5 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 5 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Тұлғалар туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

68 жыл бұрын (1957) «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директоры, «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бейбіт Баймағамбетұлы МАМРАЕВ дүниеге келді.

Бейбіт Баймағамбетұлы МАМРАЕВ
Фото: asu.edu.kz

Қарағанды облысында туған. Қарағанды Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1973 жылы жұмысшы болып бастаған. 1980 жылы Қарағандыдағы Центросоюз кооперативтік институтына оқытушы ретінде шақырылған. 1986 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын мезгілінен бұрын аяқтап, кандидаттық диссертациясын қорғады. Қарағанды мемлекеттік университетіне доцент болып қызмет етті.

1989 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының ғылыми-зерттеу жұмыстарына ауысты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында басшылық қызметтер атқарды.

1998 жылы филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу диссертациясын қорғады. 2000 жылы профессор ғылыми атағы берілді. Академик Зейнолла Қабдоловтың шақыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің әдебиет кафедрасының профессоры қызметін атқарды.

2000-2004 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінде білім және ғылым секторын, кейін Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік саясат секторын басқарды. Ғылым, білім, мәдениет («Мәдени мұра») спорт және туризм денсаулық сақтау, тұрғын үй құрылысын дамыту салаларындағы мемлекеттік бағарламаларды әзірлеуге белсенді атсалысты.

2004 жылы дипломатиялық қызметке жіберілді. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде Кеңесші-Елші болды. Бұл қызметі кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ҚР-дің РФ-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қ.Е.Көшербаевтың жетекшілігімен маңызды гуманитарлық-мәдени жобалар жүзеге асырылды – Москва қаласында қазақтың ұлы ақыны Аай Құнанбайұлы мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға, Волоколамскіде Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы мен И.В.Панфиловқа ескерткіш орнатылды. Москвадағы Қазақстан Елшілігінде Абай институты ашылды.

2006-2008 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы лауазымында республика өңірлерінің экономикалық саясаты мен дамуын жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс істеді. 2008-2012 жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, 2012-2016 жылдары «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің» ректоры болды.

2014 жылы АҚШ-та Калифорниялық Беркли университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. 2016-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы болды. «Құрмет» (2011) орденімен және бірнеше медальмен марапатталған.

60 жыл бұрын (1965) Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің үйлестіру қызметі төрағасының орынбасары Наиль Файызрахманұлы АЛДАЕВ дүниеге келді.

Наиль Файызрахманұлы АЛДАЕВ
Фото: skpw.ru

Алматы облысында туған. 1987 жылы Ф.Э.Дзержинский атындағы КСРО МҚК Жоғары шекара командалық училищесін, 2002 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясын, 2018 жылы «Беларусь Республикасының Әскери академиясы» білім беру мекемесінің Қарулы Күштер Бас штабының факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2015-2018 жылдары – ҚР ҰҚК-де шекара заставасының бастығы, шекара комендатурасының коменданты, жасақ бастығы, шекара қызметі бастығының орынбасары, өңірлік басқарма бастығы, директор орынбасары.

Қазіргі қызметін 2019 жылдан бастап атқарып келеді. КСРО, Ресей Федерациясы, Қазақстан Республикасы үкіметтік мен ведомстволық наградаларымен марапатталған.

56 жыл бұрын (1969) жазушы, мәдениеттанушы, журналист Дидар АМАНТАЙ дүниеге келді.

Дидар АМАНТАЙ
Фото: qyzylqoga.kz

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында туған. 1986 жылы Қазақ политехникалық институтына түседі. 1989-1994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетін үздік бітірген. 1994-1997 жылдары Театр және кино институтын кинодраматург мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады.

1987-1989 жылдары «Жас алаш», «Заман Қазақстан» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1997-2002 жылдары – «Хабар» агенттігінде бағдарлама редакторы, «Майдан» ток-шоу редакторлар бөлімінің жетекшісі, «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі, 2002-2004 жылдары «Зерде» жобалау тобының жетекшісі болған. 2004 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы, 2005-2006 жылдары «Ел мен жер» және «Азамат кz» газетінің директоры, 2004-2008 жылдары «Начнем с понедельника» газетінің бас директоры және бас редакторы, 2008 жылы іскерлік «Азамат» газетінің директоры қызметін атқарды. 2006-2008 жылдары «31 арнаның» «Абайтану» және «Замандастар» телевизиялық бағдарламаларының авторы және жүргізушісі, 2009-2016 жылдары Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық кинокомпаниясының бас редакторы қызметінде. 2016 жылдан – «Қазақстан-Семей» РТРК АҚ филиалының директоры.

Алғашқы кітабы 1996 жылы «Постскриптум» деген атпен жарық көрді. Кейіннен «Қастерле мені» (2000), «Гүл мен кітап» (2003), «Күзгі рандеву» (2005) кітаптарымен қатар «Нұрғиса Тілендиев», «Әлжаппар Әбішев» деректі фильмдерінің, «ФЭФ» көркем фильмдерінің сценарийін жазған.

«Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының (1999), Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2007).

44 жыл бұрын (1981) Атырау облысы Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Қадыржанұлы АЗМҰХАНОВ дүниеге келді.

Қанат Қадыржанұлы АЗМҰХАНОВ
Фото: Gov.kz

Атырау қаласында туған. Орталық Азия университетін заңгер мамандығы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. Ресей Федерациясының Астрахань мемлекеттік университетінде магистратурада оқыды, заң ғылымдарының магистрі. Чехияның Прага қаласындағы Central Bohemia Institute of Applied Science and Management оқу орнында білім алды, іскерлік әкімшілендіру докторы.

Еңбек жолы: 2010-2012 жылдары «Жүзе» ЖШС заң кеңесшісінің көмекшісі, заңгер; «CaspianProjectServices» ЖШС директорының орынбасары, директоры, «RegionTransCom» ЖШС бас директоры; «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің консультанты, ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 2012-2013 жылдары «ҚазТрансОйл-Логистик» ЖШС директоры, 2013-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2016-2018 жылдары Атырау қаласы мәслихатының хатшысы, 2018-2020 жылдары «Region Trans Com» ЖШС кадрлар жөніндегі директоры, 2020 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры болып жұмыс атқарды. 2020-2022 жылдары Атырау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы қызметінде болды.

Соңғы жаңалықтар