5-ші Ислам Конференциясы барысында Елбасы Н. Назарбаевтың Жаһандық энерго-экологиялық стратегиясы талқыланады

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Мамырдың 17-18 аралығында Астанада Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы - ИСЕСКО аясында Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-ші Ислам Конференциясы өтеді.
None
None

Конференцияға 57 ислам елінен және 25 халықаралық ұйымнан  200-ден астам меймандар қатысады деп күтілуде. Форум делегаттары ислам мемлекеттерінің қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелерін талқылайды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

«Сондай-ақ күн тәртібінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жаһандық энерго-экологиялық стратегиясы және «Жасыл көпір» Серіктестік бағдарламасы атты бастамалары да кіргізіліп отыр», - дейді ресми өкіл.

Оның айтуынша, Бразилияда өтетін «Рио-20» Орнықты даму жөніндегі БҰҰ Конференциясына алдын-ала дайындық қарсаңында Қазақстандық бастамаларды мұсылман әлемінің қолдауы өте маңызды болып табылады.  Сонымен қатар, 2011 жылдың 27-30 маусым аралығында Астана қаласында ИЫҰ мүше мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ИСЕСКО Бас директоры Абдель-Азиз Аль-Туэйджри Астана қаласында Қоршаған ортаны қорғау министрлерінің 5-ші Ислам Конференциясын өткізге бастамашылық жасаған еді.

«Конференция жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік беретін ислам мемлекеттері арасындағы диалог орны болады.  Кейбір мұсылман елдерінің белсенді сарапшыларының пайымдауынша, аталған форум еліміздің мұсылман әлеміндегі беделін одан әрі нығайтуға өз септігін тигізеді», - дейді А. Әбибуллаев.

 Естеріңізге сала кетейік, ИСЕСКО - Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) мамандандырылған мекемесі ретінде 1982 жылдың 3 мамырында құрылған Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Ислам ұйымы болып табылады. ИСЕСКО Штаб-пәтері Марокко Корольдігінің Рабат қаласында орналасқан. Қазақстан Республикасы аталған Ұйымға ресми түрде 1996 жылы желтоқсанда қабылданды.

Соңғы жаңалықтар