5 жыл қамауға дейін: Жұмыс орнындағы харассмент үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылды

«Біз қоғамда зорлық-зомбылық мәселелерін үнемі қарастырамыз. Жұмыс орындарындағы харассмент туралы шағым түскенде заңды қарастыра бастадық және нақты нормалардың жоқ екені анықталды. Қазақстанда тиісу фактілері бар, бірақ статистикасы жоқ. Қазір кәсіпкер әйелдер коалициясында жұмыс тобы ашылды. Біз қыз-келіншектерге харассмент жасағандардың жазалануы үшін және ер адамдар жүгінетін кездер болғандықтан, заңнамаға нақты ережелерімізді енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бізде ешқандай норма жоқ. Нормаларды Әкімшілік кодекске, Еңбек кодексіне, Қылмыстық кодекске және Кәсіподақтар туралы заңға енгізу үшін негіздемесі бар, айыппұлдан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейін жақсы ұсыныстар әзірленді», - деді Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін және гендерлік теңдікті дамыту коалициясының гендерлік зорлық-зомбылық жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Роза Бекішева жұмыс орнындағы харассмент туралы дөңгелек үстелде.
Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы әкімшілік қызмет кафедрасының аға оқытушысы Сергей Корнейчук бұл саланың өте аз зерттелгенін атап өтті.
«Бізде әлі харрасмент ұғымы жоқ. Жұмыс орнындағы тиісу, қырындауға баса назар бөлінбейді. Сондықтан, бүгін жұмыс орнындағы абьюзерлерге әсер етудің құқықтық негіздері болуы үшін заң жобасын ұсынып, қандай баптарды жетілдіргіміз келетінін айтамын. БАҚ-та жұмыс орнындағы харассмент туралы көп жазылады, бірақ оларды жауапқа тарту өте қиын және құқық қорғау органдарының өздері істі қалай жүргізерін білмейді. Кейбір баптар бар, бірақ олар харассментпен күресуге бағытталмаған. Біріншіден, харассмент ұғымын енгізіп, оның Қылмыстық кодекстегі 3-бапта болғанын қалаймыз. Жауапкершілік төрт бағытта болғанын қалаймыз. Бұл қылмыстық, әкімшілік, азаматтық және тәртіптік жауапкершілік, өйткені басшы харассмент сынды заңға қайшы әрекеттер болып жатқанын біліп, тәртіптік шаралар қолдана алады. Әкімшілік кодексте мамандандырылған норманы ұсынамыз, ал Қылмыстық кодексте 23-бапты жетілдіргіміз келеді. Сондай-ақ, біз басшының рөлін көтеру, харассмент фактілеріне жауап беру құқықтары мен нақты міндеттерін енгізу үшін Еңбек кодексіне өзгерістер енгіземіз. Бұған кәсіподақ ұйымдары да әсер етуі мүмкін. Біз жұмыс орнындағы қудалаумен күресу керек деген құзыретті енгіземіз», - деді спикер.
Осылайша, жұмыс орнындағы сексуалды қудалау алғаш пайда болғанда ескертулер енгізіледі, құшақтау, жұмыстан кейін қалуды өтіну, кафеге баруды ұсыну сынды бастапқы белгілер үшін 5 АЕК-ке дейін айыппұл ұсынылған.
«Оқиға қайталанған жағдайда, 15 күн бойы сол лауазымда жұмыс істеуге тыйым салуды ұсынғымыз келеді. Егер қауіп күшейсе, яғни қылмыстық-жазаланатын іс-әрекет байқалса, Қылмыстық кодексте шамалас норма бар – тиісінше, ол жерде 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазылған», - деп толықтырды Сергей Корнейчук.