6 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 6 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

ЕСІМДЕР

71 жыл бұрын (1955) кинорежиссер, продюсер, киносценарист, актер Абай Сәдуақасұлы ҚАРПЫҚОВ дүниеге келді.

Абай Сәдуақасұлы ҚАРПЫҚОВ
Видеодан алынған кадр

Талдықорған облысында туған. Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын, С. Герасимов атындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген.

Тұңғыш қысқа метражды көркем фильмі республика жас кинематографистерінің «Бастау-83» байқау конкурсында үздік шықты. А. Қарпықов — отандық алғашқы «Тоғысқан тағдырлар», «Шегіртке» сериалдарының продюссері. Сондай-ақ «Полторы штуки», «Влюбленная рыбка», «Воздушный поцелуй», «Дорога дорогой, дорогая», «Автобус в час пик», «Бахыт. Первая кровь», «Ясновидец Мажикен», «Тот, кто нежнее», «Фара» фильмдерін түсірген.

66 жыл бұрын (1960) Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛ дүниеге келді.

Бақытбек СМАҒҰЛ
Фото: parlam.k

Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. 1978 жылы Қазалы қаласындағы 34-ші селолық кәсіптік-техникалық училищені қызыл дипломмен бітірген. 1979 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылған. Арнайы дайындықтан өткеннен кейін 1979 жылғы 27 желтоқсанда Ауған Халық Демократиялық Республикасында әскери қызмет атқаруға жіберілген. 1985 жылы Алматы құрылыс техникумын өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс мамандығы бойынша, 2004 жылы Орталық Азия университетін заңгер мамандығы бойынша, 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1985-1989 жылдары Алматы қаласы Калинин аудандық құрылыс-жөндеу басқармасының инженер-техникалық қадағалаушысы, 1989-1995 жылдары шағын кооператив директорының орынбасары, 1995-1996 жылдары Алматы қаласындағы Уақытша автотұрақ басқармасының бастығы, 1996-1997 жылдары «Болашақ» базарының директоры, 1997-1998 жылдары Алматыдағы «Көк базардың» бас әкімшісі, 1998-1999 жылдары «Сәлем» базарының директоры, 2000-2005 жылдары «Тайқазан Техносервис» ЖШС бас директорының орынбасары, 2005-2011 жылдары Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы төрағасының орынбасары, самбодан әлемнің екі дүркін чемпионы Асқар Шайхиев атындағы Таэкван-до спорт клубының президенті және «Сауап» қоғамдық қорының президенті, 2012-2015 жылдары бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты қызметінде болды. 2016-2021 жылдары алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, 2021-2023 жылдары жетінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Қазалы ауданының «Құрметті азаматы». II дәрежелі «Айбын», «Құрмет», «За заслуги», «Долг и честь» ордендерінің кавалері, Ресей Федерациясының, Ауғанстан Ислам Республикасының, Монғолия Республикасының медальдарымен және құрмет грамоталарымен марапатталған.

Таэквандодан V дан қара белбеу иегері. «Ауғанның от жалыны», «Мен көрген соғыс», «Война, которую видел я», «Қан кешкен күндер», «Намыстың құлы — Алаштың ұлы», «Қаhарман», «Үш қырлы жебе» кітаптарының авторы.

65 жыл бұрын (1961) «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры, отставкадағы генерал-майор Әділбек Қалибекұлы АЛДАБЕРГЕНОВ дүниеге келген.

Әділбек Қалибекұлы АЛДАБЕРГЕНОВ
Фото: Wikipedia

Шығыс Қазақстан облысында туған. Рязань жоғары әуе-десанттық командалық училищесін (1984); М. В. Фрунзе атындағы Әскери академияны сырттай (1996) бітірген.

Еңбек жолы: Орта Азия әскери округі әскерлері қолбасшысының қарамағына жіберіліп, 42610 әскери бөлімнің арнайы жасақталған тобының командирі Прикарпат әскери округі 186-ші арнайы мақсаттығы жеке жасақ тобының командирі, Ортаазия әскери округі 71170 әскери бөлімінің арнайы жасақталған отряды арнайы жасақталған тобының командирі, Германиядағы кеңес әскерлері тобы п. п. 83149 әскери бөлімінің арнайы жасақталған отряды арнайы жасақталған тобының командирі болды (1984-1988); Германиядағы кеңес әскерлері тобы 83149 әскери бөлімінің арнайы жасақталған отряды арнайы жасақталған ротасының командирі, 21208 әскери бөлімі арнайы жасақталған отряд командирінің орынбасары — штаб бастығы, Приволжье-Орал әскери округі арнайы жасақталған бригадасы арнайы жасақталған отряд командирінің орынбасары — штаб бастығы, ҚР ҚМ-нің қарамағында, жеке гвардиялық әуе-десанттық бригадасының парашют-десанттық батальоны командирінің орынбасары, жеке гвардиялық әуе-десанттық бригадасының парашют-десанттық батальон командирі, жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары — штаб бастығы (1988-1997); жеке гвардиялық десанттық-шабуыл бригадасының командирі, Ұтқыр күштер қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы, 14776 әскери бөлім басқармасының бастығы, Ұтқыр күштер қолбасшысының орынбасары Ұтқыр күштер қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы (1997-2004) болып қызмет атқарған. 2004-2007 жылдары «Батыс» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы, 2007-2009 жылдары «Шығыс» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы, 2009-2013 жылдары 14776 әскери бөлімнің командирі, ҚР Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, 2013-2016 жылдары ҚР ҚК Құрлықтағы әскерлер штабының бастығы — Бас қолбасшының бірінші орынбасары, 2016-2021 жылдары ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметіне 2024 жылдың сәуір айында кірісті.

«Қызыл жұлдыз» (1986), ІІ дәрежелі «Айбын», ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен наградталған.

59 жыл бұрын (1967) Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Заманбекұлы БАЙБЕКОВ дүниеге келді.

Шалқар Заманбекұлы БАЙБЕКОВ
Фото: Gov.kz

Семей (қазіргі — Абай) облысында туған. 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1988 жылы Семей облысы Жаңасемей аудандық Мемлекеттік сақтандыру инспекциясының аға инспекторы болып бастаған. 1988 жылы Семей қалалық қаржы бөлімінің салық инспекциясының салық ревизор — инспекторы лауазымына тағайындалды, содан кейін 1990-1996 жылдары Семей қаласы бойынша салық инспекциясы бастығының Бас мемлекеттік инспекторы, бөлім бастығы, бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 1996-1997 жылдары Семей облысы бойынша салық инспекциясы бастығының бірінші орынбасары, 1997-2002 жылдары Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, 2002-2003 жылдары Астана қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, 2003-2004 жылдары Астана қаласының Алматы ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, 2004-2008 жылдары Қарағанды облысы Салық комитетінің төрағасы, 2008 жылы ҚР Қаржы министрлігі. Салық басқармасының бастығы, 2008-2014 жылдары Астана қаласы бойынша Салық департаментінің Есіл ауданы бойынша Салық басқармасының бастығы, 2014-2017 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2017-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданының әкімі, 2022-2024 жылдары Абай облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметіне 2024 жылдың желтоқсанында сайланды.

55 жыл бұрын (1971) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Төлеген Дәстемұлы ҚАБДЫШЕВ дүниеге келді.

Төлеген Дәстемұлы ҚАБДЫШЕВ
Фото: Gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин ауданы, Явленка ауылында туған. 2001 жылы Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетін «Қаржы және несие» мамандығы, 2006 жылы Солтүстік Қазақстан университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1994-1999 жылдары Петропавл қаласы бойынша салық инспекциясының инспекторы, бас салық инспекторы, 1999-2000 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитеті Петропавл қалалық басқармасының сектор меңгерушісі, 2000-2002 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитеті ішкі аудит басқармасының бас салық инспекторы, 2002-2003 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитеті ішкі аудит басқармасының бастығы, 2003-2005 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық комитеті ұйымдастыру басқармасының бастығы, 2005-2008 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы, 2008-2009 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы бойынша салық басқармасының басшысы, 2009-2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары, 2014-2018 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болып қызмет етті. 2019-2025 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып қызмет еткен.

2025 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған (2012).

51 жыл бұрын (1975) Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ректоры — Басқарма төрағасы Ермек Әбілтайұлы БӨРІБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (1996, 1998) заң факультетін (бакалавриат), құқықтану (магистратура) мамандықтары бойынша бітірген, заң ғылымдарының докторы (2009).

Еңбек жолы: 1998-2005 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің азаматтық және кәсіпкерлік құқық кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті, 2005-2012 жылдары Еуразия гуманитарлық институтының мемлекеттік және құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, доценті, профессор міндетін атқарушысы, 2012-2017 жылдары Алматы қаласы нотариаттық палатасының Басқарма мүшесі, 2012-2018 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, 2018-2021 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ құқықтану кафедрасының меңгерушісі, 2021-2024 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма мүшесі — ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі проректоры болып қызмет атқарған.

51 жыл бұрын (1975) Қонаев қаласының әкімі Асхат Ермекұлы БЕРДІХАНОВ дүниеге келді.

 Асхат Ермекұлы БЕРДІХАНОВ
Фото: Gov.kz

1995 жылы Павлодар каласының машина жасау колледжін «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың электр жабдығы» мамандығы бойынша, 2005 жылы С. М. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Заңгер» мамандығы бойынша, 2015 жылы Еуразиялық технологиялық университетін «Электроэнергетика» мамандығы бойынша, 2017 жылы С. М. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Энергетика және электротехника» мамандығы бойынша, 2022 жылы А.Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университетін «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1995 жылы Павлодар трактор зауытында электромонтер болып бастаған. Әр жылдары құқық қорғау органдарында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. Балқаш жылу электр станциясы Басқарма төрағасының орынбасары, «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамының бас менеджері, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ бас инженері, «Samruk-Kazyna Construction» басқармасының бастығы, Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Ұ.Қантаев атындағы Мойнақ гидроэлектростанциясының Басқарма төрағасының бірінші орынбасары — бас инженері қызметтерін атқарды. 2023-2024 жылдың Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.

2024 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

2-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған (2011).

50 жыл бұрын (1976) VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Данияр Алдабергенұлы ҚАСҚАРАУОВ дүниеге келді.

Данияр Алдабергенұлы ҚАСҚАРАУОВ
Фото: allfight.ru

Алматы облысында туған. Қазақстан инженерлік-педагогикалық университетінің Халықтар достығы университетін, Қазақ спорт және туризм академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1999-2006 жылдары күзет қызметінің бастығы, 2006-2015 жылдары «Khaitan Cargo» ЖШС логистикалық қызметінің басшысы, 2015-2020 жылдары «D& B Trans» ЖШС құрылтайшысы, 2022-2023 жылдары «Ер-Намыс» республикалық қоғамдық ұйымының президенті, 2011-2023 жылдары «Алаш Прайд» қоғамдық қорының негізін қалаушы, тең құрылтайшысы және президенті қызметінде болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың наурызынан бері атқарып жатыр.

48 жыл бұрын (1978) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры — Басқарма төрағасы Болат Анапияұлы ТІЛЕПОВ дүниеге келді.

Болат Анапияұлы ТІЛЕПОВ
Фото: primeminister.kz

Кентау қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін саясаттанушы, саясаттану оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: 2001-2005 жылдары «Стратегия» талдау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, Әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Саяси технологиялар орталығының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. 2005-2006 жылдары Алматы қаласы әкімі аппаратының Қазақстан халқы кіші ассамблеясы меңгерушісінің міндетін атқарушы, хатшылық меңгерушісі, 2008 жылы Алматы қаласы Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, 2008-2013 жылдары Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, 2013-2014 жылдары «Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы» ММ басшысы, 2014-2015 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігінің Әкімшілік департаменті басшысының орынбасары, 2015-2016 жылдары ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі, 2019-2020 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді.

2023 жылдың қыркүйек айынан бастап қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар