5 қыркүйек. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 5 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Қазақстан халқы тілдері күні
2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» Үкіметтің қаулысына сәйкес, Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланады. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. 5 қыркүйекке ауыстыру себебі – бұл күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Халықаралық қайырымдылық күні
1997 жылдың 5 қыркүйегінде ұзақмерзімді дертке шалдыққан, әлемдегі атақты әйелдердің бірі Калькутталық Тереза ана қайтыс болды. Ол дүйім жұртқа өзінің қайырымдылық әрекеттерімен танылған болатын. Тереза ананың ерен еңбегін ескере отырып, БҰҰ Бас ассамблеясы 5 қыркүйекті Халықаралық қайырымдылық күні деп бекітті.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1933 жылы Алматыда М.Лермонтов атындағы республикалық орыс драма театры ашылды. Бұл –Қазақстандағы байырғы, ең үлкен театрлардың бірі. Театр алғаш Семейде ұйымдастырылып, кейін Алматыға ауыстырылған. 1964 жылы орыс ақыны М.Лермонтовтың 150 жылдық мерейтойына орай театрға оның есімі берілді.
2001 жылы Павлодар қаласында Мәшһүр Жүсіп мешітінің ашылу салтанаты болды. Мешіт сегіз қырлы, бұл Дешті Қыпшақ сәулет үлгісіне жатады. Оның үстіндегі 8 қырлы жұлдыз – түркі жұртының ортақ рәмізі. Күмбезі шаңырақ үлгісінде, 4 мұнараның ұзындығы Пайғамбар жасына орай 63 метр. Бір мезгілде 1500 адам намазға жығылуға мүмкіндігі бар. Үлкен залдағы гауһар тасты шамның салмағы – 3,5 тонна, биіктігі – 16,5 метр, ені – 6 метр.
2009 жылы тұңғыш рет қазақ күйі Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен «Спасская башня» халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде орындалды. Қазақстандық ұландар домбырамен Құрманғазының күйлерін нақышына келтіре орындап, көрерменді тәнті етті.
2012 жылы Назарбаев Университетінде орта және жоғары білім беру менеджерлерін оқытатын Жоғары білім мектебі ашылды.
2014 жылы қазақтың біртуар ұлы, ірі тұлға, қаламгер, драматург, Алашорда қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың кіндік қаны тамған жерінен бір уыс топырақ жазушы жерленген Мәскеу қаласындағы Ваганьковский зиратына көмілді. Репрессияға ұшыраған қазақ жазушысы Ж.Аймауытовтың жерленген жері 2014 жылы ғана белгілі болды.
2015 жылы Алматыда «Алматының дәмін татып көр!» қалалық тағам фестивалі өтті. Билеттерді сатудан жиналған барлық қаражат Қазақстанның Қызыл Жарты ай қоғамына берілді. Қайырымдылық сомасы ТЖ орнында алғашқылардың бірі болып табылған және апаттардың салдарын жоюға көмектесетін волонтерлік командаларды жабдықтауға бағытталды. Фестивальде 14 қоғамдық тамақтану ұйымы өз тағамдарын ұсынды, олардың ішінде мейрамханалар, кофеханалар, наубайханалар, аспаздық стартаптар және отандық брендтер бар.
2016 жылы Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайында Алматы қаласының 1000 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған алғаш рет «Almaty Mount Fest 2016» халықаралық фестивалі өтті.
2019 жылы Нұр-Сұлтанда «Qazaqstan jastar Fest – 2019» спорттық жастар фестивалі ашылды. Фестивальге қатысушы жас каратэшілер, грэпплинг шеберлерін өнерлерін ортаға салып, ұлттық спорт түрлері бойынша бес асық, асық ату, арқан тарту, гір көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.
2021 жылы Қазанда (Татарстан) ТМД елдерінің алғашқы ойындарының ашылу салтанаты өтті. Жарыстың ашылу салтанаты тоғыз қатысушы мемлекет: Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей туларының шеруімен басталды.
Достастық деңгейіндегі спорттық жарыстар бұрын да өткізілген, бірақ мұндай ауқымға әлі жеткен жоқ. ТМД елдерінің ойындарына тек 23 жасқа дейінгі спортшылар ғана қатысады.
2023 жылы Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығуларына барып, әскери қызметшілер алдында сөз сөйледі. Ол тартылған бөлімшелердің дайындық деңгейін жоғары бағалады. Президент өз сөзінде күрделі геосаяси жағдайда мұндай әскери оқу-жаттығуларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
2023 жылы Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің салтанатты ашылуы өтті. 5 күн ішінде көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге алу және басқа да ұлттық ойындардың 11 түрінен 1300-ден астам спортшы бақ сынады. Фестиваль аясында айтулы оқиға «Ұлы дала жорығы» республикалық ат спорты марафоны өтті. 14 күн ішінде еліміздің барлық облыстарынан келген 20 шабандоз командасы елордадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырымдық қашықтықты бағындырды.