50 мыңға жуық қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде тұрғын үй кезегі тізімін өзектендіру жылына төрт рет жүргізіледі. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлім етті. 

тұрғын үй кезегі
Фото: pixabay.com

— Тұрғын үй саясатын реформаланғанға дейін үй кезегімен әкімдіктер айналысты және тізімді өзектендіру жұмысы жылына бір рет жүргізілді. Бұл тұрғын үй кезегі, тізім және тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша көптеген сұрақ туғызды. Бүгінде тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде тұрғын үй кезегін өзектендіру тоқсанына бір рет, яғни жылына төрт рет жүргізу көзделген, — деді Қуандық Қажкенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатта. 

Вице-министрдің айтуынша, енді тұрғын үй кезегі тізімімен Отбасы банкі айналысады. 

— Қазір 650 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр және тізімді өзектендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 50 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінен алынып тасталды. Олар баспана алғандар, басқа өңірге көшкендер және жаңа орында тіркеуге тұрмаған азаматтар. Олардың орнына баспанаға мұқтаж басқа жандар кезекке қойылды, — деп толықтырды министрдің орынбасары.

Айта кетейік, жыл соңына дейін 50 мың қазақстандық жалға берілген үйді жекешелендіреді

Еске салайық, биыл 10 мыңнан астам кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріледі

Сондай-ақ Үкімет отырысында елімізде 2030 жылға дейін құрылыс саласына 200 мыңнан астам маман қажеттігі айтылды. 

Соңғы жаңалықтар