5 тамыз. Жылнама

1 шілде. Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

Kazinform оқырман назарына 5 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық бағдаршам күні

Атаулы күн 1914 жылы болған оқиғаға байланысты 5 тамыз күні аталып өтеді. Осы күні Американың Кливленд қаласында заманауи бағдаршамның алғашқы үлгісі пайда болды. Оның қызыл және жасыл шамдары болды, ал түстерін ауыстырған кезде дыбыс сигналын шығарып тұрды.

Не дегенмен, ең алғашқы бағдаршамды британдық Джей Найт 19 ғасырда-ақ ойлап тапқан болатын. Бұл аппарат 1868 жылы Лондон парламенті ғимаратының алдына орнатылды. Үш жылдан кейін бағдаршам өздігінен жарылып, полицейді жарақаттады. Бұдан кейін бағдаршам 50 жылға ұмытылды. Тек 1910 жылы екі түсі бар алғашқы автоматты бағдаршам құрылғысы патенттелді.

Қазіргі қолданыстағы үш түсті бағдаршамдарды алғаш рет 1920 жылы Детройт пен Нью-Йорк қалаларының тұрғындары көрді. Уақыт өте келе құрылғылар Америка мен Еуропаның түрлі қалаларында, кейіннен бүкіл әлемде кең қолданыла бастады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1718 жылы Ертістен 18 шақырым төмен қарай Семей бекінісінің (Семей қаласы) негізі қаланды. Бекініс Ертістің жағалауында қарағай орманның ортасында орналасты. Қазіргі уақытта бұл жер «Ескі бекініс» деп аталады.

1997 жылы Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қытай тілінде жарық көрген «Ғасырлар тоғысында» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

2007 жылы Алматыда қазақ тілінде әлем ертегілері енгізілген алғашқы CD-дің тұсаукесер рәсімі өтті. Барлық материалдарды Қазақ радиосының редакциясы тапсырған. Бұл үнтаспаның бір ерекшелігі, барлық материалдар қазақ тіліне аударылған. Ол – мемлекеттiк тiлдi үйренгісі келген адамдарға арналған бағалы оқу құралы. Жалпы, 6 үнтаспа шығарылған, әрқайсысының ұзақтығы – 100 минут. Әр CD-ға 10-12 ертегі енген, соның ішінде «Мысық пен қоян», «Арыстан мен түлкі», «Ақылды адам» және т.б. ертегілер бар.

2008 жылы Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Есіл ауданы құрылды. Ол Астана қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Елорданың Алматы, Сарыарқа және Ақмола облысының Целиноград аудандарымен шектеседі. Жалпы ауданы – 31,2 мың гектар. Ауданға кіретін тұрғын алаптары – Пригородный, Ильинка, Шұбар, Тельман, Қараөткел, Заречный. Ауданда ірі сауда орталықтары, әкімшілік және бизнес ғимараттар, тұрғын үйлер т.б. бар.

2010 жылы «Жаңа толқын-2010» байқауының қазақстандық финалисі Қайрат Түнтеков таза күмістен, алтыннан және гауһардан жасалған скрипка кілтін иеленді.

2011 жылы Мәскеу тұрғыны Александра Понютина Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік өнер музейіне танымал суретші Александр Риттихтің 1930 жылы салған төрт картинасын сыйға тартты. Александр Риттих (1889-1945) көп жыл Қазақстанда тұрып, еліміздегі бейнелеу өнерінің дамуына үлкен үлес қосты.

2013 жылы Астанада Қазақстан тарихында алғаш рет шаңғы роллері бойынша ашық елорда кубогы өтті. 2013 жылы Алматыда «Астана» алаңында ең үлкен скейтборд таныстырылды. Оның ұзындығы – 4,5 метр, ені –1,5 метр.

2013 жылы Алматыдағы Астана алаңында Қазақстандағы ең үлкен скейтбордтың таныстырылымы өтті. Оның ұзындығы – 4,5 метр және ені – 1,5 метр, бұл оны Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енгізуге негіз болды. Акция SNICKERS URBANiYA-2013 жастар жобасы аясында өтті.

2017 жылы Арал маңында Жалағаш ауданының тұрғыны ежелгі Құран кітабының мұрагері атанды. Қасиетті кітап Мырзабай Ақынның мавзолейін қайта құрылымдау кезінде табылды. Мамандардың айтуынша, бұл кітап жер астында 150 жыл көміліп жатқан.

2018 жылы «Шілік фермерлері» жобасы Лондонда «Жылдың үздік әлеуметтік-экономикалық жобасы» номинациясында CSR Excellence Award халықаралық сыйлығын иеленді.

2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы №1 ауруханасының политравма және эндопротездеу бөлімінің меңгерушісі Руслан Ботаев сүйек остеосинтезіне арналған бірегей пластинаны ойлап тапты. Ол сынған жамбас сүйегін жедел хирургиялық емдеу үшін қолданылып, адамдарға қозғалу мүмкіндігін қайтарады. Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін Руслан Ботаев «Altyn shipager» сыйлығының бас жүлдесіне ие болды.

2020 жылы қазақстандық жүзгіш Виталий Худяков Ыстықкөлді рекордтық уақытта жүзіп өтті. Ол 56 шақырым қашықтықты жүзіп өту кезінде су температурасы 18-19 градус болған. Ыстықкөл бойынша өтетін маршруттың максималды тереңдігі – 523 метр. Жүзіп өтуге кеткен уақыт – 13 сағат 18 минут. Бұл – қашықтық пен жүзіп өту уақыты бойынша бірегей жетістік. Виталий 56,2 шақырым қашықтықты жүзіп өтті. Аталмыш уақыт пен қашықтықты Қырғызстанның Жүзу федерациясының өкілі Ахмет Анарбаев тіркеді.

2021 жылы Воронеж қаласының Әскери-әуе күштері академиясында атақты ұшқыш Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов атындағы аудитория ашылды. Көрермендерге ұсынылған жәдігерлер арасында Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатынан Талғат Бегелдиновтың жеке заттары, оның ішінде оның мемлекеттік наградалары, Ил-2 ұшағының макеттері, «Алтын Жұлдыз» медальдары мен марапаттау құжаттарының көшірмелері, мұрағаттық фотосуреттер бар.

2022 жылы 18 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Ассаубаева «Азияның 2021 жылғы үздік шахматшысы» сыйлығымен марапатталды.

2023 жылы Қарулы Күштердің барлық бөлімшелерінде, әскери бөлімдерінде және жоғары әскери оқу орындарында Ұлы Отан соғысының қатысушысы, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновке арналған еске алу іс-шаралары өтті. Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында салтанатты жиын өтіп, ерекше көзге түскен әскери қызметшілер грамоталармен марапатталды. Әскери бөлімдерде әскер қатарына шақырылғандар үшін «Азат етушілер» сериясынан «Дауылпаздар» деректі фильмінің көрсетілімімен ерлік сабақтары өтті.

2023 жылы спортшы Милад Карими Чендудағы Универсиадада турникпен көтеру сайысының финалында Қазақстанға екінші алтынды әкелді. Қазақстандық спортшы турникте финалдық жарыста 14.800 нәтиже көрсетіп, бірінші орын алды. Қытайлық гимнаст Ши Сонг (14,600) екінші, Жапония спортшысы Сугимото Кайто (14,233) үшінші орынға табан тіреді.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum