53 мыңнан астам мұғалім жалақысына үстеме алды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 53 мыңнан астам мұғалім жаңартылған мазмұн әдістеме бойынша біліктілікті арттырудың деңгейлі курстарынан өтті. Осы ретте олар жалақысына үстеме алды. Бұл туралы бүгін Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі халықпен есепті кездесуінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
Сонымен қатар, министр 2015 жылға қарай мемлекеттік колледждердің 76 пайызы қазіргі заманғы білім беру жабдықтарымен қамтылғанын атап өтті.
«Техникалық және кәсіптік ұйымдардың 36 мың инженерлік-педагог қызметкерлері біліктілікті арттырудан өтті, оның ішінде 825-і шет елде оқып келді»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2011 жылдан бастап, 28 мың білім алушы жұмыс берушілердің есебінен оқытылып, 1700 орынға арналған 19 жатақхана салынды. Мұнымен қоса, жоғары оқу орындарының 100 басшысы Назарбаев Университеті базасында және шет елдерде біліктілікті арттырудан өтті.
«11 ЖОО-да мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында кадрларды даярлау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ол бойынша 2015 жылы 200 магистрантты даярлау басталды»,-деді Е. Сағадиев.