5 жыл бұрын Астана ЕҚЫҰ саммитін өткізді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2010 жылдың 1-2 желтоқсаны күні елордамызда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті өз деңгейінде өткізілген болатын.
None
None

Бұл халықаралық шара аталған ұйымға «Trust-Traditions-Transparency-Tolerance» (Сенім-Дәстүр-Ашықтық-Төзімділік) ұранымен төрағалық еткен Қазақ елінің бұл абыройлы міндетті табысты аяқтауының жарқын сәті болды десек артық емес. Бұл саммиттің тағы бір бірегейлігі оның Еуразия кіңдігінде, Еуро­паның гео­гра­фия­лық шекара­сы­нан мыңдаған ша­қырым шал­ғайда өтіп отырғанында десек те болады. Бұл, ең алдымен, еуро­па­лық қауіпсіздіктің өзгерген пара­ди­г­ма­­сын бейнелейді. Бірден айта кетерлігі, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның 11 жыл өтпеген саммитін тағылымға толы тарихы бар, даму келешегі зор мемлекет ретінде атқара алды. Осылайша, елордамыздың төріндегі тарихи кездесуге әлемнің 38 елінің мемлекет және үкімет басшылары, 1 вице-президент, 7 үкімет басшысының орынбасары, 14 министр және ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер мен ынтымақтастық жөніндегі серіктес елдердің өзге де жоғары шенді шенеуніктері, оның ішінде сол кездегі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Хиллари Клитон куә болды. Бұған қоса, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтими, ЕҚЫҰ бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоны қоса алғанда 33 халықаралық және өңірлік ұйымның басшылары да Астана саммитіне қатысты.

Саммиттегі негізгі әңгіме өзегіне Еуразиялық және еуро-атлантикалық кеңістіктегі қауіпсіздік, Ауғанстан проблемасы, шиеліскен қақтығыстар мәселелері, ЕҚЫҰ-ның алдағы кезеңіндегі міндеттері айналды. Форум нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды. Дегенмен, көптеген қатысушылар мен сарапшылардың мойындауынша, аталған құжаттың қабылдануы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке дипломатиялық көрегендігінің әрі ерік-жігерінің арқасында ғана орын алды.

Астана саммитін Елбасы Н.Назарбаев ашып, жүргізді. Елбасының сөйлеген сөзінің ең маңызды тұстары мыналар:

Біздің бірегей институт - Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, батыс құндылықтары мен шы­ғыс дәстүрлерінің жымдасуын жүзеге асыра алуымыз;

ЕҚЫҰ бойынша әріптестерді Жалпыға ортақ ядро­лық қарусыз әлем декларациясын қа­былдау туралы Қазақстан бастамасына қол­дау білдіруге шақыру;

Ауғанстанда кешенді реттеу стра­тегиясын әзірлеуді, экономиканы және бейбіт өмірді қалпына келтіруді жақтау;

ЕҚЫҰ-ның алдағы он­жыл­дыққа басты міндеті - қайшы­лықтарды рет-ретімен шешу, сенім мен интеграцияны, соның ішінде қазіргі бар мемлекетаралық бірлестіктер аясын­дағы интеграцияны нығайту;

«Шығыс-Батыс» жүйесі бойынша - бұл, бір жағынан, Еуропа Одағы мен НАТО-ның, екінші жағынан - ЕурАзЭҚ пен ҰҚШҰ арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою;

«Солтүстік-Оңтүстік» жүйесі бой­ын­ша ЕҚЫҰ-ның бірқатар азиялық интеграциялық құрылымдармен өз­ара тығыз қарым-қатынасын орнату;

Еуразиялық қауіп­сіздік туралы баршаны қамтитын келісім жөніндегі мәселені әзірлей бас­тауды ұсыну;

Болашақта ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ететін барлық елдерді белсенділікті бәсеңсітпеуге шақыру;

ЕҚЫҰ-ның себеттері мен инс­ти­туттары санын ұлғайтуды ұсыну;

ЕҚЫҰ-ның Маас­трихт стратегиясын "Маастрихт-плюс" құ­жаты­мен толықтыруды ұсыну;

ЕҚЫҰ құрылымын энергетикалық қауіпсіздік және экономикалық өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестермен то­лықтыру;

Қоршаған ортаны қорғау саласында ЕҚЫҰ-ның Экологиялық форумын құру.

Су проблемаларын құқықтық реттеу мақсатында су тапшылығын тартып отырған елдер үшін "Су және құқық" бағдарламасын әзірлеу;

Қарусыздану және таратпау саласында жаңа келісімшарт норма­ла­рын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыру. Оның нәтижелі болуы үшін ЕҚЫҰ-ның арнаулы форумын құру;

Трансшекаралық қыл­мыс­қа, есірткі трафигіне және жасырын кө­ші-қонға қарсы күресті үйлестіру үшін ЕҚЫҰ елдері министрлері деңгейінде Кеңес қалыптастыруды ұсыну;

Конфессияаралық төзімділікті жеке өлшемге бөліп шығаруды ұсы­ну;

«Жаңа онжылдықтағы төзімділікке» құжатын бірлесе әзірлеу­ді ұсыну;

ЕҚЫҰ-да жеке өлшем санатында қауіпсіздіктің түрлі проблемаларын болжау жөніндегі жұмысты жолға қою. Алғашқы қадам ретінде ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік институтын белгілеуді ұсын­­у;

ЕҚЫҰ-ның азиялық бөлігінде валюта-қаржы, дінаралық және болжау-талдау өлшемдері бойынша жаңа институттарды құру.

Саммит қатысушылары мен шетелдік байқаушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төрағалығына және Астана саммитінің ұйымдастырылуы мен қорытындысына өте жоғары баға берді.

Мәселен, Словения Президенті Данило Тюрк: «Мен ЕҚЫҰ-дағы Қазақстанның және жеке дара Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өткім келеді. Бұл ел барлығына төрағалық тек қана басымдықтар есебі еместігін, сондай-ақ ұйымның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету екендігін көрсетіп берді. Осының арқасында ЕҚЫҰ-ның күн тәртібін кеңейтудің мүмкіндігі туды. Біз осы ұйымдағы Қазақстанды алғашқы күннен бастап қолдап келдік», - дейді. Армения Президенті Серж Саргсян Астана саммитін өте сирек оқиға деп бағалады. «Өйткені, бұл XXI ғасырдағы ЕҚЫҰ-ның алғашқы саммиті және посткеңестік кеңістік аумағындағы жоғары деңгейдегі алғашқы кездесу. Мен Қазақстанды және Нұрсұлтан Назарбаевтың өзін белсенді төрағалығымен және саммитті тамаша ұйымдастыруымен құттықтағым келеді», - деді ол.

Люксембург вице-премьері Жан Ассельборн: « Биыл жыл бойына Қазақстан біздің бәріміздің күткенімізден де асып түсіп, лайықты және үлгі боларлық жұмыстарды жүргізді», - деп атап өткен еді.

Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон ЕҚЫҰ саммиті Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта үлкен рөл атқаратынына дәлел болып табылатындығын баса айтқан болатын. ЕҚЫҰ Саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Елбасы Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзаймен, Германия Федералдық Республикасының Федералдық канцлері Ангела Меркельмен, Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті, Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Хиллари Родхэм Клинтонмен Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен, Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтемен, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен, Украина Президенті Виктор Януковичпен, Сербия Республикасының Президенті Борис Тадичпен, Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің Төрағасы Сильвио Берлусконимен, Финляндия Республикасының Президенті Тарье Халоненмен, Болгария Республикасының Президенті Георгий Пырвановпен, Румыния Президенті Траян Басескумен, Нидерланды Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен, Француз Республикасының Премьер-Министрі Франсуа Фийонмен, Грек Республикасының Премьер-Министрі Георгиос Папандреумен, Албания Президенті Бамир Топимен кездесті.

Соңғы жаңалықтар