5 қараша. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 5 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
74 жыл бұрын (1951) Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-ның экс-президенті, «ҚР атом саласының еңбек сіңірген қызметкері», техника ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі Әділ Жианшахұлы ТӨЛЕУШЕВ дүниеге келді.
«Нанотехнология саласында ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен өнеркәсіптік қолдануға арналған ДЦ-60 Циклотрондық кешені» жұмысы үшін Біріккен ядролық зерттеулер институты халықаралық үкіметаралық ұйымының (Дубна қ., РФ) бірінші сыйлығының лауреаты, «ҚР Ұлттық ядролық орталығының Ядролық физика институтының жетілдірілген тәжірибелік ядролық-физикалық қондырғылары базасында ядролық және радиациялық физика саласындағы іргелі зерттеулер және олардың негізінде ядролық және радиациялық технологияларды құру» тақырыбындағы жұмыстары үшін ҚР Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Ә. Төлеушевтің басшылығымен радиациялық қауіпті объектілер мен аумақтардың, сондай-ақ бейбіт ядролық жарылыстар мен тарихи ластанулар өткізілетін орындардың қоршаған ортаға әсер етуінен тәуекелді төмендетудің тиімді технологиялары әзірленіп, сынақтан өтті.
140-тан астам ғылыми жұмыстардың, оның ішінде 12 авторлық куәліктің, ҚР 42 патентінің, РФ 33 патентінің, 22 мақаланың және 39 баяндаманың авторы.
65 жыл бұрын (1960) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Сағындық Есенғалиұлы ЛҰҚПАНОВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. 1983 жылы Гурьев темір жол техникумын, техник-электрик, 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Алматы нарық институтын, экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1983-1989 жылдары Маңғышлақ сигнал беру және байланыс дистанциясының электр монтері; электромеханик, аға инженер, СОБ өндірістік учаскесінің басшысы, осы СОБ қашықтығының Маңғышлақ сигнал беру және байланыс дистанциясының басшысының орынбасары, 1991-1999 жылдары Гурьев сигнал беру және байланыс дистанциясының басшысы, 1999-2002 жылдары Ақжайық сигнал беру және байланыстың бас дистанциясының директоры, 2002-2007 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалының директоры, 2007 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының бас инженері, 2007-2010 жылдары «Атырау облысы «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдігінің директоры болып қызмет атқарған. 2010 жылы «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ өкілдігі төрағасының орынбасары, 2010-2012 жылдары «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, 2012-2017 жылдары Атырау облыстық мәслихатының V және VI шақырылымдарының хатшысы, 2017-2018 жылдары Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары, 2018-2020 жылдары «KPI Inc» ЖШС басқарушы директоры болды.
2020 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталған.
61 жыл бұрын (1964) Қазақстан кинематографшылар одағының мүшесі, Қазақстанның халық әртісі, актриса Гүлнар Абдуллақызы ДОСМАТОВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
1985 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының актрисасы. Кинодағы алғашқы елеулі рөлі – «Даладағы қуғын» фильміндегі Әйгерім. 20-дан астам фильмге түскен. Оның ішінде «Жеңімпаз», «Мерекенің үш күні», «Кардиограмма», «Адам тағдыры», отандық телесериал «Тоғысқан тағдырлар» және басқалар бар.
«Адам тағдыры» фильміндегі рөлі үшін 1985 жылы Минскіде (Беларусь) өткен Бүкілодақтық кинофестивальда «Ең үздік әйел бейнесі» жүлдесін иеленген.
2000 жылы «Жыл таңдауы» байқауында «Жылдың үздік актрисасы» атанды.
53 жыл бұрын (1972) «ҚазАгрЭкс» АҚ басқарма төрағасы Болат Серікұлы ЖҰМАБЕКОВ дүниеге келді.

Ақмола облысының Куйбышев ауылында дүниеге келген. Ақмола ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша бітірген (1995), М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін заң бакалавры мамандығы бойынша бітірген (2006).
Еңбек жолы: «К.С.Жұмабеков» шаруа қожалығында агроном (1995-1997); Тимирязев ауданы әкімі аппаратында бас жер өлшеуші (1997-1998); Тимирязев аудандық жер ресурстарын басқару комитетінің бас маманы (1998-1999); Жер ресурстары жөніндегі мемлекеттік ғылыми-практикалық орталығының жер-кадастр бюросының басшысы (1999); Тимирязев ауданы бойынша ауыл шаруашылығы департаментінің бас жер өлшеушісі (1999); Тимирязев ауданының жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы (1999-2005); Тимирязев ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы (2005-2007); Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімі (2007-2009); Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы (2009-2011); Қазақстан Республикасы Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2011-2012); Петропавл қаласының әкімі (2012-2013); JELS-ASTANA ЖШС коммерциялық директоры (2014); Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының әкімі (2014 – 2018); Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі (2018-2019); Петропавл қаласының әкімі (2019-2022).
Қазіргі қызметін 2024 жылдың ақпанынан бері атқарып келеді.
51 жыл бұрын (1974) ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәуле Ордабайқызы НҰРҒОЖИНА дүниеге келді.

Ақмола облысында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін; ҚР Қаржы полициясы академиясын; ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген, Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі.
Еңбек жолы: бухгалтер (1991); «Горкоммунхоз» мемлекеттік кәсіпорнының аумақтық комитетінің төрағасы (2000); Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің жетекші маманы, бас маманы; Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің меңгерушісі (2003-2005); Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала және кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі (2005-2012); Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппарат басшысы (2012); Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары (2012-2015); Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары (2015-2019); Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы (2019).
«Қазақстан Республикасының 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған (2011).
47 жыл бұрын (1978) Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Руслан Айтыкенұлы КЕНЖЕБЕКОВ дүниеге келді.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген (1999); Қарағанды «Болашақ» университетін бітірген, экономика және бизнес бакалавры; ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Әділет академиясын бітірген (2017), құқық магистрі.
Еңбек жолы: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің қылмыстық құқық және іс жүргізу кафедрасының оқытушысы (2000); Қарағанды облысы Абай аудандық білім беру бөлімінің мектеп әдіскері (2002); Қарағанды облысы Абай ауданы әкімі аппаратының бас спорт маманы (2002-2004); Қарағанды қаласы, Қарағанды облыстық туризм және спорт комитетінің Балалар мен жасөспірімдер спорттық жекпе-жек өнері мектебінің самбо жаттықтырушысы және мұғалімі (2004-2005); Теміртау қаласы Әділет департаментінің ұйымдастырушылық, бақылау және кадр жұмысы бөлімінің нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімінің жетекші маманы (2005-2007); Қарағанды облысы Әділет департаментінің Теміртау қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары (2007-2008); Қарағанды облысы Әділет департаментінің ұйымдастырушылық, бақылау және кадр жұмысы бөлімінің басшысы (2008-2009); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Сот әкімшілігі комитетінің ішкі әкімшілік бөлімінің бас сарапшысы (2009); Балқаш қаласы, «Орион-04» ЖШС директорының орынбасары (2009); Қарағанды облысы Ұлытау аудандық №2 сотының кеңсе меңгерушісі (2009-2010); ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Қорғаныс және құқық қорғау бөлімінің бас консультанты (2010-2012); Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясы бастығының орынбасары (2012-2013); ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясының бастығы (2013-2014); ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Қарағанды облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бастығының орынбасары (2014-2018); ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бастығы, Талдықорған (2018-2019); ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Адами ресурстар департаментінің директоры (2019); ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қарағанды облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы (2019-2021); Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі (2022); ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің консультанты (2022-2023); Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының әкімі (2023-2024); ҚР Үкіметі Аппаратының Өңірлік даму және бақылау департаментінің аймақтық инспекторы (2024); «ORKENDEU» бизнес және инфрақұрылымды дамыту» заңды тұлғалар бірлестігінің монополияға қарсы саясат комитетінің төрағасы (2024-2025).
2025 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
38 жыл бұрын (1987) ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Рахымжан Ержанұлы ИСАҚҰЛОВ дүниеге келген.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондонның Роял Холловей университетін «экономика және менеджмент бакалавры» мамандығы бойынша, Жас көшбасшылар бағдарламасы аясында Жапония үкіметінің грантымен Ұлттық аспиранттық саяси зерттеулер институтын мемлекеттік басқару магистрі мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын ҚР Президенті әкімшілігінде түрлі лауазымдарды атқарып бастады. ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы болды.
2018-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, 2020 жылы ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрінің кеңесшісі, 2020-2022 жылдары Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы, 2022-2023 жылдары ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінде Аппарат басшысы қызметін атқарды.
2024 жылдың қараша айынан бастап қазіргі қызметінде.
29 жыл бұрын (1996) қазақ волейболшысы, волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сабина Абайқызы АЛТЫНБЕКОВА дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген.
Сабина мектеп қабырғасынан бастап волейбол ойнай бастаған. Қалалық, облыстық байқауларға қатысты. Оның әуесқойлық мансабы 2008 жылдан бастау алады. Алғаш жергілікті «Қазхром» волейбол клубының құрамында ойнады. 2013-2014 жылғы волейбол маусымында командасына елдің жоғары волейбол лигасының күміс жүлдесін жеңіп алуға көмектесті. Бойжеткен 17 жасында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасына қабылданды. 2012 жылы Қазақстан жастар құрамасын басқарды (Азия чемпионатында 7 орын). 2014 жылы 23 жасқа дейінгі құраманың капитаны (Азия чемпионатында 6 орын), 2015 жылы «Жапон әйелдер лигасының үздік ойыншысы» атағын алды. Волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында азиялық жанкүйерлердің көзіне түсіп, онда көпшілік жас сұлуды жапондық аниме кейіпкеріне ұқсатты. 2016-2019 жылдары Алматы қаласының ұлттық әйелдер лигасының құрамында болып, 2019 жылы араб әйелдер волейбол лигасында өнер көрсетті.