6 қаңтар. Туған күн иелері
ЕСІМДЕР
159 жыл бұрын (1860-1917) Абайдың шығармаларын жинап, өз қолымен көшіріп, ел арасына таратушы Мүрсейіт БІКЕҰЛЫ дүниеге келді.
Ол Семейде төрт жылдық орыс мектебін бітірген. Орыс, қазақ, араб әдебиетімен біршама таныс болды. Біраз жыл Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь болып жұмыс істеді. Ел ішінде мектеп ашып, бала оқытады. Кейін ұлы ақынның әдеби хатшысы болған.
Мүрсейіт Абай шығармаларының 1909 жылы шыққан тұңғыш басылымының түпнұсқасын құрастыруға қатысып, оған корректорлық еткен. Бізге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен. Қазір бұл қолжазбалар Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Мүрсейіттің Абайтану ғылымына қосқан үлесін М.Әуезов «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп жоғары бағалады.
71 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет қайраткері, Астана қаласының Құрметті азаматы Владимир Николаевич РЕДКОКАШИН дүниеге келді.
Алматы халық шаруашылығы институтын, Челябинск мемлекеттік мәдениет институтын бітірген. Экономист, мәдени-ағартушы жұмысының ұйымдастырушы-методисі. Жастар сарайы директорының орынбасары, директоры, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Конгресс-Холл сарайының директоры, Астана қаласы мәслихатының хатшысы, Астана қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып қызмет атқарған. Жеті медальмен марапатталған.
62 жыл бұрын (1957) Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының Нормативтерді әзірлеу орталығының директоры Рәшит Жапарұлы ШӘРІПОВ дүниеге келген.
Ол Жамбыл қаласында туған. Қазақ политехника институтын жылу және газбен қамтамасыз ету және желдету мамандығымен бітірген (1979).
Еңбек жолы: Жамбыл желдету жұмыстары басқармасының шебері (1979-1981); Қазақ политехника институтының Қаратау филиалында оқытушы (1981-1984); Ленинград тау-кен институтында стажер-зерттеуші, аспирант (1984-1989); Қазақ политехника институтының Қаратау филиалында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі (1989-1996); «ШАРК» тау-кен геологиялық компаниясы» ЖШС директоры (1996-2000); М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің инженер-техникалық мамандықтар факультетінде декан орынбасары, аға оқытушы (2000-2006); Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің Тау-кен институтының «Жер астында пайдалы қазбаларды өндіру» кафедрасының доценті (2006-2007); «KAZGOR» жобалау академиясының Ғылыми зерттеулер, ақпараттық және нормативтік әзірлемелер орталығының бас маманы, жетекші ғылыми қызметкері, академияның стандарттау жөніндегі «Сәулет, қала салу және құрылыс» техникалық комитетінің жауапты хатшысы (2007-2010); ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде жетекші инженер, (2010-2012); «KAZGOR» жобалау академиясының Ғылыми зерттеулер, ақпараттық және нормативтік әзірлемелер орталығының бас маманы, салалық ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі (2012-2013); «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ талдау және әдіснама бөлімінің бастығы, Нормативтерді әзірлеу орталығының директоры, техникалық комитеттің жауапты хатшысы (2013-2015).
Қазіргі лауазымы 2015 жылдан бері атқарып келеді.
60 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Сергей Николаевич ГРОМОВ дүниеге келді.
Талдықорған облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын, «Әулие-Ата» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Әр жылдары: ассистент, оқытушы, Институттың комсомол хатшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, совхоз парткомының хатшысы, бас директор, аудан әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің инспекторы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратының жетекшісі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып 2013 жылдың қыркүйек айынан тағайындалған.
Қазіргі қызметін 2016 жылғы қаңтардан бері атқарып келеді.
59 жыл бұрын (1960) Астана қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Боранбайұлы МАРЖЫҚПАЕВ дүниеге келді.
Ақмола облысы, Қырқыншы бекетте туған. С. Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педогогикалық институтын (қазіргі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті) дене шынықтыру мамандығы бойынша бітірді. КСРО спорт шебері. Кеңес әскері қатарында бөлім командирі және запастағы офицер болды. 1985 жылы Ақмола облысы, Астрахан ауданының Красногвардия орта мектебінде дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істеп, 1989 жылы аталған мектеп директоры болды. Красногвардия орта мектебіне 1994 жылға дейін басшылық етті. 1994 жылдан 2006 жылға дейін Астана қаласының Кеден басқармасында қызмет атқарды. 2005 жылы «Бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын алды. 2006-2008 жылдар аралығында Астана қаласы дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы болды. 2008-2009 жылдар аралығында «Астана» кәсіби футбол клубының директоры болды. 2009-2011 жылдар аралығында «Ұлттық штаттық командалар және спорттық резерв дирекциясы» МКҚК директорының орынбасары болды. 2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2015 жылдың 9 ақпанынан бастап Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен марапатталған (2012).
54 жыл бұрын (1965) Қостанай облысы Қостанай ауданының әкімі Қайрат Жұмашұлы АХМЕТОВ дүниеге келген.
Ол Қостанай облысында туған. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітірген (1987), ғалым агроном. Меңдіқара ауданының «Қаратал» кеңшарында жұмысшы (1981-1982); Меңдіқара ауданының «Каменск-Уральский» кеңшарының бөлімше агронымы (1987-1988); Мендіқара ауданы «Қаратал» кеңшарында инспектор-гидротехник (1988-1989); Қостанай облысы Әулиекөл ауданы «Новонежин» кеңшарында бөлімше басқармасы, бас агроном, экономист (1989-1993); Әулиекөл ауданы «Қазанбасы» кеңшарында бас агроном (1993-1995); «Қазанбасы» ұжымдық кәсіпорынының атқарушы директоры (1995-1998); «Қазанбасы» ҰК «Қызыл таң» ЖШС директоры (1998-2000); Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облыстық аумақтық басқармасы бастығының міндетін атқарушы (2000-2002); Қостанай облысы Мендіқара ауданының әкімі (2002-2006); Қостанай облысы ауыл шаруашылығы департаментінің директоры (2006-2007); Қарасу ауданының әкімі (2007-2010); Федоров ауданының әкімі (2010-2016).
Қазіргі лауазымын 2016 жылғы шілдеден бері атқарып келеді.
«Құрмет» орденімен (2008); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001); «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медальдарымен марапатталған.
48 жыл бұрын (1971) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі Талғат Пердебекұлы КҮЗЕМБАЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Алғабас ауылында туған. Қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясының вокалдық-хор факультетін (1998) және оның ассистентурасын (2000; профессоры Х. Есімовтың жетекшілігімен) бітіргеннен кейін Қазақтың мемлекеттік |академиялық опера және балет театры труппасына қабылданды, әнші (драмалық-баритон). Оның опералық-орындаушылық репертуарынан қазақ композиторларының, сондай-ақ дүниежүзілік классикалық музыка шығармалар кең орын алды.
Негізгі орындаған партиялары: Жанбота, Жиенқұл (М.Төлебаев, «Біржан - Сара»), Абай, Жиренше (А.Жұбанов пен Хамидидің осы аттас операсы), Бекежан (Е.Г.Брусиловский, «Қыз Жібек»), Абылай хан Рахмадиевтің осы аттас операсы, 2004; ҚР Мемлекеттік сыйлығы, 2006). Сонымен қатар Н.А. Римский-Корсаков, П.И.Чайковский, Ж.Бизе, Дж. Пуччини, Дж. Верди операларында күрделі партияларды орындады.
Оның орындауындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны әнтабаққа жазылды. Ол 2007 жылы Қазан қаласындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында Вердидің «Трубадур» операсын қоюға қатысты. Сол жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының опералық труппасымен Кипрдегі Пафос қаласында «Афродита» фестиваліне қатысып, Граф ди Луна партиясын (Верди, «Трубадур») орындады. К.Байсейітова атындағы республика әншілер байқауының (1998, 3-сыйлық), Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2001, 1-сыйлығы), Б.Төлегенова атындағы 2-халықаралық әншілер байқауының (2004, 1-сыйлық) лауреаты және Астрахан қаласында өткен М.И. Глинка атындағы халықаралық әншілер байқауының дипломанты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).