550 жылдығы тойланатын Қазақ хандығының тарихында Түркістанның орны ерекше - ОҚО әкімі А. Мырзахметов
- Асқар Исабекұлы, жаңа қорытындыланып жатқан Жылқы жылы Қазақстан үшін жаман болған жоқ деп жатырмыз. Былтырғы жыл оңтүстік өңір үшін де ерекше болды деп білеміз. Соның ішінде Шымкент қаласында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналып салынған тарихи-монументалдық кешен желтоқсан айында Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Мұндай жоғары марапаттың оңтүстік өңіріне бұйыруының сыры неде екенін жұртшылықпен бөліссеңіз?
- Расын айтайық, алғашында бiрден дәл бүгiнгiдей үлкен кешен түседi деп ойлаған жоқпыз. Бiз о баста «Ордабасы» алаңын ретке келтiргiмiз келдi. Ордабасының қазақ халқы үшiн қастерлi жер екенiн, «Ордабасы» деген атаудың қастерлi атау екенiн бәрiңiз бiлесiздер. Ордабасыда барша қазақ баласы бiр тудың астына бiрiгiп, жауға соққы бердi. Ордабасы - бiрлiк пен ынтымақтың символы. Осы тарихи атты иемденген алаңның ретсіз сауда орындары мен дүңгiршектерге толып кеткенi ойландырған болатын. Сондықтан Ордабасы атауының азаттыққа бастаған тарихи мәнiн ескере отырып, осында Тәуелсiздiкке тағзым ететiн орын жасап, монумент қоюды жөн деп таптық. Ел үшiн Отан мен Ананың орны ерекше болғандықтан монументтi «Отан-Ана» деп атадық. Кейiн монументтiң жан-жағын абаттандыру жұмыстары қолға алынған сәтте осы аумақты тұтас бiр кешенге айналдырсақ деген идеяның ұшы шыға бастады. Талай оқиғаның куәсi болған тарихи төбе - қаланың көрiктi жерi. Темiржол вокзалына жақын. Осыларды ескере отырып, саябақ салу туралы шешiмге келдiк. Бұл тек саябақ емес, жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтiн тарихи орын деуге болады. Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдық мерейтойына орай ашылған демалыс орнында 1991 жылдан бастап әр жылы орын алған ең елеулi оқиғалар тасқа қашалып жазылды. Тәуелсiздiк шежiресi тiзiлдi. Мемлекеттiк комиссия мәселенiң осы бiр рухани жағын ескерiп, жоғары марапатқа лайық деп тапты.
- Елбасы саясатының нәтижесінде елімізде ұлттық мәдениет пен өнерге мемлекеттік қолдау жан-жақты жасалып жатқаны белгілі. Соның айғағы да осындай мемлекеттік награда ғой. Ал бұндай қолдаудың Оңтүстік Қазақстан облысында қалай өрбіп отырғанына тоқталсаңыз?
- Кез келген сыйлық пен марапат адамның көңiлiн көтередi, құлшындырады. Әсiресе, Мемлекеттiк сыйлықтың орны бөлек. Бұл бізге қосымша жауапкершілік жүктейді.
Бiзде барлық салада көшбасшылар бар. Ұжымның жүрегiне айнала бiлетiн үздiк өнерпаздар да жеткiлiктi. Кезiнде дұрыс жағдай жасалмағандықтан бiраз нәрсенi жоғалтып алдық. Қазiр бәрi реттелдi. Мәдениет саласына жіті көңiл бөлiнiп, бұл салаға қажетті ғимараттар салынуда. Облыстық опера және балет театры, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимараттары заман талабына сай жаңартылды, облыстық «Отырар» кітапханасы мен Оңтүстік-цирк мекемелері ашылып, табысты жұмыс жасауда. Елбасының биыл облысымызға жасаған жұмыс сапары барысында «Түркістан» салтанат сарайы ашылып, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры жаңа ғимаратқа көшті. Облыс орталығында тарихи-мәдени аймақтың негізі қаланып, онда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мен әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ел игілігіне берілді.
Облыстық әзiл-сықақ және сатира театрына тиiстi қолдау көрсетiлуде. Оларға «Шымкент» кинотеатрының ғимаратын сатып әпердiк. Қуыршақ театры да жұмыс iстеп тұр. Оны жөндеуден өткіздік.
Енді шығармашылық ұжымдар iзденiстi күшейтуі қажет. Бұл міндетті облысымыздағы мәдениет саласының қызметкерлері ойдағыдай атқарады деген сенімдемін.
Осы тұрғыдан алғанда, 2015 жыл елiміз үшiн аса маңызды жыл болатынын да еске салғым келеді. Келесi жылы Қазақ хандығының - 550, Ата Заңымыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының - 20, Ұлы Жеңiстiң 70 жылдық мерейтойлары аталып өтiледi. Сонымен қатар ұлт кемеңгерi Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толады. Елбасы осы мерекелерге былтырғы Жолдауында ерекше тоқталып өттi. Оларды жоғары деңгейде атап өту туралы тапсырма бердi. Мемлекеттiк хатшының қатысуымен мемлекеттiк комиссия отырысы өттi. Жоспар жасалып, тиiстi мiндеттер жүктелдi. Бiз осы мiндеттердiң төңiрегiнде жұмыс атқарамыз. Облыс көлемiнде де өзiмiздiң iс-шара жоспары бекiтiлдi. Бiраз жобаларымыз бар. Өйткенi, облысымыздың әлеуетi қай жағынан алғанда да жоғары. Мәдени-тарихи маңызы бар iс-шараларды өткiзуде тәжiрибе жеткiлiктi. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған негiзгi жиын Жамбыл облысында ұйымдастырылады. Дегенмен, ойланатын бiр мәселе бар. Қазақтың игi жақсылары, хандары, ғұламалары, батырлары Түркiстанда жатқанын жалпақ жұрт бiледі. Сонымен қатар, ұлттығымызға, хандығымыз бен мемлекеттігімізге қатысы бар небiр тарихи оқиғалар да осы шаһарда болған. Елiмiз үшiн Түркiстанның орны ерекше. Сондықтан Түркiстан қаласында да осы мерекеге орай облыс деңгейінде ауқымды iс-шара ұйымдастыру жоспарымызда бар. Облыста қазірден бастап осы бағытта жұмыстар басталып та кеттi.
- Бәрекелді, істеріңіз оңға бассын! Асқар Исабекұлы, Жылқы жылын шығарып салып, Қой жылына қадам басып отырмыз. Ендеше облыстың бүгінгі даму деңгейінің нәтижелерімен бөлісіп өтсеңіз?
- 2014 жыл оңтүстікқазақстандықтар үшін ерекше жыл болды. Облыстан Индустрияландыру картасына құны 1,2 трлн. теңгені құрайтын 223 инвестициялық жоба енгізілді. Соңғы бес жылда өндіріске 180 млрд. теңге инвестиция тартылып, 135 жаңа жоба іске қосылды. 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл - республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл жалпы өңірлік өнім көлемі 2,3 трлн. теңгеге жетіп, соңғы бес жылда үш есеге ұлғайды. Өндіріс көлемі 2,5 есе, өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 15%-дан 25%-ға өсті. Инвестиция көлемі бір жарым есе, еңбек өнімділігі екі есе артты. Белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 125 мыңға жетті.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқасында соңғы бес жылда Оңтүстікте машина жасау, фармацевтика, тамақ өндірісі, тоқыма өнеркәсіптері мен құрылыс индустриясы кластерлерінің іс жүзінде толық негіздері қаланды.
Облыс диқандары 2,3 миллион тоннадан астам бақша мен көкөніс жинады. Жаңадан 16 мың гектар суармалы жер айналымға қосылды. Тамшылатып суғару әдісі еліміздегі көрсеткіштің 84 пайызын, жылыжайлар 86 пайызын құрады. Өңірлер арасында алғаш болып мал шаруашылығын дамытудың үш жылдық іс-шара жоспары қабылданып, 2098 жоба қаржыландырылды. Өңірімізде агро-индустриалды аймақ құру жобасы қолға алынды.
Жаңа 40 білім беру, 64 денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне берілді. «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейiнгi 160 мекеме іске қосылды. Облысымызда өңірлер арасында алғаш рет бауырға трансплантация жасалды.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 25 ауыз су нысаны пайдалануға берілсе, 65 елді мекен табиғи газбен қамтылды, 268 шақырым жол жөндеуден өтті. 69 көпқабатты үйдiң құрылысы жүргiзiліп, оның 23-і тапсырылды.
Облыс спортшылары түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, 438 алтын, 407 күміс, 377 қола медаль жеңіп алды.
- «Нұрлы жол» Жолдауының аясында алдағы жылдары облыста қандай салаларға басымдық берілмек?
- Оңтүстікқазақстандықтардың Жолдауда айтылған міндеттерді толық орындауға мүмкіндігі жеткілікті. Облыста тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің саны мен сапасын арттыра түсу, шағын және орта бизнесті дамыту ісі одан әрі жалғаса беретін болады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жолдың шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі екенін атап өтті. Бұл орайда біз облыс аумағынан өтетін «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің жарқын болашағын айта аламыз. Ғасыр жобасы аталған бұл транзиттік магистральдің 448 шақырымнан астамы біздің өңір аумағынан өтеді. Облысымыздағы бұл күре жол бүгіннің өзінде өзінің маңыздылығын дәлелдеп отыр.
«Шымкент-Ташкент» аралығындағы жолдың құрылысы да басталды. Аталған құрылысты 2015 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек Сарыағаш қаласы арқылы өтетін 75 шақырым айналма жолдың техникалық-экономикалық негіздемесіне қаржы қаралмақ. Осы жоба біткен жағдайда Мақтарал, Сарыағаш аудандарының 600 мыңға жуық тұрғынының облыс орталығымен байланысы жақсарады.
Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес Шымкентте «Сауда-логистикалық орталығының» құрылысы жүргізілуде. Мұнда жалпы алаңы 43,3 мың шаршы метрді құрайтын ауыл шаруашылық өнімдерін сақтайтын 11 қойма іске қосылмақ.
Жолдауда айтылған тапсырмалардың қатарында, кәсіпкерлікті дамытуға баса мән берілгені белгілі. Ал, облысымыздың осы бағыттағы әлеуеті үлкен. Бүгінде, өңір нарығында белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 125 мыңға жетті.
Өңірімізде туризм саласын дамыту мақсатында Түркістанда зияратшылар орталығы ашылды. «Қасқасу» тау-шаңғы базасы инфрақұрылымына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. «Сарыағаш» курорттық кешенін қалыптастыру және Шардара су қоймасының аумағын демалыс аймағына айналдыру мақсатында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде.
Жолдауда айтылған өзекті мәселенің бірі - әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту екендігі белгілі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы 48 апатты және 21 үш ауысымды мектептерді 2014-2016 жылдар аралығында ретке келтіру мақсатында жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 32 апатты мектепте құрылыс жұмысы басталған. 10 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайын болуына байланысты, құрылыс салу бойынша 2015 жылдың бюджетіне ұсынылды. Ал, қалған 6 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Осылайша алдағы екі жылда апатты 48 мектептің мәселесі толығымен шешілгелі отыр.
Үш ауысымда оқытылатын 21 мектептің төртеуінде құрылыс жұмыстары басталған. Қалған алты мектептің жоба-сметалық құжаттары 2015 жылдың еншісінде. Ал 11 мектептің жоба-сметалық құжаттарын 2016 жылдың бюджетіне қалдырмай келесі жылы аяқтау жоспарлануда.
Жоспарымыз айқын, мақсатымыз белгілі. Жолдау жүктеген міндеттерді орындауда оңтүстікқазақстандықтар бір кісідей атсалсады деген сенімдемін.
- Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!