5 наурызда Астанада Қазақстан әйелдерінің форумы өтеді
Бұл туралы бүгін елордадағы баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері, отбасылық және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырған әйелдер құрылтайы бұдан былай әр бес жыл сайын өткізіліп тұратын болады. «Қазақстан әйелдерінің тұңғыш құрылтайының күн тәртібіндегі негізгі мәселе - Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және алдағы 10 жылда атқарылатын міндеттерді айқындап алу. Шара аясында республиканың барлық аймақтарында әйелдерге арнап жәшіктер орнатылады. Форумда әйелдер өз мақсаттары туралы айтуы керек. Сөйтіп, әрбір әйел елдегі келелі мәселелерді қалай шешуге болатыны жөнінде өзінің ой-пікірлерімен бөліседі. Олар елдегі демографиялық ахуалды жақсарту, жұмыссыздықты жою туралы пікірлерін білдіруге мүмкіндіктері болады. Сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Елбасына тілектер жолдай алады. Аймақтардан жолданған хаттардың бәрі осы құрылтайда талқыланады. Съезд жұмысына тек делегаттар емес, барлық әйелдердің қатысқанын қалаймыз, -деді Г. Әбдіхалықова.
Оның айтуынша, форумның қарсаңында Әйелдер істері, отбасылық және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Қазақстанның азаматтық альянсымен бірге 14 ақпан мен 1 наурыз аралығында «Тілектер тізбегі» атты акция өткізуді жоспарлап отыр «Аталмыш акцияны республикамыздың әрбір аймағында өткізу көзделуде. Акция съезде талқылануға тиісті мәселелер мен сұрақтарды, ұсыныстар мен тілектерді, алға қойылатын міндеттерді анықтау мақсатындағы конференциялар, ғылым мен өзге салада қызмет етіп жатқан әйелдердің, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің кездесуі түрінде жүгізілмек. Акция нәтижесі әйелдер съезінде қаралмақ», - деп мәлімдеді Г.Әбдіқалықова.
Қазақстанның азаматтық альянсының президенті Айгүл Соловьеваның пікірінше, әйелдердің қоғамдық белсенділігі жылдан-жылға артып келеді. Қазақстан әйелдерінің мемлекет дамуына қосар үлесі де айрықша, сондықтан да акция шеңберінде әйелдер қауымының озық ойлы ұсыныстары мен тілектерін жинау гендерлік саясатты ілгерілетудің бір көрінісі болмақ.