6 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, яғни 6 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

ЕСІМДЕР

63 жыл бұрын (1962) Қазақстан Республикасы Президент орталығы директорының орынбасары Серік Сіләмжанұлы СЫДЫҚОВ дүниеге келді.

Серік Сіләмжанұлы СЫДЫҚОВ
Фото: qr-pib.kz

С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер. Қазақ КСР Еңбек мемлекеттік комитетінде еңбек ресурстары бөлімінің аға экономисі және іс басқару аға инспекторы, ҚР Еңбек министрлігінің жұмыспен қамту бас басқармасында еңбекті құқықтық реттеу бөлімінің бас заң кеңесшісі, Жұмыспен қамту мемлекеттік қызмет инспекциясының бастығы, Жұмыспен қамту бас басқармасы бастығының орынбасары; «Тұран-Агро» ЖШҚ заң бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президентінің Жоғарғы кеңестегі өкілінің аға сарапшысы, ҚР Парламенті Сенаты аппаратында консультант, құқықтық сараптама бөлімінің сектор меңгерушісі, сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Әкімшілік бөлім меңгерушісі, аппарат басшысының бірінші орынбасары, ҚР Парламенті Сенаты аппаратының басшысы болып қызмет атқарды. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі (2020-2022).

«Құрмет» орденімен, ТМД ПАА Құрмет грамотасымен, «ТМД ПАА. 20 жыл» күміс медалімен, медальдармен марапатталған.

61 жыл бұрын (1964) Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот алқасының төрағасы Асқар Спартакұлы СМАЙЛОВ дүниеге келді.

 Асқар Спартакұлы СМАЙЛОВ
Фото: instagram.com/prokadrykz

Жамбыл облысы, Қаратау қаласында дүниеге келген. Қарағанды ​​мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген (1989).

Еңбек жолы: Жамбыл облыстық мемлекеттік төрелігінің арбитрі (1989-1994); Жамбыл облыстық төрелік сотының судьясы (1994-1995); Жамбыл облыстық сотының судьясы (1995-2009); Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы (2009); Жамбыл облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы (2010-2015). ҚР Жоғарғы сотының судьясы (2015-2020).

Қазіргі қызметін 2020 жылдың сәуір айынан бері атқарып келеді.

56 жыл бұрын (1969) «Altyn Qyran» компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы Исламбек Тілеубайұлы СӘЛЖАНОВ дүниеге келді.

Исламбек Тілеубайұлы СӘЛЖАНОВ
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Ол Ақтөбе облысында туған. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын, хирург (1993); Қазақ мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Нарық институтын, экономист (1997); Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясын – Мәскеу қаласындағы Бизнес және іскерлік басқару институтын, маркетинг және сатылымдарды басқару (2005); Дьюк университетінің жанындағы Сэнфорд мемлекеттік саясат мектебінің ықпалдастығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жанындағы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебін (2012) бітірген.

Еңбек жолы: Ақтөбе қаласындағы «Мақсат Капитал» ШЖК құрылтайшысы әрі директоры (1993-1998); «AKZHOL» қазақ-неміс біріккен кәсіпорнының тең құрылтайшысы және директоры (1998-2000); «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «Қазақойл-Продактс» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры (2000-2001); «AKZHOL» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры (2001-2004).

«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен; «Білім беру меценаты-2012» Алтын медалі және дипломымен марапатталған.

36 жыл бұрын (1989) «Астана Балет» театрының директоры Тайыр Нұрланұлы ҚАРАТАЕВ дүниеге келді.

Тайыр Нұрланұлы ҚАРАТАЕВ
Фото: Пресс-служба театра Astana Ballet / Askhat Nurekin

Алматы қаласында туған. К.Байсейітова атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған арнайы музыка мектебін, виолончель сыныбын, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын аспапта орындаушылық мамандығы бойынша бітірген (2011).

Еңбек жолы: «Камерата Қазақстан» оркестрінің әртісі (2008); әртісі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің инспекторы (2015-2016); гастрольдік-концерттік қызмет жетекшісі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары (2016-2018); Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры директорының басқару және маркетинг жөніндегі орынбасары (2018-2019); Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры (2020-2021); Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры (2021-2023); Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры (2023-2025).

2025 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.

Соңғы жаңалықтар