51 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылады

АСТАНА. KAZINFORM - Ауыл мектептерінде алғаш рет заманауи STEM, aрт, теле студия мен ғылыми кабинеттер пайда болып, ұстаздар оқу бағдарламасынан өтеді.

51 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылады
Фото: Furo.kz

Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры, Aitas холдингі, «Қазақстан халқына» қоры, Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» ауқымды жобасының соңғы кезеңін бастады.

2025 жылы жобаға еліміздің әр облысынан 51 мектеп қатысады. Осылайша, 2019 жылы бастау алған жоба еліміздің әр ауданы мен моноқаласында барлығы 192 оқу орнын қамтиды. Жобаның мақсаты – ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған.

2019 жылы Aitas холдингінің әлеуметтік миссиясы аясында ұлттық тірек мектептер желісін құру стратегиясын іске асыра бастады. Ал 2022 жылы «Қазақстан халқына» қоры қолдауы арқасында аталмыш жоба еліміздің әр өңіріндегі ауыл мектептеріне жетті. Осы аралықта Назарбаев зияткерлік мектептері жобаның академиялық серіктесі болып келеді.

 51 ауыл мектебі тірек мектептер желісіне қосылады
Фото: Furo.kz

Тірек мектептер желісіне енген әр мектепте заманауи оқу-құралдары, STEM, робототехника кабинеттері, арт және телестудия пайда болады. Ұстаздар еліміздің үздік ұстаздарымен тәжірибе алмасады.

Жоба толығымен жеке және қайырымдылық қаржыға жүзеге асырылады. Әр мектептің жабдықталуына «Қазақстан халқына» қоры 250 млн теңгеден, жалпы 12,8 млн теңге бөлді. Aitas холдингі Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының операциялық шығындарын өтеп берсе, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ ауыл ұстаздарын өз қаражатына оқытады.

Тірек мектептер желісін дамыту ауылдағы білім сапасының тұрақты өсуіне және балалардың тең білім алуына мүмкіндік береді.

2022-2024 жылдары ұлттық тірек мектептер желісін құру стратегиясы арқасында елімізде 141 ауыл мектебі тірек мектеп статусын алды. Биылғы 51 мектептің арқасында олардың саны 192-ге жетеді. Жалпы 1900-ден астам кабинет жаңадан жабдықталып, 190 мыңға жуық заманауи жағдайда білім алады.

Тірек мектептер аз уақытта жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. ҰБТ, олимпиадалар мен халықаралық жарыс жеңімпаздарының саны артып келеді.

Естеріңізге салсақ, 2024 жылдың желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобаға қатысқан Хромтау мектебіне барып, мектеп пен ұстаздарға жоғары бағасын берді. Ал премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігіне 2025 жылдың соңына дейін елімізде 200 тірек мектеп құруды тапсырған болатын.

2025 жылы қатысатын мектептердің толық тізімін furo.kz сайтынан көре аласыздар.

Соңғы жаңалықтар