5 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 2023 жылғы 5 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстанда эколог күні

Бұл кәсіби мереке «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» ҚР Заңында белгіленген. Мұндағы кәсіби мерекелер тізімі 2011 жылы жаңартылған болатын. Эколог күні елде демалыс күні болып саналмайды.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1972 жылы бекітілген. БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бағдарламасын басшылыққа ала отырып өткізіледі.

Дүниежүзілік әртүрлі кемсітушілікке қарсы күрес күні

«Адамдар жануарларға сыпайы қарауды қолдайды» ұйымының (PETA) және басқа да зооқорғау ұйымдарының бастамасымен атап өтіледі. Оның басты мақсаты – нәсілшілдік пен сексизм секілді түрлі кемсітуге өркениетті қоғамда орын жоқ екенін еске салу.

Халықаралық заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін кәсіппен күрес күні

Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдік және халықаралық күндер жүйесінде атап өтіледі. Оның негізгі міндеті – қоғамның назарын тұрақты даму мен балық шаруашылығының маңыздылығына аудару. Бұл күннің белгіленуі, 2016 жылы дәл осы 5 маусым күні заңсыз балық аулау кәсібін тоқтатуға бағытталған алғашқы халықаралық келісімшарт жасалған болатын.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1938 жылы Әулиеата қаласына ақын Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Жамбыл қаласы – Қазақстандағы көне қалалардың бірі. Ол әр жылдары Талас, Тараз, Әулиеата, Мирзоян деп аталған болатын. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға оның көне атауы (Тараз) қайта берілді.

1991 жылы ССР Қазақ министрлер кеңесінің «Міржақып Дулатовтың есімін Торғай облысы «Бидайық» кеңшарына және Қанапия Қайдосовтың есімін «Речной» кеңшарына беру туралы» Қаулысы қабылданды.

1992 жылыҚазақстан Республикасы Президентінің БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы тұрақты өкілдігін құру туралы Жарлығына қол қойылды. БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұңғыш тұрақты өкілі – Қазақстан тарихындағы тұңғыш елші әйел, Қазақстанның көрнекті дипломаты Арыстанбекова Ақмарал Хайдарқызы болды.

1992 жылы Алматы облысы Қапал ауданының Қарашоқы мекенінде ақын Сара Тастанбекқызына ескерткіш ашылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

1993 жылы республикалық көркемөнер колледжі мен Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтының базасында Қазақ мемлекеттік көркемөнер академиясы және Т.Қ.Жүргенов атындағы театр және кино институты құрылды. Жеті жылдан кейін жоғарыдағы екі институт қосылып, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясы болды. 2001 жылғы шілденің 5-інде Президент Жарлығымен академияға «ұлттық» мәртебесі берілді.

1998 жылы Астанада Қажымұқан атындағы Орталық стадионның ашылу рәсімі болды.

1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында Бәйдібек баба мен Домалақ ана, қасиетті Бес ана (Марау-Сары бәйбіше, Зеріп, Жұпар, Қарашаш, Сыланды) кесенесінің ашылу рәсімі өтті.

2007 жылы «Ертіс жағалауы» өлкетану қоғамының мүшелері Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тас дәуіріндегі адамдардың бірнеше қоныс орындарын тапты. Археологтар бұл табылған заттарды энеолит кезеңіне жатқызды. Бұл жерде табылған жебелер, қырғыштар, жоңқалардың ұштары ғалымдардың жорамалдарын растайды. Ғалымдар олардың жақсы ұста болғандарын атап өтті. Мысалы, тас жоңқаларымен немесе қырғыштармен малдарды мүшелеген.

2010 жылы Қазақстан өзінің бүкіл көрме тарихында алғаш рет «Expo Shanghai-2010» дүниежүзілік көрмесінде «Астана – Еуразия жүрегі» атты көлемі 1,5 мың шаршы метрлік ауқымды павильон салды, онда ең озық мультимедиялық технологиялар, Қазақстан туралы мол ақпарат ұсынылды.

Қазақстанның «Expo Shanghai – 2010» дүниежүзілік көрмесіне қатысуының басты мақсаты – Қазақстанның және оның жас астанасының танымалдығын арттыру, экономикалық және инвестициялық әлеуетін көрсету және әлемдік қауымдастықты Қазақстан халқының мәдениетімен, тарихымен және дәстүрімен таныстыру.

2011 жылы Нью-Йорктегі Ұлттық өнер галереясында «Қазына іздері: ежелгі дәуірден қазіргі заманғы Қазақстанға дейін» деп аталатын ежелгі өнер көрмесі ашылды.

2013 жылы Алматы қаласында М. Лермонтов атындағы орыс драма театрында атақты актер және режиссер Юрий Рутковский (1891-1970) бюсті ашылды. Поляк Ю. Рутковский Қазақстандағы орыс театрының негізін қалаушы. Ол Варшавада дүниеге келген, бірақ ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында тағдыр оны қазақ жеріне әкелді. Сол кезде Алматыда ол алғашқы қазақ режиссері Жұмат Шанинмен бірге орыс кәсіби драма театрын құруды шешеді. Ол директордың да, актердің де, режиссердің де қызметін өзі істеді. Қазақстандағы мәдениет пен театрдың дамуында маңызды рөл атқарды. Рутковскийдің өмірі мен шығармашылық қызметінің 35 жылдығы оның екінші отаны болған Қазақстанмен тығыз байланысты.

2015 жылы Сербия астанасы Белград қаласында Қазақстанның Венгриядағы елшілігінің бөлімшесі ашылды. Сондай-ақ, Миланка Карич Сербия Республикасындағы ҚР құрметті консулы болды.

2016 жылы Қазақстан Республикасы ресми түрде Кариб мемлекеттер қауымдастығы жанында бақылаушы мәртебесін алды.

2017 жылы Астанада баламалы энергияның жаңа көзі пайда болды. Smart flower жүйесі күн шуағын электр қуатына айналдыруға мүмкіндік береді.

2018 жылы Ақтөбе облысында ғұн дәуіріндегі жауынгер мен оның жылқысының қалдықтары, сары металдан жасалған әшекейлері табылды. Табылған бағалы олжа Ақтөбе қаласы маңындағы Құрайлы ауылының жанындағы карьерде жасалған. Археологтардың қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша, заттардың біздің дәуірімізге дейінгі ІІ- ІV ғасырларға тиесілі екені анықталды.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысында өзгерістер болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, әкімшілік орталығы Жетісай қаласында орналасқан Жетісай ауданы мен әкімшілік орталығы Мырзакент кентінде орналасқан Мақтаарал ауданы құрылды; Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы бөлініп, әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласында болатын Сарыағаш ауданы мен әкімшілік орталығы Абай ауылында орналасқан Келес ауданы құрылды.

2019 жылы Бурабай курортында «Орманшы саябағы» жаңа паркі ашылды. Жаңа демалыс орны Бурабай мен Үлкен Шабақты көлдерін қосатын Громатуха өзенінде орналасқан. «Орманшы саябағы» – бұл ландшафт паркі, оның басым бөлігін жасыл аумақтар алып жатыр, онда кез келген адам демалып, табиғатта уақыт өткізе алады. Саябақ «Биші қайыңдар» тоғайы аумағында құрылған.

2021 жылы астанадағы Президент саябағында Түркия мен Қазақстанның бауырластық аллеясы ашылды. Есіл өзенінің жағасындағы Қазақстан Президенті – Ақорда резиденциясына қарама-қарсы орналасқан аллеяға бауырлас екі елдің қарым-қатынасын білдіретін 30 түп ағаш отырғызылды.

2022 жылы Қазақстанда республикалық референдум өтті. Референдумға «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бюллетеніне мынадай тұжырымдама шығарылды: «Сіз 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған» Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?»


Соңғы жаңалықтар
telegram