485 млрд теңге бюджет қаражаты игерілмей қалған

«Мемлекеттік бюджеттің шығысы 96,2 пайызға, республикалық бюджеттің шығысы – 96,3 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығысы 97,9 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 12,9 трлн теңге сомасына шығыс жүргізілді», - деді Е. Жамаубаев.
Оның айтуынша, атқарылмаған бюджет қаражаты 494 млрд теңгені құрады, оның ішінде
9 млрд теңге үнемдеу есебінен болды. Ал игерілмегені – 485 млрд теңге.
«Ең көп игерілмеу сомасы Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ішкi iстер, Мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты. Игерілмеудің негізгі себептеріне тоқталсақ, министрліктердің қайта құрылуы, орындалған жұмыстар актілерін, шот– фактураларды уақтылы ұсынбау, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы және басқа да факторлар әсер етті», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, жергілікті бюджеттердің шығысы 7,2 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 155 млрд теңге.
«Биыл өңірлерге 3,4 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазандағы жағдай бойынша 2,1 трлн теңге бөлінген», - деді ведомство басшысы.
Жалпы, 39 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты: Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстары, Астана қаласы.
«Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Биыл 9 айда мемлекеттік бюджетке 11 трлн 177 млрд теңге сомасында кіріс түсті.
Фото:placpigal.pl