05:44, 22 Қараша 2015 | GMT +5
488 кг қымбат бағалы балықты пойызбен заңсыз тасымалдаған - Атырау облысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының «Атырау» шекара отрядының шекарашылары 20 қарашада «Саратов-Ташкент» бағыты бойынша жүріп бара жатқан №334 пойызды тексеру кезінде вагон ресторанының тоңазытқыш бөлігіндегі ауыз су ыдысының астына жасырылған жалпы салмағы 488 кг (331 кг сазан, 157 кг жайын) балығын тауып алды.

Табылған тауардың жай-жапсарын вагон директорынан сұрастырмақшы болған шекарашылар мен Мемлекеттік кіріс департментінің қызметкерлері «жер сипап» қалды. Директор, Махмуджан деген Өзбекстан азаматы вагондардың бірінде тығылып қалыпты. Пойызды Атырау станциясында бұдан әрі ұстап тұруға болмайды, амалсыз жіберуге тура келді. Тек Бейнеу станциясына жеткенде ғана пойыздың бригадиры мен вагон директорын шекарашылар ұстап, кеден қызметкерлерінің қолына тапсырды, деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.