5 тамыз. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 5 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1940) шығыстанушы, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА-ның академигі, Қазақстанның ортағасырлық тарихын, тарихи географиясын араб, парсы, көне түркі жазба ескерткіштері негізінде зерттеуші Болат Ешмұхаметұлы КӨМЕКОВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Ташкент мемлекет университетін бітірген (1963). Тарих ғылымдарының докторы (1996), профессор (1996), ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі (1995)
1963-1965 жылдары Мысырда аудармашы, 1965-1996 жылдары ҚР ҰҒА Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында аспирант, аға ғылым қызметкер, бөлім меңгерушісі болды. 1996 жылдан Қазақ мемлекет заң академиясының Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, әрі 1997 жылдан осы академия жанындағы қыпшақтану орталығының директоры лауазымын атқарған.
Қазақстанның ортағасырлық тарихын, тарихи географиясын араб, парсы, көне түркі жазба ескерткіштері негізінде зерттеумен шұғылданады. Тарих ғылымдарында алғаш рет көне түркі тайпасы — қимақтардың мемлекет құрылымы болғанын ғылым тұрғыда шығыс деректері бойынша негіздеген. Қимақтардың қалалық мәдениеті болғанын, егін шаруашылығы белгілі деңгейде дамығанын араб, парсы және көне түркі деректері негізінде дәлелдеді. Қыпшақтану саласы бойынша қалыптасқан ғылыми бағытты одан әрі дамытып, Орта Азия мен Шығыс Еуропадағы және Таяу Шығыстағы қыпшақ тайпаларының өзара байланысын зерттеп, оны ортағасырлық дәуірдегі халықаралық байланыстың ерекші үлгісі ретінде көрсете білді. Оның басшылығымен құрылған Халықаралық қыпшақтану ортасы Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливия, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Армения секілді елдердегі ортағасырлық этностар тарихын зерттейтін ғалымдармен тығыз байланыс орнатқан. Көмековтің жетекшілік етуімен өткізілген бірінші халықаралық ғылым конференция дүниежүзінде ғылым ортада жоғары бағаға ие болды. Ол 420-дан астам ғылым еңбектің авторы, 1983-1985 жылы жарық көрген Ш. Уәлихановтың шығарма жинағының жауапты редакторы, көп томдық «Қазақстан тарихының» бірінші және екінші томдарының редакторы, әрі жетекші авторы болды. Халықаралық «Түркістан» энциклопедиясын жазуға белсенді түрде қатысты, Ыстанбұлда түрік және ағылшын тілдерінде шығарылған 26 томдық «Түркі халықтары тарихы» энциклопедиясын әзірлеуге қатысты.
1983 жылы Қазақстан мемлекет сыйлығының иегері болды. 2002 жылы ғылымға сіңірген еңбегі үшін мемлекет стипендия иегері атанды.
«Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталды.
84 жыл бұрын (1941) белгілі қоғам қайраткері, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақұлы ЫСҚАҚОВ дүниеге келді.

Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келген. 1965 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша, 2019 жылы Украина Ұлттық авиация университетінің магистратурасын бітірген.
Еңбек жолы: 1961-1968 жылдары «Торғай Алюминстрой» монтаждау учаскесінің шебері, прорабы, бастығы, 1970-1971 жылдары Арқалық қаласының бас сәулетшісі, 1971-1977 жылдары «Торғайсельстрой-15» күрделі құрылыс басқармасының бастығы, бас инженері, 1977-1978 жылдары әртүрлі құрылыс ұйымдарының басшысы, «Ауыл құрылыс Минстрой» құрылыс басқармасының бастығы, «Торғай Алюминстрой» басқармасының орынбасары, 1987-1990 жылдары «Казмилжирпроект» жобалау институтының директоры, 1991-1997 жылдары «Омар» компаниясының директоры болып жұмыс істеді. 1998 жылдан бастап — «Тілеп» ЖШС директоры.
Белгілі саяхатшы барлық елді аралап, Қазақстан Республикасының әлемге одан әрі танылуына үлес қосты. ҚР Президентінің Құрмет дипломымен, Ресей Федерациясы және Ұлыбритания ордендерімен марапатталған. Әлемнің сирек карталарын жинаумен айналысатын белгілі құрылысшы, меценат, ұлттық тарихты, ұлт руханиятты дәріптеуші Сапар Ысқақов әлемнің 160-тан астам еліне ат саяхат жасады. Ортақ тарихты, ортақ дүниетанымды жаңғыртуға бағытталған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы еліміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлігі болды.
64 жыл бұрын (1961) киноактер, Қазақстанның халық әртісі Жанат Әнуарбекұлы БАЙЖАНБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтының актерлік факультетін бітірген (1982), театр және кино актері.
1982 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясының актері (қазіргі — Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ). 2002-2004 жылдары — Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» ҰК киностудиясында актерлік бөлімнің бастығы.
Қазақстанның еңбек сіңірген актері, КСРО Кинематографистері одағының мүшесі (1987 жылдан). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2005).
52 жыл бұрын (1973) «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Қожахметұлы СОЛТАМБЕКОВ дүниеге келді.

Алматыда туған. Білімі — жоғары, мамандығы — инженер-құрылысшы.
Еңбек жолын ағаш ұстасы цехының шеберінен бастады.
Әр жылдары бірқатар басқармада түрлі позицияларда еңбек етті. 5 жыл бойы елорданың коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Соңғы жылдары Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасын, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. 2020-2024 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
2024 жылдың шілдесінен бастап қазіргі қызметінде.
103 жыл бұрын (1922-2014) авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Жақыпбекұлы БИГЕЛДИНОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Майбалық ауылында туған. Саратов және Орынбор әскери авиациялық училищесін бітірген.
Балалық және жастық шақтарын Бішкекте өткізді. 16 жасында аэроклубқа оқуға түсті. 1943 жылдың қаңтарында Бигелдинов Калинин майданына келді және алғашқы шайқастарда-ақ ерлік көрсетті. 1944 жылдың 26 қазанында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл уақытқа дейін ол 200 әскери ұшулар жасады. Т. Бигелдинов Берлин үшін шайқасқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген 65 әскери ұшқыштың бірі болды. Бигелдинов 1945 жылдың 24 маусымында Жеңіс шеруіне қатысты.
1950 жылы Бигелдинов әскери-әуе академиясын аяқтады және 1956 жылға дейін КСРО Қорғаныс Күштерінің қатарында командир орынбасары және авиациялық полк штабының басшысы қызметтерінде жұмыс істеді. 1956 жылы авиацияның генерал-майоры Бигелдинов запасқа кетті. 1957-1970 жылдар аралығында — Азаматтық авиацияның қазақ территориалдық басқармасының аға инспекторы және бастықтың орынбасары. 1968 жылы Бигелдинов Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын сырттай бітіріп, ұзақ уақыт бойы ҚазССР мемлекеттік құрылымы жүйесінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді.
Т. Бигелдинов Ленин орденімен, екі рет Қызыл Ту орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, ІІІ дәрежелі Даңқ және өзге де отандық және шетелдік ордендермен және медальдармен марапатталған.