56 түрлі музыкалық аспап жасайды: Қосшы қаласының шебері қазақ мұрасын қалай сақтап жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Қосшы қаласының тұрғыны Нұржан Ділманов ширек ғасырдан астам уақыттан бері қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жасап келеді. Ол осы уақыт ішінде домбыра мен қобызды қоса алғанда, аспаптың 56 түрін жасауды меңгерген. Шебер бұл өнерді өмірлік мұратына айналдырып, ұлттық дәстүрді дәріптеп келеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

56 видов инструментов: как мастер из Косшы сохраняет казахское музыкальное наследие
Фото: Карина Кущанова / Kazinform

Әр аспаптың өз үні, әр шебердің өз қолтаңбасы бар. Нұржан Ділманов домбыраның қоңыр үнін шығару үшін ағаштың қасиетін танып, дыбыс табиғатын түсініп, жұмысқа жан-тәніңмен берілу қажет екенін айтады.

— Ұлттық музыкалық аспаптарды жасап келе жатқаныма 25 жылдан асты. Алғаш бастаған кезімде бұл өнердің жаныма жақын екенін түсіндім. Сүйікті ісім маған қуаныш сыйлап, уақыт өте келе табыс көзіне айналды. Қазір ұлттық аспаптардың 56 түрін жасаймын. Әр аспаптың өзіндік ерекшелігі, жасалу тәсілі мен сыры бар, — дейді шебер.

Оның шеберханасында қазақ мәдениетінің символына айналған домбыра басты орын алады. Домбыраның прима, бас, контрабас сияқты түрлері бар. Олардың әрқайсысы үні мен атқаратын қызметіне қарай ерекшеленеді.

Шебер аспап жасауда қарағай, шырша, қайың, қандыағаш, емен, тұт, қара және қызыл ағаш секілді әртүрлі ағаш түрлерін пайдаланады. Ағаш таңдау — сапалы аспап жасаудың маңызды кезеңдерінің бірі.

— Ағаштың сапасы аспаптың үніне тікелей әсер етеді. Кез келген ағаштан сапалы домбыра жасау мүмкін емес. Оның қасиетін, тығыздығын, күйін және дайын аспапта қалай өзгеретінін ескеру қажет. Әсіресе домбыраның шанағындағы дыбысты күшейтіп, үнін қалыптастыратын беткі тақтайы — дека маңызды. Сондықтан жұмыстың әр кезеңіне мұқият қараймын, — дейді Нұржан Ділманов.

Нағыз шеберлік шыдамдылықты талап етеді. Ағаш табиғи жолмен кемінде төрт жыл кептіріледі. Ал кейбір аспаптарды жасауға одан да көп уақыт қажет. Мәселен, нарқобызды дайындауға шебер шамамен алты ай жұмсайды.

— Біздің жұмыста асығыстыққа жол жоқ. Сапалы аспап жасау үшін ағашты дұрыс кептіріп, әр бөлшегін мұқият өңдеп, нәтижесін тексеру қажет. Жақсы аспап бір күнде жасалмайды. Ол үшін тәжірибе, білім мен шыдамдылық керек, — дейді шебер.

Нұржан Ділмановтың аспаптарын Қазақстанның кәсіби өнерпаздары жоғары бағалайды. Шебердің айтуынша, интернетте сатылатын аспаптардың бәрі бірдей сапалы дыбыс бере бермейді.

— Маған интернеттен сатып алынған домбыраны реставрациялауға жиі әкеледі. Кейбірі арзан материалдан жасалып, технологиялық қателіктерге жол берілген. Сырттай әдемі көрінгенімен, үні көңілден шықпайды әрі тез тозады. Домбыра тартуды шындап үйренгісі келетіндерге сенімді шеберге жүгінуге кеңес беремін. Домбыра әдемі ғана емес, үні де сапалы болуы керек, — дейді шебер.

56 видов инструментов: как мастер из Косшы сохраняет казахское музыкальное наследие
Фото: Карина Кущанова / Kazinform

Нұржан Ділманов ұлттық қолөнер дәстүрін сақтап қана қоймай, оны жас ұрпаққа үйретіп келеді. Шәкірттері аспап жасауды меңгеріп, түрлі байқауларға қатысады. Шебер үшін оларға кәсіптің қыр-сырын үйретумен қатар, өз ісіне деген құрметті сіңіру де маңызды.

— Музыкалық аспап жасайтын адам әуеннің жүрекке қуаныш сыйлайтынын түсінуі керек. Сондықтан әр бұйымға жан-тәніңді салу маңызды. Аспаптың шанағын жасап, ішегін тағып қою жеткіліксіз. Ол үн шығарып, адамдарға қуаныш сыйлауы керек. Шәкірттерім де осыны түсініп, ұлттық өнерімізді жалғастырса деймін, — дейді шебер.

Шебердің айтуынша, соңғы жылдары ұлттық аспапқа деген қызығушылық артқан. Балалар домбыра тартуды балабақшадан бастап үйреніп, мектептер мен оқушылар сарайларында жаңа үйірмелер ашылып жатыр. Бүгінде домбыра әр шаңырақтың төрінен орын алған.

56 видов инструментов: как мастер из Косшы сохраняет казахское музыкальное наследие
Фото: Карина Кущанова / Kazinform

Бұған дейін «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының бейнесабақтары YouTube желісінде жарияланғанын хабарлаған едік.