530 мың бала кезекші сыныпта білім алады
«Бірнеше күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Бүгінгі күні дайындық жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 1 қыркүйек - әдеттегідей Білім күні. 1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Өздеріңіз білетіндей, оқу жылы індетке байланысты қашықтан оқыту форматында жүргізіледі. Бұл туралы шілдеде Үкімет отырысында шешім қабылданған еді. Әрине, біз үшін ең бастысы - балалардың және ұстаздарымыздың денсаулығы, қауіпсіздігі», - деді ол.
Осы ретте министр қашықтан оқытудың екі ерекшелігіне тоқталды.
«Біріншісі - кезекші сыныптардың жұмысы. 1-4 сыныптарға байланысты кезекші сыныптардың жұмысы ата-аналардың дербес шешімі, өтініштері болса ұйымдастырылады. Екінші ерекшелік - бұл шалғайдағы ауылдардағы шағын жинақталған мектептер. Егер осы ауылдарда эпидемиологиялық ахуал жақсы болатын болса, онда бұл білім ордалары дәстүрлі форматта жұмыс істейтін болады. Сондай мүмкіндік беріп отырмыз»,- деді министр.
Оның дерегінше, оқушылардың 80 пайызы немесе 2,6 млн бала қашықтан білім алады. Бастауыш сынып оқушыларының 15 пайызы немесе 530 мың баланың ата-аналары кезекші сыныпта оқытуға өтініш берген.
«Қалған 5 пайыз балалар шағын жинақты дәстүрлі форматта оқитын болады. Олардың саны - 202 мың бала. Міне осындай форматта жұмысымызды бастаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.