5 қараша. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 5 қарашаға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда Сыртқы барлау қызметі күні

1993 жылғы 15 қазанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен Қорғаныс министрлігінің барлау бөлімшелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы барлау органдарының тарихы осы күннен басталады. Дегенмен, Қазақстанның қазіргі сыртқы барлау қызметі құрылған күн 5 қараша саналады. Өйткені, 1997 жылғы 5 қарашада ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес «Барлау» қызметі құрылды. Бүгінгі таңда ол – ҚР «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі.

Дүниежүзілік Цунами мәселесі туралы ақпарат тарату күні

2015 жылдың желтоқсанында Жапония өкілдерінің бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының (A/RES/70/203) резолюциясымен бекітілді. Бұл таңдау 1854 жылдың 5 қарашасында өз ауылының тұрғындарын құтқару үшін меншігін құрбан еткен шаруа туралы «Инамура-ну-хи» әңгімесімен байланысты. Ол ауыл тұрғындарына қауіп туралы ескерту үшін өз егісін жаққан. Соның арқасында тұрғындар аман қалған. Ол цунамиден кейін ауылды қалпына келтіруде белсенділік танытқан.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1948 жылы Қазақстанның солтүстігінде машина жасау кәсіпорнының құрылысы туралы шешім қабылданды. 1960 жылдың қыркүйегінде алғашқы өндірістік корпус пайдалануға берілді. Онда АПП-125 астық тиегіштерінің алғашқы зауыттық өнімі дайындалды. Астық тиегіштер 1961 жылдың 30 наурызында дайындалды. Петропавл күрделі машина жасау зауытының қызметі басталды.

1993 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Посткеңестік мемлекеттер тарихында тұңғыш рет Қазақстанның дарынды жастарына толығымен мемлекет есебінен шетелде білім алу мүмкіндігі берілді.

1999 жылы Көкшетау қаласында Абылай хан ескерткіші орнатылды.

2004 жылы Қызылорда көшелерінің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді. Ол өткен ғасырдың 30-жылдары қала басшысының қызметін атқарған. Маңайдағы ауылдардың біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандарға бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Сағымбай Рысбаев Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған.

2009 жылы Қазақстанда биометриялық төлқұжаттар беріле бастады. Жаңа төлқұжаттың соңғы парақшасында электронды чип бар. Онда тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні мен жері, азаматтығы, төлқұжат нөмірі, құжаттың берілген күні және жарамдылық уақыты, жеке идентификациялық нөмір, фото мен құжат иесінің қолтаңбасы бар. Электрондық биометриялық құжат Қазақстаннан өзге әлемнің 17 елінде бар.

2013 жылы «Аstana Рiano Рassion» жас пианистер байқауының финалисі Санжарәлі Көпбаев еліміздің әлеуетті көшбасшылары – зияткерлік, жалпы білім беру, ғылыми, музыкалық, спорттық жарыстардағы республикалық және халықаралық маңызы бар олимпиадалардың жеңімпаздары тіркелетін «Ұлт болашағы» Қазақстанның VIP-листингіне енді. Санжарәлі Көпбаев – Қазақстанның «Astana Piano Passion» Бірінші Халықаралық жас пианистер байқауының жалғыз финалисі. Тоғыз жасында қазылар алқасы мен байқау қонақтарын жанды ойынымен және риясыздығымен баурап алды.

2013 жылы ҚР Ұлттық банкі «Қазақстанның қалалары» сериясының «Қостанай», «Талдықорған», «Тараз» ескерткіш монеталарын айналымға шығарды. Номиналы – 50 теңге. Монеталар нейзильбер қоспасынан соғылған, диаметрі – 23 мм, массасы – 4,71 грамм, әр монетаның таралымы – 50 мың дана.

2014 жылы Алматыда Қазақстанның халық жазушысы, 40-тан астам кітаптың авторы, қазақ әдебиетінің классигі Әзілхан Нұршайықовтың Құрманғазы көшесіндегі 27 жыл тұрған үйіне жазушының ескерткіш тақтасы орнатылды.

2016 жылы әлемге әйгілі корей пианисі Пэк Кон У Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетті. 70 жастағы солист дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен Astana Opera Ұлттық опера және балет театрының сахнасында осы театрдың симфониялық оркестрімен концерт берді. Бағдарламада Людвиг ван Бетховен мен Сергей Рахманиновтың шығармалары орындалды.

2018 жылы Astana Hub ІТ стартаптар халықаралық технопаркі іске қосылды. Бұл Қазақстан Республикасының технологиялық даму тарихының жаңа беті болды.

2019 жылы Алматыда қазақтың ұлы жазушысы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған спектакль өтті. Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актерлері көрерменге белгілі жазушының балалық шағы, жастық шағы мен өмірінің соңғы жылдарын көрсете білді. Жазушының басты рөлін Нұрлан Байшин сомдады. Спектакль Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылды. Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Сейтжанова актерлерге қойылым үшін, ал көрерменге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

2020 жылы қазақстандық мектеп оқушылары әлемнің 18 елінен 154 оқушы қатысқан 37-ші Балқан математикалық олимпиадасында алты медаль жеңіп алды. Ұйымдастырушы ел Румыния болды.

2021 жылы Қазақстан Бішкек қаласында өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» халықаралық бірінші экономикалық форумына қатысты. Форум қатысушыларға тараптардың табысы мен игілігі үшін тұрақты экономикалық даму саласындағы Орталық Азияның басым қажеттіліктерін талқылауға мүмкіндік береді.

2021 жылы Шанхайда ашылған IV Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінде (China International Import Expo) Қазақстанның ұлттық экспозициясы ұсынылды. Экспозиция аясында ұн, ет консервілері, сүт өнімдері, өсімдік майлары, кондитерлік өнімдер мен бал, сусындар және тағы басқа санаттар бойынша отандық тамақ өнеркәсібі компанияларының өнімдері ұсынылды.

2023 жылы Ақтөбе облысында үш ауданның әкімін сайлау бойынша дауыс беру өтті. Жалпы саны 28 357 сайлаушы бар Қобда, Ойыл және Ырғыз аудандарында сайлау учаскелері ашылды. Ең көп сайлаушы, яғни 10 564 адам Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері Қобда ауданында тұрады.

Соңғы жаңалықтар