6 қаңтар. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 6 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
None
None

ЕСІМДЕР

152 жыл бұрын (1870-1917) Абайдың шығармаларын насихаттаушы, ел арасына таратушы Мүрсейіт БІКЕҰЛЫ дүниеге келді.

Ол Семейде төрт жылдық орыс мектебін бітірген. Орыс, қазақ, араб әдебиетімен біршама таныс болды. Біраз жыл Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь болып жұмыс істеді. Ел ішінде мектеп ашып, бала оқытады. Кейін ұлы ақын Абайдың әдеби хатшысы болған.

Мүрсейіт Абай шығармаларының 1909 жылы шыққан тұңғыш басылымының түпнұсқасын құрастыруға қатысып, оған корректорлық еткен. Бізге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен. Қазір бұл қолжазбалар Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Мүрсейіттің Абайтану ғылымына қосқан үлесін М.Әуезов «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп жоғары бағалады.

90 жыл бұрын (1932-2021) Қазақстан ғалымы, химия ғылымының докторы, Қазақ КСР ҒА академигі, Қазақ КСР еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ КСР ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның құрметті мүнайшысы Нәдір Кәрімұлы НӘДІРОВ дүниеге келді.

Әзірбайжан Республикасы Нахичеван ауданы Кикач ауылында дүниеге келген.

1937 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанның Сарысу ауданына қоныс аударылған. Өрнек ауылындағы мектепте орта білім алды. 1953 жылы Қызылорда педагогика институтын бітірді. 1953-1956 жылдары Шолақтау кентінде (қазіргі Қаратау қаласы) мектепте химия пәнінің мұғалімі, 1956-1959 жылдары Мәскеу мемлекеттік педагогика университетінің аспиранты, 1959-1968 жылдары Хабаровск педагогика институтының кафедра меңгерушісі, 1968-1975 жылдары Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтында кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, 1975-1986 жылдары Қазақстан ҒА-ның Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының директоры, ҒА-ның Бас ғылыми хатшысы, 1987-1990 жылдары Бүкілодақтық мұнай ғылыми-зерттеу институтының Қазақстандағы бөлімінің бастығы, 1993-2000 жылдары ҚР Ұлттық инженерлік академиясының 1-вице-президенті. 1998 жылдан «Нефть и газ» журналының бас редакторы.

Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (1979); Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1982); КСРО-ның құрметті мұнайшысы (1986); И.М.Губкин атындағы сыйлықтың иегері (1996); «ХХ ғасырдың көрнекті инженері» (2000); Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері (2003). Қазақстандағы «Барабанг» атты күрдтер ассоциациясының президенті, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі.

74 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Владимир Николаевич РЕДКОКАШИН дүниеге келді.

Алматы халық шаруашылығы институтын, Челябинск мемлекеттік мәдениет институтын бітірген. Экономист, мәдени-ағартушы жұмысының ұйымдастырушы-методисі. Жастар сарайы директорының орынбасары, директоры, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Конгресс-Холл сарайының директоры, Астана қаласы мәслихатының хатшысы, Астана қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып қызмет атқарған.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылғы қыркүйектен бері.

Жеті медальмен марапатталған.

63 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Сергей Николаевич ГРОМОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын, «Әулие-Ата» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Әр жылдары ассистент, оқытушы, Институттың комсомол хатшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, совхоз парткомының хатшысы, бас директор, аудан әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің инспекторы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Орталық аппаратының жетекшісі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып (2013-2019). Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі (2019-2021).

57 жыл бұрын (1965) Қостанай қаласының әкімі Қайрат Жұмашұлы АХМЕТОВ дүниеге келді.

Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Төленгіт ауылында дүниеге келген. 1981-1982 жылдары Меңдіқара ауданының «Қаратал» кеңшарында жұмыс істеді.

1982 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына түсіп, 1987 жылы оны аяқтап, агроном ғалым мамандығын иеленді. 1987-1988 жылдары Меңдіқара ауданының «Каменск-Уральский» кеңшарының бөлімше агронымы болып еңбек етті. 1988-1989 жылдары Мендіқара ауданы «Қаратал» кеңшарында инспектор-гидротехник болды. 1989-1993 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданы «Новонежин» кеңшарында бөлімше басқармасы, бас агроном, экономист болып еңбек етті. 1993-1995 жылдары Әулиекөл ауданы «Қазанбасы» кеңшарында бас агроном болып қызмет атқарды. 1995 жылы шілдеде «Қазанбасы» ұжымдық кәсіпорынының атқарушы директоры болып сайланып, онда 1998 жылдың сәуіріне дейін жұмыс істеді. 1998 жылдың сәуірінде «Қазанбасы» ҰК «Қызыл таң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылып, онда 2000 жылдың мамырына дейін директор болып еңбек етті. 2000 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Қостанай облыстық аумақтық басқармасы бастығының міндетін атқарушы болды. 2002 жылдың қазанынан 2006 жылдың сәуіріне дейін Қостанай облысы Мендіқара ауданының әкімі болды. 2006 жылы маусымда Қостанай облысы ауыл шаруашылығы департаментінің директоры болып тағайындалды. 2007-2010 жылдары Қарасу ауданының әкімі болып жұмыс істеді. 2010 жылдың қазан айында Федоров ауданының әкімі лауазымына тағайындалды. 2016-2019 жж – Қостанай ауданының әкімі (2016-2019).

Қазіргі қызметінде 2019 жылдың ақпан айынан бері.


53 жыл бұрын (1969) белгілі журналист, медиа-менеджер Батыр Кәкімжанұлы ҚАЗЫБАЕВ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі, Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары секілді лауазымды қызметтер атқарды. «Жетінші арна», Tengri FM, «Фокус» газеті, «Алаш айнасы» газеті, Massaget.kz сайты секілді ауқымды жобаларға жетекшілік етті. Қазіргі күні Tengrinews.kz, Massaget.kz,Vesti.kz ақпараттық порталдары, «Tengri FM», «Жұлдыз FM» радиостанциялары, сондай-ақ СТВ телеарнасы секілді бірқатар ақпарат ресурсы қарайтын «Alash Media Group» медиа холдингінің бас директоры.

2017 жылы Қазақстан Медиа Альянсының құрылтайшыларының бірі әрі Басқарма мүшесі болды.

51 жыл бұрын (1971) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі Талғат Пердебекұлы КҮЗЕМБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Алғабас ауылында туған. Қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясының вокалдық-хор факультетін (1998) және оның ассистентурасын (2000; профессоры Х. Есімовтың жетекшілігімен) бітіргеннен кейін Қазақтың мемлекеттік |академиялық опера және балет театры труппасына қабылданды, әнші (драмалық-баритон). Оның опералық-орындаушылық репертуарынан қазақ композиторларының, сондай-ақ дүниежүзілік классикалық музыка шығармалар кең орын алды.

Негізгі орындаған партиялары: Жанбота, Жиенқұл (М.Төлебаев, «Біржан - Сара»), Абай, Жиренше (А.Жұбанов пен Хамидидің осы аттас операсы), Бекежан (Е.Г.Брусиловский, «Қыз Жібек»), Абылай хан Рахмадиевтің осы аттас операсы, 2004; ҚР Мемлекеттік сыйлығы, 2006). Сонымен қатар Н.А. Римский-Корсаков, П.И.Чайковский, Ж.Бизе, Дж. Пуччини, Дж. Верди операларында күрделі партияларды орындады.

Оның орындауындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны әнтабаққа жазылды. Ол 2007 жылы Қазан қаласындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында Вердидің «Трубадур» операсын қоюға қатысты. Сол жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының опералық труппасымен Кипрдегі Пафос қаласында «Афродита» фестиваліне қатысып, Граф ди Луна партиясын (Верди, «Трубадур») орындады. К.Байсейітова атындағы республика әншілер байқауының (1998, 3-сыйлық), Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2001, 1-сыйлығы), Б.Төлегенова атындағы 2-халықаралық әншілер байқауының (2004, 1-сыйлық) лауреаты және Астрахан қаласында өткен М.И. Глинка атындағы халықаралық әншілер байқауының дипломанты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).

47 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Алтынбайұлы ӘЛІМБАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетін, Женева халықаралық қатынастар және дипломатия институтын тәмамдаған (Швейцария Конфедерациясы).

Еңбек жолы: ҚР СІМ жүйесінде 1997 жылдан бастап жұмыс істейді. Дипломатиялық қызметін Азия, Таяу Шығыс және Африка Департаментінің референт ретінде бастап, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші дәрежесіне дейін көтерілді. 2008-2010 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде ол Қазақстанның Үндістан және Кореядағы елшіліктерінде, сондай-ақ Швейцарияның Женева қаласындағы БҰҰ кеңсесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының тұрақты өкілдігінде қызмет етті. Қазақстанның Үндістандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін ол Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, Қазақстандағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Ұлттық үйлестірушісі болды. Қазақстан Республикасының Үндістандағы Төтенше және Өкілетті елшісі; Қазақстан Республикасының Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Непал Федеративтік Демократиялық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдивтер Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы болып қызмет атқарған (2020-2021).

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың сәуір айынан.


Соңғы жаңалықтар