500 мыңға «өткізіп берем»: Түркістанда шекара «бизнесі» тоқтатылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында заңсыз көші-қонмен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz.

заңсыз көші-қон
Фото: Polisia.kz

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

11 қыркүйекте Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарында криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.

Топтың төрт негізгі ұйымдастырушысы мен олардың қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу барысында олардың көрші елдерден келген азаматтарға мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Өздерінің «қызметі» үшін күдіктілер әрбір мигранттан 500 мың теңгеге дейін ақша алып отырған. Жүргізілген тінту кезінде шетелдік паспорттар, жалған құжаттар, электронды тасымалдаушылар және байланыс құралдары тәркіленді.

— Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша — Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру және Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, — делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі көші-қон заңнамасын бұзудың кез келген дерегі жазасыз қалмайтынын ескертеді. 

Бұдан бұрын Түркістан облысында ер адам жұбайын өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар