55 млн теңге айыппұл және өмір бойғы тыйым: Қарағандыда екі шенеунікке үкім шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысына қатысты үкім кесілді, деп хабарлайды Антикордың баспасөз қызметі.

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының соты Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Департаментінің басшысы Д. Хамзинге және осы Департаменттің қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы К.Қашқынбаевқа қатысты үкім шығарды.
Хамзин Қазынашылық Департаментінің ғимаратын ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін 1 млн теңге көлемінде пара алғанына кінәлі деп танылды. Сонымен қатар ол Қашқынбаевпен бірлесіп олармен үлестес тұлғаларды жалған жұмысқа орналастыру арқылы 2,5 млн теңге жымқырды.
— Хамзин мен Қашқынбаевқа тиісінше 55 млн теңге және 25,4 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Осыдан бұрын «Төтенше жағдайлар министрлігінің Қазселденқорғау» ММ облыстық филиалының басшысы 3 жылға сотталғанын жаздық.