500 шетел көлігі ЕАЭО-ның кеден аумағынан әлі шығарылмаған
Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және оның алдын алуға бағытталған шараларды қабылдау шеңберінде, жеке тұлғалардың мемлекеттердің шекара арқылы еркін өте алмауы салдарынан Еуразиялық экономикалық одақ алқасының 2020 жылғы 29 сәуірдегі №47 шешімі қабылданған болатын. Қабылданған шешімге сәйкес шетелдік автокөлік құралдарын (ЕАЭО елдерінің көлік құралдарын қоспағанда) уақытша әкелген жеке тұлғалар үшін уақытша әкелу мерзімі 2021 жылдың 31 қыркүйегіне дейін ұзартылған.
Қазақстан азаматтары Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы автокөліктеріне сенімхат арқылы уақытша әкелу мерзімін есепке алмай жүре алады. Дегенмен, Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасының көлік құралдарына сенімхат арқылы басқару құқығы берілмейді (бұндай құралдардың санаттары шетелдіктер болып саналмайды).
Шетел азаматтары тұрғылықты еліне қайту және көлік құралдарын шығару үшін мемлекеттік шекарадан өтуге мүмкіндігі бар, сондай-ақ шетел азаматтары, өздері шығаруға мүмкіндігі болмаған жағдайда осы құралдарды тасымалдаушылардың көмегімен шығара алады.
Осы көлік құралдарына қатысты, уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін, бұзушылықтарды анықтау бойынша шаралар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің қызметкерлерімен бірлесе отырып жүзеге асырылатын болады.
Сондықтан, шетелдік автокөлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан шығарылуы керек. Себебі, шетелдік автокөлік құралдарын шығару туралы талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдерінің аумағында қолданылады.
2020 жылғы наурыздан бастап (елде коронавирус инфекциясының таралуымен күрес шеңберінде төтенше жағдайлар енгізілгеннен бастап) қазіргі уақытқа дейін 4 708 шетелдік көлік құралдары тіркелген. Оның ішінде Қазақстан Республикасында 500 көлік құралы бақылауда тұр.
Анықтама үшін: автокөлік құралдары келесідей мемлекеттерден әкелінген: Әзербайжан, Ауғаныстан, Босния и Герцеговина, Германия, Грузия, Исландия, Испания, Литва, Молдова, Польша, Словения, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина және Франция.
«Егер заң бұзушылықтар анықталса, жеке тұлғаларға қатысты қажетті шаралар жүргізу үшін осы көлік құралдары айыппұл тұрағына орналастырылады. Сондай-ақ, уақытша көлік әкелу мерзімі өткеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жеке тұлғаларда кедендік төлемдерді төлеу міндеттемесі туындайды. Төлемдер аумақтық мемлекеттік кірістер органы қызметкерлерімен есептелетін болады», - деп ескертті Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.