5 тамыз. Тұлғалар туған күн

туған күн
Фото: Kazinform

Бүгін, 5 тамыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

63 жыл бұрын (1961) киноактер, Қазақстанның халық әртісі Жанат Әнуарбекұлы БАЙЖАНБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр-көркемөнер институтының актерлік факультетін бітірген (1982), театр және кино актері.

1982 жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясының актері (қазіргі – Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ). 2002-2004 жылдары – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ҰК киностудиясында актерлік бөлімнің бастығы.

Қазақстанның еңбек сіңірген актері, КСРО Кинематографистері одағының мүшесі (1987 жылдан). Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2005).

51 жыл бұрын (1973) Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Қожахметұлы СОЛТАМБЕКОВ дүниеге келді.

Білімі – жоғары, мамандығы – инженер-құрылысшы. Еңбек жолын ағаш ұстасы цехының шеберінен бастады.

Әр жылдары бірқатар басқармаларда түрлі позицияларда еңбек етті. 5 жыл бойы елорданың коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеді. Соңғы жылдары Астана қаласының көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасын, отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2020 жылдың шілдесінен бастап қазіргі қызметінде.

102 жыл бұрын (1922-2014) авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Жақыпбекұлы БИГЕЛДИНОВ дүниеге келді.

Ақмола облысы Майбалық ауылында туған. Саратов және Орынбор әскери авиациялық училищесін бітірген.

Балалық және жастық шақтарын Бішкекте өткізді. 16 жасында аэроклубқа оқуға түсті. 1943 жылдың қаңтарында Бигелдинов Калинин майданына келді және алғашқы шайқастарда-ақ ерлік көрсетті. 1944 жылдың 26 қазанында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл уақытқа дейін ол 200 әскери ұшулар жасады. Т. Бигелдинов Берлин үшін шайқасқа да қатысты. 1945 жылдың 27 маусымында оған екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген 65 әскери ұшқыштың бірі болды. Бигелдинов 1945 жылдың 24 маусымында Жеңіс шеруіне қатысты.

1950 жылы Бигелдинов әскери-әуе академиясын аяқтады және 1956 жылға дейін КСРО Қорғаныс Күштерінің қатарында командир орынбасары және авиациялық полк штабының басшысы қызметтерінде жұмыс істеді. 1956 жылы авиацияның генерал-майоры Бигелдинов запасқа кетті. 1957-1970 жылдар аралығында – Азаматтық авиацияның қазақ территориалдық басқармасының аға инспекторы және бастықтың орынбасары. 1968 жылы Бигелдинов Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын сырттай бітіріп, ұзақ уақыт бойы ҚазССР мемлекеттік құрылымы жүйесінде басшылық қызметтерде жұмыс істеді.

Т. Бигелдинов Ленин орденімен, екі рет Қызыл Ту орденімен, ІІ және ІІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Қызыл Жұлдыз, Александр Невский, ІІІ дәрежелі Даңқ және өзге де отандық және шетелдік ордендермен және медальдармен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum