5 қаңтар. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 5 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

68 жыл бұрын (1958) «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» ЖШС Бас директоры Жандарбек Мұхтарұлы БЕКШИН дүниеге келді.

Жандарбек Мұхтарұлы БЕКШИН
Фото: primeminister.kz

Қостанай облысында туған. 1982 жылы Свердлов мемлекеттік медицина институтын тәмамдаған. Білімі бойынша — дәрігер-гигиенашы, эпидемиолог. Медицина ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1975 жылы бастаған. Мемлекеттік органдарда түрлі қызметтерде, оның ішінде 2009 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет еткен. 2014-2017 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары — ҚР бас санитариялық дәрігері қызметін атқарған. 2017-2019 жылдары ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы болды. 2019-2020 жылдары ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары, ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігер қызметін атқарды. 2020 жылы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары — ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің орынбасары, 2020-2022 жылдары Алматы қаласының бас санитар дәрігері болды. 2022-2023 жылдары «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директорының биологиялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 5 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «5 жыл Астана», «10 жыл Астана» медальдарімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1963) Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры — Басқарма төрағасы Асқар Мырзахметұлы НӘМЕТОВ дүниеге келді.

Асқар Мырзахметұлы НӘМЕТОВ
Фото: wkau.kz

К. И. Скрябин атындағы Мәскеу ветеринарлық академиясын бітірген.

Алматы зооветеринарлық институтының анатомия кафедрасының ассистенті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің факультет деканының орынбасары, оқу-ғылыми-өндірістік кешеннің оқу-әдістемелік комиссиясының төрағасы, оқу бөлімінің бастығы және оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректоры, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры қызметтерін атқарған. Бұған дейін «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басшысы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметін 2017 жылдың қараша айынан бері атқарып келеді.

Мемлекеттік наградалармен марапатталған.

ҚР АШМ Ветеринария департаментімен бекітілген әдістемелік ұсыныстар мен 120-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. Өндіріс пен ғылыми зертханаларда қолданылып жүрген 10 өнертабыстың патент иесі.

58 жыл бұрын (1968) «Resmi» компаниялар тобы» ЖШС президенті Қайрат Қуанышбайұлы МӘЖІБАЕВ дүниеге келді.

Қайрат Қуанышбайұлы МӘЖІБАЕВ
Фото: eldala.kz

Алматы қаласында туған. 1991 жылы Алматы медицина институтының педиатрия факультетін және клиникалық ординатураны бітірген, медицина ғылымдарының кандидаты. 2004 жылы Гарвард бизнес мектебінде 3 жылдық «Owner/President Management» бағдарламасын аяқтаған.

Еңбек жолы: 1994-2008 жылдары «Resmi» компаниялар тобының Бақылау кеңесінің төрағасы және президенті қызметтерін атқарды. 2004 жылдан бастап — «Resmi» Инвестициялық Қаржы Үйі» АҚ және «RG Brands» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды.

Әр жылдары «БТА» АҚ, «Династия» өмірді сақтандыру компаниясы, «KBS GARANT», «БТА Сақтандыру», «Құрмет» ЖЗҚ, «Premier Asset Management» ЖБК, «Республика» ЖЗҚ, Ұлттық инновациялық қор кеңесінің мүшесі болды. 2009-2010 жылдары –“Қазтелерадио» АҚ Директорлар кеңесінің мүшелігінде болды. Kazakhstan Growth Fund компаниясының Директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2009-2012 жылдары Kazakhstan Growth Fund тәуелсіз директоры лауазымын атқарған. 2013 жылы «Innova Investment» ЖШС және «Resmi Тікелей инвестициялар» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 2013-2021 жылдары «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ тәуелсіз директоры болып қызмет атқарды.

2006 жылдан бастап ҚР Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер кеңесі, Қазақстан тәуелсіз директорлар қауымдастығы-бақылау кеңесінің мүшесі болды. 2008 жылдан бері Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің мүшелігіне кіреді. 2010 жылы Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу жөніндегі үйлестіру кеңес мүшесі ретінде тіркелді. 2013 жылы «Бәйтерек» ҰБХ «АҚ-ның „ИИДМБ екінші бесжылдығын қаржыландыру моделін жетілдіру“ жобасын әзірлеу жөніндегі комитетті басқарды. 2013 жылдан бастап — Ирландияның Қазақстандағы Құрметті консулы. 2013 жылдан бастап „Атамекен“ Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы — төралқа мүшесі, сауда комитетінің төрағасы, Қаржы секторы комитетінің мүшесі қызметтерін атқарады. Respublika Foundation қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі, IQanat білім беру жобасының қатысушысы.

48 жыл бұрын (1978) Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Бақыткерімұлы МӘДІҒҰЛОВ дүниеге келді.

 Мұрат Бақыткерімұлы МӘДІҒҰЛОВ
Фото: Gov.kz

2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін мал шаруашылығы менеджері мамандығы бойынша, 2006 жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінесеп және аудит мамандығы бойынша, 2017 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін құқық магистрі мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2000 жылы «Руби-Роз Агрикол» ЖШС филиалының зоотехнигі болып бастаған. 2015-2017 жылдары Алматы облысы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, 2017-2019 жылдары Еңбек инспекциясы басқармасы басшының орынбасары, 2019-2020 жылдары Алматы облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2020-2021 жылдары Іле ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2021-2023 жылдары Іле ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

2023 жылғы қыркүйектен бастап Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы.

110 жыл бұрын (1916-2001) ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлы МҰХАМЕДХАНОВ дүниеге келген.

Қайым Мұхамедханұлы МҰХАМЕДХАНОВ
Фото: abaialemi.kz

Семей қаласында туған. Семей педагогика институтының филология факультетін 1941 жылы бітірген. Содан көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған (1951). Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылдан ды. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы.

Қазақ КСР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік силығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырды. «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді. «Толқын», «Майданнан майданға», «Ер Білісбай» пьесаларының авторы. Әзербайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мол алан», татар жазушысы Ш. Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» пьесаларын қазақшалаған. Шығармалары: Абай шығармашылықтың текстологиясы. А., «Қазақстан», 1959; Комиссар Ғаббасов. Пьесалар. А., «Өнер», 1984.

1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі. Семей қаласының құрметті азаматы. Абайдың дүниежүзілік академиясының алтын медалімен марапатталған.

91 жыл бұрын (1935-2011) қазақтың тамаша ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Республикалық «Тарлан», Халықаралық «Азияс» (монғолшадан аударғанда «талант») сыйлықтарының иегері Қадыр Ғинаятұлы МЫРЗА ӘЛІ дүниеге келген.

Қадыр Ғинаятұлы МЫРЗА ӘЛІ
Фото: qazaqstan.tv

Орал облысының Жымпиты кентінде туған. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған.

Еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған балалар журналы «Балдырғаннан» бастаған. 1962-1965 жылдары «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған. 1993 жылдан «Балауса» баспасының директоры болды.

Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде 40-тан астам жыр жинақтары мен әдеби-сын, ән өлеңдері мен прозалық кітаптары: «Көктем» (1959), «Данышпан» (1961), «Сабақ», «Ой орманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Бұлбұл бағы» (1967), «Ақ отау» (1968), «Күміс қоңырау», (1970), «Домбыра» (екі кітап, 1971 және 1974), «Кеш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Алақан» (1981), «Саз сиқыры» (1982), «Күндер-ай» (1984), сондай-ақ тоқсаныншы жылдары таңдамалы шығармаларының бес томдығы, ал 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан 15 томдығы шыққан. Бірнеше пьесасы сахнада қойылған. Екі жүзге жуық ән мәтіндерін жазып, «Күндер-ай» (1984) деген атпен жеке жинақ болып шықты. Көптеген өлеңдері оқулықтарға енген. Балаларға арналған өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, мысалдармен қазақ балалар әдебиетін дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олар: «Жаңғалақтар» (1960), «Данышпан» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964).

Өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин т. б. көптеген шетел тілдеріне аударылған. Ол Овийдің, Румидің, Гейненің, Гюгоның, Лермонтовтың, Есениннің, Расул Ғамзатовтың, Межелайтистің, Петифидің т. б. жырларын қазақ тіліне аударған. «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнәмә» (2001), «Жазмыш» (2001), «Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004), т. б. көптеген кітаптардың авторы.

Орыс тілінде «Ұйқысыз түндер», «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары», «Сабақ», «Алақан», «Домбыра», өзбек тілінде «Алақан», әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы», монғол тілінде «Шымыр жаңғақ» сияқты кітаптары басылды.

1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Әнұраны жаңа мәтіні авторларының бірі. 2001 жылы тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. «Парасат» орденінің иегері (2005).

82 жыл бұрын (1944-1993) жазушы Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ дүниеге келген.

 Жақсылық ТҮМЕНБАЕВ
Фото: Wikipedia

Қызылорда облысының Арал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1968-1975 жылдары Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің қызметкері болған. 1975 жылдан Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы ҚАЗТАГ ақпарат агенттігінде бас редактордың орынбасары, республикалық «Денсаулық» журналының бас редакторы қызметтерін атқарған.

Алғашқы шығармалары 1968 жылдан республикалық, облыстық баспасөзде, «Жалын» альманахында жариялана бастады. Оның «Қардағы іздер», «Қимас қазына», «Мен сүйген қыз», «Тас бөгет», «Махаббат қорығы», «Ақырғы демім біткенше» атты повестері мен әңгімелері жарық көрген. Көркем аударма саласында А.Лихановтың «Шырғалаң» романын, басқа да авторлардың повесть, әңгімелерін тәржімалаған. Туған жерінде мектепке, көшеге Түменбаевтың есімі берілген.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

78 жыл бұрын (1948-2018) Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының, Баубек Бұл­қышев атындағы сыйлық­тың лауреаты Ержұман Өтешұлы СМАЙЫЛ дүниеге келді.

Ержұман Өтешұлы СМАЙЫЛ
Фото: Wikipedia

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі болып бастаған. 1979-1987 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті редактордың орынбасары, 1987-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орын­басары, бас редакторының бірінші орынбасары, бас редакторы, 2003-2010 жылдары «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» ашық акционерлік қоғамының пре­зиденті, вице-президенті қызметін атқарған.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар