5 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, яғни 5 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

70 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Баймұхамедұлы ҚАНАҒАТОВ дүниеге келді.

ҚХР-дың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын және 2006 жылы «Қайнар» университетінің экономика факультетін тәмамдаған. Педагогика ғылымының кандидаты. Еңбек жолын 1977 жылы орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі болып бастады. 1979-1994 жылдар аралығында «Қайрат» спорттық-дене шынықтыру республикалық қоғамының орталық кеңесінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығы, орталық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.1994-2006 жылдар аралығында жұмысын мемлекеттік қызметте жалғастырды. 1995-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Жастар, туризм және спорт министрлігінің дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігінің Туризм және спорт комитетінде бас маманы, бөлім бастығы, ҚР Туризм және спорт агенттігінің басқарма бастығы болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары аралығында — ҚР Туризм және спорт агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. 2006 жылдан бастап 2010 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерві» Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. 2010 жылғы наурыз айынан бастап 2011 жылдың желтоқсан айына дейін — ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары. 2011 жылғы желтоқсан айында ҚР Туризм және спорт вице-министрі лауазымына тағайындалды. 2012 жылғы ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары. 2014 жылдың тамыз айынан бастап ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы. 2014-2018 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы болды.
2023 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.
53 жыл бұрын (1972) «BI — Holding» ЖШС директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әбдірашитұлы ИСАБАЕВ дүниеге келді.

Целиноград қаласында (Астана) дүниеге келген. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, инженер-механик (1995); ҚР Қаржы полициясы академиясын, заңгер (2002); Халықаралық бизнес академиясын, іскерлік әкімшілендіру магистрі болып бітірген.
Еңбек жолы: «АзТЭК» ЖШС директорының орынбасары (1995-1998); «АБК-Жемчужина» ЖШС директоры (1998-2003); «АБК-Құрылыс» ЖШС құрылыс корпорациясының басшысы (2003-2007); «Bild Investments Group» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары (2007-2010); «BI-Holding» ЖШС Байқау кеңесінің мүшесі (2010-2014); «BI Group Construction» холдингінің Басқарма төрағасы (2014-2015); BI Construction, BI Road Construction компаниясының Байқау кеңесінің төрағасы, «BI-Holding» ЖШС Директорлар кеңесінің мүшесі (2015 жылдан).
50 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қолдау вице-министрі Асқар Сақтағанұлы БИАХМЕТОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «қаржы және несие» мамандығы бойынша, Қазақ заң академиясын «құқықтану» мамандығы бойынша, Duke (АҚШ) университетін «саясаттану» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: 1993–2004 жылдары облыстық қаржы басқармасында, «Профилакторий» ПК-да, Ақтөбе қаласының Салық комитетінде, қалалық әкімдікте, сондай-ақ Ақтөбе облысының қазынашылық және қаржы басқармаларында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2004–2009 жылдары Ақмола облысы бойынша Қазынашылық департаментінің бастығы. 2009–2014 жылдары ҚР Конституциялық Кеңесінің бөлім меңгерушісі. 2014–2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің директоры. 2015–2018 жылдары Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары. 2019–2020 жылдары ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі.
2024 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі қызметінде.
49 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Қуанышбек Өскенбайұлы ҰШТАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Алексеевка ауылында туған. Алматы жоғары әскери училищесін (1997), Ұлттық қорғаныс университетін (2009), Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын (2018) бітірген.
Еңбек жолы: взвод командирінен бастап әскерлер командирінің орынбасарына дейін әртүрлі лауазымдарда қызмет етті (1997-2016); Штаб бастығы — «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы (Семей) әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (2018-2022); «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы (2022-2023); Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы (2023-2024).
48 жыл бұрын (1977) Ұлытау облыстық полиция басқармасының бастығы Қайыркен Жетпісбайұлы ӘЛИЕВ дүниеге келді. Полиция генерал-майоры (2025).

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында туған. Қарағанды заң институтын бітірген; Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын бітірген.
Еңбек жолы: Қарағанды облысының ІІД бөлімшелерінде әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеген (2000); Қарағанды облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының Теміртау қаласы бойынша ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы (2009-2010); Теміртау қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары (2013-2014); Саранск қаласының полиция бөлімінің бастығы (2014-2018); Қарағанды облысының полиция департаменті бастығының орынбасары (2018-2022); Ұлытау облыстық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы (2022).
Қазіргі қызметін 2022 жылдың қазан айынан бастап атқарып келеді.
105 жыл бұрын (1920-1988) ақын Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Орал облысының Ақжайық ауданында туған. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1948-1952 жылдары — «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1952-1954 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1955-1956 жылдары — «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары. 1957-1963 жылдары — «Жұлдыз» журналының бас редакторы. 1963-1971 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1973-1983 жылдары — КСРО Жазушылар басқармасының хатшысы. 1979-1983 жылдары — Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1983-1988 жылдары — шығармашылық жұмыспен айналысты. Алғашқы өлеңі Орал облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылған. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдар ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Байқоңыр баспалдақтары», т. б. барлығы 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді. Жұбан Молдағалиевтің ең танымал шығармаларының бірі «Мен — қазақпын» поэмасы 1964 жылы жарық көрген. Өзі дүниеден өткеннен кейін шығармаларының екі томдығы шықты. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А.Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, моңғол, словак және басқа да тілдерге аударылған.
Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1985 жылы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.
101 жыл бұрын (1924-1988) белгілі сатирик, жазушы Шона СМАХАНҰЛЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ ұлттық педагогика университетін бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
1943-1957 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданында педагогикалық қызметте болған. 1957-1984 жылдары — «Мектеп» баспасының редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Ара» — «Шмель» журналының фельетонисі, «Жазушы» баспасының редакторы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағы «Тотияйын» 1959 жылы басылып шыққан. «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Шымшыма», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңыраулы шеңгел», «Кездік», «Сандықтан шыққан шайтан», «Жымияды жеңешем», «Жасырайын несіне», «Өткірдің жүзі» сатиралық өлеңдер жинағы, тарихи тақырыпқа жазылған «Үміт жұлдызы» повесі жарық көрген. Бірқатар ән мәтінінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітабы жарық көрген. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы мектепке Ш. Смаханұлының есімі берілген.