасына таласады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбек гимнастшысы Оксана Чусовитина тоғызыншы рет Олимпиада ойындарына қатысу үшін жолдамаға таласады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар жазды.

Тоғызыншы Олимпиадаасына баруға мүмкіндігі бар
Фото: olympic.uz

Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) ақпараты бойынша, Оксана Чусовитина спорттық гимнастикадан ұлттық құрама сапында 15-18 ақпан аралығында Каирде өтетін әлем кубогының бірінші кезеңіне аттанды. 

«Осылайша, О.Чусовитина өзінің спорттық мансабында тоғызыншы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін жолдама үшін күреседі», - деп мәлім етті ҰОК.

Комитет дерегіне сай, әлем кубогының барлық төрт кезеңіндегі жаттығулар бойынша үздік шыққан 2 гимнаст Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алады.

Айта кетейік, биыл маусымда 49 жасқа толатын Оксана Чусовитина 8 рет Олимпиада ойындарына қатысып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол 1992 жылы Барселонада өткен Олимпиаданың командалық көпсайысында алтын, 2008 жылы Бейжіңде күміс медаль еншілеген. Сондай-ақ аталған спортшы әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы болған.

Токио Олимпиадасынан кейін Оксана Чусовитина спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеген еді. Алайда, кейін спортқа қайта оралды. Егер ол Франциядағы төртжылдықтың басты бәсекесіне жолдама ұтып алса, онда Чусовитина өзінің рекордын жаңартады.