5 шілде. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 5 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.
None
None

5 шілде, БЕЙСЕНБІ

Кабо-Верде Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1975). Кабо-Верде - Батыс Африка жағалауларына жақын Атлант мұхитындағы 8 ірі және 10 ұсақ аралда орналасқан мемлекет. Астанасы - Прая қаласы. Ресми тілі - португал және креол тілдері. Ақша бірлігі - эскудо.  Мемлекет басшысы - Президент. Заң шығарушы органы - бір палаталы парламент - Ұлттық ассамблея.

Армения Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Конституция күні. 1995 жылғы маусымның 5-дегі жалпыхалықтық референдумда Армения Конституциясы қабылданды.

Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы тамыздың 27-інде орнатылды.

Венесуэланың Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1811). Испанияның бодауында болған Венесуэла 1811 жылы тәуелсіздігін талап етті. Сол тәуелсіздігін 1830 жылы ғана алып, Оңтүстік Америкадағы бірінші тәуелсіз ел болды.

Қазақстан Республикасы мен Венесуэла Республикасының арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылғы мамырдың 8-інде орнатылды.

Алжир Халықтық Демократиялық Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні. Алжир - Солтүстік Африкада, Жерорта теңізінің батысында орналасқан мемлекет. Батысында Мароккомен, Батыс Сахарамен, оңтүстігінде Нигермен, шығысында Ливиямен, Туниспен шектеседі. Астанасы - Алжир қаласы. Ресми тілі - араб тілі. Ақша бірлігі - динар.

Қазақстан Республикасы мен Алжир арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылғы наурыздың 15-де орнатылды.

Кооператорлардың халықаралық күні. БҰҰ Бас Ассамблеясының кооперативтік альянстың 100 жылдық мерейтойына орай шақырылған 49-шы сессиясының шешімімен шілде айының бірінші сенбісінде атап өтіледі (1994 жылғы желтоқсанның 23-індегі 49/155 қарарының негізінде).

Қырғызстанның медицина қызметкерлері күні. 1992 жылы шілдеде «Қырғызстан Республикасының халық денсаулығын қорғау туралы» Заңның қабылдануына орай Қырғыз Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Шілденің бірінші жексенбісінде атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

20 жыл бұрын (1992) Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды.

20 жыл бұрын (1992) Оралда Қазақ драма театры ашылды.

18 жыл бұрын (1994) Манагуада Қазақстан Республикасы мен Никарагуа Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

13 жыл бұрын (1999) Алматыда Орталық мешіттің ашылу салтанаты өтті. Бұл мешітте бір мезгілде 2200 адам намаз оқи алады. Сондай-ақ жұма намазын оқитын ерлер мен әйелдердің залына 200-ден астам адам сияды. Сонымен қатар мешітте жас жұбайлардың некесін қиятын арнайы неке залы да бар.

11 жыл бұрын (2001) Ақмола облысы, Щучье қаласындағы Кадет корпусы ғимаратының алдында қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, географ, фольклортанушы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың ескерткіші ашылды.

7 жыл бұрын (2005) Теміртау қаласында «SOS Kinderdorf International» Халықаралық қорының  қаржысына отбасылық үлгідегі балалар ауылы ашылды. Ашылу салтанатына қор президенті, «SOS Қазақстан балалар ауылы» қорының құрметті президенті, SOS - әлемдегі балалар ауылдары ұйымдық қозғалысының көрнекті қайраткері, Қазақстандағы қозғалыстың бастамашысы және оның белсенді қатысушысы Гельмут Кутин, Халықаралық қордың бас хатшысы Рихард Пихлер және «SOS Қазақстан балалар ауылы» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Галина Суворова қатысты. Теміртаудағы осынау ауылда үштен он екі жасқа дейінгі 90 бала тұрады. Самарқанд су қоймасының жағалауына салынған екі қабатты үйлердің әрқайсысында 6-7-і адамнан құралған бір отбасы тұрады.

«SOS Kinderdorf International» Халықаралық қоры қаржыландыратын осындай ауылдар Алматы мен Астанада да бар.

18 жыл бұрын (1994) Алматыда «Интернационал банктің» тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Нью-Йорктегі Чейд Манхэттен банкісінің президенті Ародр Райан мырза қатысты.

16 жыл бұрын (1996) Қазақстан Республикасының «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы» Заңы қабылданды.

12 жыл бұрын (2000) 2000 жыл мәдениетті қолдау жылы деп жариялануына орай, сонымен қатар Астана қаласын әлеуметтік-мәдени дамыту мақсатында және көрнекті қазақ әншісі Күләш Байсейітованың атын мәңгі есте сақтау үшін К.Байсейітов атындағы опера және балет театрына Ұлттық театр мәртебесін беру туралы Жарлыққа қол қойды.

8 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» Заңы қабылданды.

58 жыл бұрын (1954) Ұлыбританияда Ричард Бейкер «Би-Би-Си теледидар жаңалықтары» бағдарламасын ұсынды.

18 жыл бұрын (1994) Қытайда ең төменгі еңбекақы мөлшерін, сегіз сағаттық жұмыс күні мен балалар еңбегін  пайдалануға тыйым салуды бекіткен еңбек туралы заң қабылданды.

12 жыл бұрын (2000) Атырау қаласының орталық алаңына түркі тектес мәмлүктер арасынан шыққан, Мысырды билеген сұлтан, ортағасырлық Мысырдың аса ірі әскери және мемлекет қайраткері Бейбарыс сұлтанға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қатысты.

5 жыл бұрын (2007) Елордада «Бөгенбай батырдың» ескерткіші ашылды.

Ескерткіш Сарыарқа мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан. Салтанатты шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Парламент Сенатының депутаты Өмірбек Байгелді және Кәкімбек Салықов, Алдан Смайлов, Мырзатай Жолдасбеков сынды жазушылар қатысты. Қаракөк граниттен жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі 11,3 метр. Ескерткіштің авторы - мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков.

Бөгенбай батыр (1680-1775/1776) - XVIII ғасырдағы қазақ халқының даңқты қолбасшыларының бірі, жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресін ұйымдастырушы.

5 жыл бұрын (2007) Businesswomen.kz іскерлік журналының алғашқы саны жарық көрді.

Журналдың негізгі қағидасы - іскерлік әлемді әйелдердің көзімен көрсетіп, таныстыру. Журнал, сондай-ақ саясат, мәдениет, спорт, сән тақырыптарын да қамтиды. Екі айда бір рет және қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылатын журналдың жалпы тиражы 20 мың дананы құрайды.

3 жыл бұрын (2009) Ақтауда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 210 орындық психо-неврологиялық интернат үйі ашылды.

Интернат үйінің құрылысы 2007 жылы басталған болатын.

2 жыл бұрын (2010) Қазақстан, Ресей және Беларус арасындағы Кеден одағы өз күшіне енді. Кеден одағы қызметінің құқықтық және қаржылық қырларын реттейтін бір топ халықаралық келісімшарттар қабылданды. Көптеген арнайы шешімдер бекітілді.

ЕСІМДЕР

54 жыл бұрын (1958) театртанушы, педагог, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, мәдениет қайраткері ҚАБДИЕВА Сәния Дүйсенханқызы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Мәскеу театр өнері институтының (қазіргі Ресей театр өнері академиясы) театртану бөлімін бітірген. 1983 жылдан Қазақ театр және кино институтында педагогикалық қызметпен айналысады. 2000-2001 жылдары Қазақ мемлекеттік өнер академиясының ғылыми істер жөніндегі проректоры болған. Қазір аталмыш академияның театр өнері мен теориясы тарихы кафедрасының меңгерушісі. 1983 жылы «Қазақ театрындағы фольклорлық дәстүрлер» атты зерттеу кітабы жарық көрген. 1998 жылы Братислава қаласында өткен Халықаралық театр институтының (ITI International theatre institute) халықаралық театр конференциясында ғылыми баяндама жасаған.

88 жыл бұрын (1924-1986) медицина ғылымының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері ПОЛЕТАЕВ Станислав Дмитриевич дүниеге келді.

Ресейдің Волгоград қаласында туған. Ленинград әскери-теңіз медицина академиясын бітірген. 1961-1964 жылдары - Қазақ туберкулез (өкпе ауруы) ғылыми-зерттеу институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары. 1964-1971 жылдары - Целиноград медицина институтының ректоры және туберкулез (өкпе ауруы) кафедрасының меңгерушісі. 1971-1986 жылдары Орталық дәрігерлер білімін жетілдіру институтының (Мәскеу) бөлім бастығы, туберкулез кафедрасының профессоры, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған.

С.Полетаевтың негізгі ғылыми еңбектері фтизиатрия мәселелеріне арналған. Ғалым тыныс органдары туберкулезінің эпидемиологиясы мен белгілерін зерттеп, оны емдеу тәсілдерін,  жаңа микроб штаммын ұсынды. Бір авторлық куәлігі бар.

2-ші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және медальдармен марапатталған.

63 жыл бұрын (1949) өнертанушы, тарихшы ЖАНГЕЛДИН Ермек Тоқтағалиұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Ресей өнер, мәдениет және туризм қызметкерлерін қайта даярлау институтын, Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын  бітірген. 1982-1983 жылдары - «Қазкітап» бірлестігі Республикалық кітап базасының директоры. 1983-1994 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік мұражайының ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, Алматы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры. 1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары. 1995-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік мұражайының директоры. 1999-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және өнерді қолдау мемлекеттік қоры атқарушы директорының орынбасары. 2001 жылдан Н.Назарбаев Білім қорының «Мирас» халықаралық мектебі мәдени білім беру бағдарламаларының дииректоры қызметін атқарады.

«Достық» орденімен, медальмен марапатталған.

52 жыл бұрын (1960) Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің бастығы, заң ғылымдарының кандидаты, генерал-майор РАХЫМБЕРЛИН Нұрлан Армияұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін және Ресей Федерациясының Академиясын бітірген.

Милиция учаскелік инспекторы, Саран қалалық ішкі істер бөлімінің тергеушісі, Қарағанды облысының ішкі істер органдарында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылық лауазымдарында, Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тергеу комитетінің басшылық лауазымында қызметтер атқарған. Қазіргі қызметінде - 2009 жылдың қаңтарынан.

71 жыл бұрын (1941) Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорғаныс университетінің профессоры, Ресей Федерациясы Әскери Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі, техника ғылымының кандидаты ЕРМЕКБАЕВ Пернехан Әшімбайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Шу ауданында туған. Ташкент танк училищесін (қазіргі Павел Рыбалко атындағы Ташкент жоғарғы командалық танк училищесі), Әскери сауытты танк әскерлері академиясын бітірген. Танк взводының командирі, Балтикалық флот ротасы командирінің орынбасары, Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищенің (қазіргі Құрлық әскерлерінің әскери институты) мұғалімі болған. 1975-1976 жылдары - Орта Азиялық әскери округі сауытты танк қызметтің техникалық дайындығы бойынша офицері. 1976-1979 жылдары - Сауытты танк әскерлері академиясының адъюнкті. 1979-1987 жылдары - Құрлық әскерлері әскери институтының аға оқытушысы, кафедра бастығының орынбасары. 1987-1990 жылдары - Шершель қаласындағы Алжир әскери академиясының кеңесшісі, аға оқытушысы. 1990-1997 жылдары - Құрлық әскерлері әскери институтының кафедра меңгерушісі. 1997-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы әскери академиясының сауытты танк техникасы кафедрасының бастығы, ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы.

1998-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-ғылыми орталығының бастығы, «Бағдар» («Ориентир») әскери-теориялық журналының бас редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2004 жылдан бастап істейді. 80-нен аса әскери-ғылыми еңбектің авторы.

«Жаяу әскердің машинасы», «Сауытты танк қару жарақтары» т.б. кітаптардың, «Әскери іс» сөздігінің авторы.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы  экономика ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының және Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Франс Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Венгрия Республикасындағы Карцаг қаласының құрметті азаматы ТҰРСЫНОВ Сағынбек Тоқабайұлы дүниеге келді.

Қарағанды қаласында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті), Қазақстан КСР Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін, Талдықорған заң институтын бітірген. 1970-1972 жылдары - Қарағанды облыстық комитеті техникалық дайындық мектебі бастығының орынбасары. 1972 жылы - Қазақстан Жастар аудандық партия комитетінің нұсқаушысы. 1972-1981 жылдары - партия комитетінің хатшысы, кеңшар директоры. 1981-1984 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1984-1988 жылдары - Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің сектор меңгершісі, ауыл шаруашылығы және тағам өнеркәсібі бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1988-1989 жылдары - Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы. 1989-1990 жылдары - Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы. 1990-1991 жылдары - Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1990-1992 жылдары - Талдықорған облыстық кеңестің төрағасы. 1992-1993 жылдары - Талдықорған облысының әкімі. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы. 1996-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Австриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Венадағы, Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі міндетін қоса атқарушы. 2002-2006 жылдары - Қазақстан Республикасының Венгрия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы, Румыниядағы, Чехия Республикасындағы, Словак Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы. 2007 жылдан қазіргі қызметінде

 «Құрмет», «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

66 жыл бұрын (1946) Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, журналист, жазушы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының, Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері МЕҢДІБАЕВ Сәлім Тоқмырзаұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген. 1963-1965 жылдары - Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында токарь. 1971-1990 жылдары - «Қостанай таңы» Қостанай облыстық газетінде аға корреспондент, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болған. 1996-2000 жылдары - Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде мұғалім қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 1990 жылдан бастап істейді. Жазушының «Жүрек лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние» атты кітаптары бар.

«Әскери ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке алғысына ие болған. Қостанай меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, «Қазақ тілі» қоғамы аймақтық ұйымы «Ұлтжанды азамат» сыйлықтарының, Қостанай облысы әкімі сыйлығының иегері, республикалық және облыстық конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.

59 жыл бұрын (1953)  Қазақстан Республикасчы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор МАЙКЕЕВ Бағдат Әбдіқадырұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Көктөбе ауылында туған. 1971-1973 ж. Кеңес Армиясы қатарында мерзімді әскери қызметін атқарды. 1982 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, ал 1992 жылы  Қарағандыдағы ҚР ІІМ жоғары мектебін бітірді. 1981 ж. маусым - 2009 ж. қыркүйек аралығында ІІМ жүйесінде қызмет етті. 2009 ж. қыркүйек - 2010 ж. қараша - Қазақстан Республикасы Қарулы  Күштері Материалдық-техникалық қамтамасыз ету  бас басқармасының бастығы. 2010 ж. қараша - 2011 ж. қыркүйек - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Алқасының хатшысы - Аппарат басшысы. 2011 ж. қыркүйектен Қазақстан Республикасы Президентінің үкімімен Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар