Елімізде құрылыс саласына 200 мыңнан астам маман қажет
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов құрылыс саласындағы отандық материалдардың үлесін арттыруды тапсырды. Сонымен қатар сала мамандарын даярлау мәселесін көтерді.

— Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйлер мен инженерлік желілерді іске қосудың биыл және алдағы жылдарға арналған жоспардың орындалуын қамтамасыз етсін. Биыл жаңа ипотекалық бағдарламалар іске қосылды. Бұл тұрғын үй құрылысына қосымша серпін береді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс және коммуналдық секторлардың жобаларында отандық материалдар үлесінің артуын қамтамасыз етсін, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Премьер-министр құзырлы министрлікке отандық құрылыс материалдарын шығаратын жобаларды келесі жылы іске қосуды тапсырды.
— Еңбек ресурстары орталығының деректері бойынша, 2030-шы жылға дейін құрылыс саласына 200 мыңнан астам білікті мамандар қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нарықтың сұранысын ескере отырып, жоғарыда аталған мамандарды даярлау мәселелерін пысықтауды тапсырамын, — дейді ол.
Бұған дейін Олжас Бектенов құрылыс талаптарының бұзылуына қатысты шағымдардың көбейіп жатқанын айтты.
Одан бөлек, Премьер-министр тұрғын үй кезегін бір жүйеге келтіру жұмысының әлі реттелмегенін айтты.