Қайтарылған активтер: 5,6 млрд теңге Абай облысында медициналық нысандардың құрылысына жұмсалмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысына денсаулық сақтау саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 5,6 млрд теңге бөлінді. Қаражат өңірдегі инфрақұрылымды жақсартуға және медицина сапасын арттыруға бағытталмақ. Бұл туралы Үкімет мәлім етті.

5,6 млрд теңге көлеміндегі қайтарылған активтер
Фото: Үкімет

Үржар ауылында бұл қаражат көпсалалы орталық аудандық ауруханаға қосымша корпус салуға және заманауи медициналық техникамен жарақтандыруға жұмсалып отыр. 

Аягөз қаласында бөлінген қаражатқа көпсалалы орталық аудандық ауруханаға қосымша корпус салынып жатыр, онда магниттік-резонанстық томограф орнатылады.

Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жобалар азаматтарды уақтылы және сапалы медициналық қызметтермен қамту аясын кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Бұған дейін Арнаулы мемлекеттік қордан Семей қаласында 100 орындық медициналық-әлеуметтік психоневрология мекемесін салуға 2,6 млрд теңге бөлінген болатын.

5,6 млрд теңге көлеміндегі қайтарылған активтер
Фото: Үкімет

Естеріңізге сала кетсек, «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет денсаулық сақтау саласын дамыту үшін жүйелі түрде күш-жігер жұмсап келе жатқанын атап өткен болатын. Елімізде медициналық нысандардың барлық спектрі – ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін біртіндеп жаңғыртылуда. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысанның құрылысы салынды.

Еске сала кетейік, бұған дейін 5,5 млрд теңге қайтарылған активтер  БҚО-дағы ауылдарды сумен жабдықтауға бағытталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар