5 жыл үзілістен кейін керлингке қайта оралдым – Абылайхан Жүзбай

ХАРБИН. KAZINFORM – Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Абылайхан Жүзбай Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат беріп, Қазақстан құрамасы және спорттық мансабы туралы айтып берді. 

керлинг
Фото: Сәли Сабыров / ҰОК

Капитан команда құрамы қысқы Азия ойындары алдында жасақталып, алғаш рет бірге халқаралық жарысқа қатысып жатқанын атап өтті. 

– Құрама сапындағы бір спортшымен бірге Канадада өткен құрлықтық чемпионатқа қатысып келдім. Ал қалған екі спортшы алғаш рет осындай халқаралық деңгейдегі жарыс жолына шығып отыр. Команда жаңадан жасақталған соң бізге көбірек бірге ойнау керек екенін айта кету керек. Осыған дейін, Швейцариядағы жарыстада басқа спортшылармен өнер көрсеттік, - деді Абылайхан Жүзбай.

Сонымен қатар ол не үшін спортқа 5 жыл үзілістен кейін қайта оралғанын түсіндірді.

– Керлинг спортын 2013 жылы бастап, 2020 жылдары спорттық мансабымды аяқтадым. Қысқы Азиада алдында ұлттық құрамаға капитан болу туралы ұсынысты қабылдап, қайта келдім. Бұл спорт түріне деген адалдығым мені 5 жылдан кейін қайта жарыс жолына шығарды, - дейді Абылайхан. 

Құрама капитаны аталған спорт түрінің қазақстандағы болашағын жоғары бағалады. 

– Бұл спорттың еліміздегі болашағы жарқын. Жастардың да қызығушылығы байқалады. Бірақ біздегі кей командаларда жасы үлкен спортшылар да жүр. Сондықтан, керлингті елімізде дамыту керек. Халқаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсетіп, еліміздің көк туын желбіретсек деген мақсатымыз бар, - деді Абылайхан Жүзбай.

Айта кетейік, керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы қысқы Азия ойындарының алғашқы ойынында Қытайлық Тайбэйді 10:5 есебімен жеңді. Екінші матчта отандастарымыз 1:4 есебімен Филиппинен жеңіліп қалды. 

Керлингтен Қазақстан құрамасының спортшысы Ермек Мұсаинов ойыннан кейін Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. 

Соңғы жаңалықтар