6 қаңтар. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 6 қаңтар күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
67 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі Сергей Николаевич ГРОМОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, Алматы саясаттану және басқару институтын, «Әулие-Ата» университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Әр жылдары ассистент, оқытушы, Институттың комсомол хатшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, совхоз парткомының хатшысы, бас директор, аудан әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігінің инспекторы, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының жетекшісі, «Нұр Отан» ХДП төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» ХДП хатшысы, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс атқарған.
2013-2019 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. 2019-2021 жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған.
Қазіргі лауазымын 2021 жылдың желтоқсан айынан бері атқарып келеді.
60 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Серікбайұлы ОҢАЛБАЕВ дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірген.
Еңбек жолы: 1994-1995 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінде ассистент, 1995-1997 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің атташесі, 1997-2001 жылдары Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2001-2003 жылдары Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің бірінші хатшысы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің кеңесшісі, 2003-2009 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшілігінің бірінші хатшысы; Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі, 2009-2011 жылдары Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің бастығы, 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшілігінің Министр кеңесшісі, 2012-2018 жылдары Горган қаласындағы (Иран) Қазақстан Республикасының Бас консулы, 2018-2019 жылдары DKS Таяу Шығыс, Азия және Африка департаментінің басшысы, 2019-2022 жылдары DKS директорының орынбасары, Таяу, Таяу Шығыс және Африка департаментінің директоры, 2022-2024 жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі лауазымын атқарған.
2024 жылдың наурыз айынан бері қазіргі қызметінде.
55 жыл бұрын (1971) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі Талғат Пердебекұлы КҮЗЕМБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Алғабас ауылында туған. Қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясының вокалдық-хор факультетін (1998) және оның ассистентурасын (2000; профессоры Х.Есімовтың жетекшілігімен) бітіргеннен кейін Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театры труппасына қабылданды, әнші (драмалық-баритон). Оның опералық-орындаушылық репертуарынан қазақ композиторларының, сондай-ақ дүниежүзілік классикалық музыка шығармалар кең орын алды.
Негізгі орындаған партиялары: Жанбота, Жиенқұл (М.Төлебаев, «Біржан - Сара»), Абай, Жиренше (А.Жұбанов пен Хамидидің осы аттас операсы), Бекежан (Е.Г.Брусиловский, «Қыз Жібек»), Абылай хан Рахмадиевтің осы аттас операсы, 2004; ҚР Мемлекеттік сыйлығы, 2006). Сонымен қатар Н.А.Римский-Корсаков, П.И.Чайковский, Ж.Бизе, Дж. Пуччини, Дж. Верди операларында күрделі партияларды орындады.
Оның орындауындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны әнтабаққа жазылды. Ол 2007 жылы Қазан қаласындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында Вердидің «Трубадур» операсын қоюға қатысты.
Сол жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының опералық труппасымен Кипрдегі Пафос қаласында «Афродита» фестиваліне қатысып, Граф ди Луна партиясын (Верди, «Трубадур») орындады. К.Байсейітова атындағы республика әншілер байқауының (1998, 3-сыйлық), Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің (2001, 1-сыйлығы), Б.Төлегенова атындағы 2-халықаралық әншілер байқауының (2004, 1-сыйлық) лауреаты және Астрахан қаласында өткен М.И. Глинка атындағы халықаралық әншілер байқауының дипломанты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2006).
48 жыл бұрын (1978) Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы Мәлік Сейілханұлы ӘБДІҚАДЫРОВ дүниеге келді.

1999 жылы «Қайнар» университетінің заңгер, 2011 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің мұнай-газ ісі мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар, 2011 жылы Абердин Шотландия Университетінің құқық магистрін тәмәмдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы Бейнеу ауданы Прокурорының көмекшісі қызметінен бастап, 2014 жылға дейін облыс бойынша прокуратура саласында түрлі қызмет атқарған. 2014-2015 жылдары «Лукойл Оверсиз» компаниясының «Батыс-Курина-2» жобасының әкімшілік менеджері қызметін атқарды. 2017-2020 жылдары табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, департамент басшысы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. 2020-2022 жылдары Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, 2022 жылы Маңғыстау облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметінде болды.
2024 жылдың шілде айынан бастап қазіргі қызметінде.
45 жыл бұрын (1981) Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Болатұлы ИМАШЕВ дүниеге келді.

С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтаған. Экономика және бизнес магистрі.
Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласындағы Каратэ-до және жекпе-жек өнері федерациясының менеджері болып бастаған. 2007-2011 жылдары оның вице-президенті болды. 2012-2022 жылдары Астана қаласының олимпиадалық резервті дайындау орталығының жаттықтырушысы, Астана қаласының бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы, Астана қаласының №7 БЖСМ директоры болып еңбек етті. 2022-2024 жылдары - Астана қаласының спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары. 2024 жылы ҚР туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
Қазіргі лауазымын 2024 жылдың қарашасынан бері атқарып келеді.
156 жыл бұрын (1870-1917) Абайдың шығармаларын насихаттаушы, ел арасына таратушы Мүрсейіт БІКЕҰЛЫ дүниеге келді.
Ол Семейде төрт жылдық орыс мектебін бітірген. Орыс, қазақ, араб әдебиетімен біршама таныс болды. Біраз жыл Семей оязының кеңсесінде тілмаш әрі писарь болып жұмыс істеді. Ел ішінде мектеп ашып, бала оқытады. Кейін ұлы ақын Абайдың әдеби хатшысы болған.
Мүрсейіт Абай шығармаларының 1909 жылы шыққан тұңғыш басылымының түпнұсқасын құрастыруға қатысып, оған корректорлық еткен. Бізге Абай еңбектерінің түпнұсқасы Бікеұлының 1905, 1907, 1910 жылдардағы үш қолжазбасы арқылы жеткен.
Қазір бұл қолжазбалар Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы. Мүрсейіттің абайтану ғылымына қосқан үлесін М.Әуезов «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп таратушылар арасында Мүрсейіт Бікеұлының еңбегін айрықша атап өту керек» деп жоғары бағалады.
94 жыл бұрын (1932-2021) Қазақстан ғалымы, химия ғылымының докторы, Қазақ КСР ҒА академигі, Қазақ КСР еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ КСР ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО және Қазақстанның құрметті мүнайшысы Нәдір Кәрімұлы НӘДІРОВ дүниеге келді.

Әзербайжан Республикасы Нахичеван ауданы Кикач ауылында туған.
1937 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанның Сарысу ауданына қоныс аударды. Өрнек ауылындағы мектепте орта білім алды. 1953 жылы Қызылорда педагогика институтын бітірді. 1953-1956 жылдары Шолақтау кентінде (қазіргі Қаратау қаласы) мектепте химия пәнінің мұғалімі, 1956-1959 жылдары Мәскеу мемлекеттік педагогика университетінің аспиранты, 1959-1968 жылдары Хабаровск педагогика институтының кафедра меңгерушісі, 1968-1975 жылдары Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтында кафедра меңгерушісі, ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, 1975-1986 жылдары Қазақстан ҒА-ның Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтының директоры, ҒА-ның Бас ғылыми хатшысы, 1987-1990 жылдары Бүкілодақтық мұнай ғылыми-зерттеу институтының Қазақстандағы бөлімінің бастығы, 1993-2000 жылдары ҚР Ұлттық инженерлік академиясының 1-вице-президенті, 1998 жылдан «Нефть и газ» журналының бас редакторы қызметін атқарды.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (1979); Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1982); КСРО-ның құрметті мұнайшысы (1986); И.М.Губкин атындағы сыйлықтың иегері (1996); «ХХ ғасырдың көрнекті инженері» (2000); Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегері (2003). Қазақстандағы «Барабанг» атты күрдтер ассоциациясының президенті, Қазақстан халықтары ассамблеясының мүшесі.
78 жыл бұрын (1948-2024) Қазақстанның саясат және қоғам қайраткері Владимир Николаевич РЕДКОКАШИН дүниеге келді.

Алматы халық шаруашылығы институтын, Челябинск мемлекеттік мәдениет институтын бітірген. Экономист, мәдени-ағартушы жұмысының ұйымдастырушы-методисі.
Жастар сарайы директорының орынбасары, директоры, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Конгресс-Холл сарайының директоры, Астана қаласы мәслихатының хатшысы, Астана қаласынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып қызмет атқарған.
Түрлі медальдармен марапатталған.
57 жыл бұрын (1969-2022) белгілі журналист, медиа-менеджер Батыр Кәкімжанұлы ҚАЗЫБАЕВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Әр жылдары ҚР Премьер-министрінің қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі, Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары сияқты лауазымды қызметтер атқарды. «Жетінші арна», Tengri FM, «Фокус» газеті, «Алаш айнасы» газеті, Massaget.kz сайты секілді ауқымды жобаларға жетекшілік етті.
Tengrinews.kz, Massaget.kz, Vesti.kz ақпараттық порталдары, «Tengri FM», «Жұлдыз FM» радиостанциялары, сондай-ақ СТВ телеарнасы секілді бірқатар ақпарат ресурсы қарайтын «Alash Media Group» медиа холдингінің бас директоры қызметін атқарған.
2017 жылы ол Қазақстан Медиа Альянсы құрылтайшыларының бірі әрі басқарма мүшесі болды.