50-ден асқан ерлер инсульт пен инфарктқа қарсы тегін скринингтен өте алады
АСТАНА. KAZINFORM – Биылдан бастап елімізде скринингтің жаңа 2 түрі енгізілді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтып берді.

− Биылдан бастап скринингтің жаңа 2 түрі енгізілді: жүктілікке дайындық; 50 жастан асқан ерлерде инсульт пен инфарктты алдын алу мақсатындағы (предгравидаралды дайындық, мойын артерияларының ультрадыбыстық зерттеуі) тексерулер, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сондай-ақ, осы жылдан бастап сақтандырылмаған азаматтардың онкоскринингтен тегін өту мүмкіндігі бар.
Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселелерді қарастыратын норманы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген заң жобасына енгізген.
Бұған дейін Ақмарал Әлназарова медициналық сақтандыруға қатысты жаңа заңнамада қандай өзгерістер болатынын айтып берді.
Онда тегін медициналық көмек көлемі пакетінде әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша көмек 2-ден 8-ге дейін ұлғайтылып, сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетілетін болады.
Қызметтердің қайталануын болдырмау, азаматтардың әлеуметтік мәртебесін есепке алу және сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық көмекке кепілдік беру үшін бірыңғай пакеттер қалыптастыру көзделген.