6 қыркүйек. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

6 қыркүйек, СЕНБІ
Чили Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Ұлттық ынтымақтастық күні.
Болгария Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Шығыс Румелиямен бірігу күні. Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы маусымның 5-інде орнатылды.
Свазиленд Корольдігінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1968). Свазиленд Корольдігі Африканың оңтүстік-шығысында орналасқан. Шығысында Мозамбикпен, оңтүстік-шығысында, оңтүстігінде, батысында және солтүстігінде Оңтүстік Африкамен шектеседі. Астанасы - Мбабане қаласы (әкімшілік), Лобамба қаласы (королдік резиденция). Мемлекеттік тілі - свази және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - лилангени.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
20 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен «Қуат» холдинг-компаниясы мен «Амлон Трейдинг ЛТД» британ фирмасы негізінде «ҚуатАмлонМұнай» атты алғашқы жеке мұнай компаниясы құрылды.
19 жыл бұрын (1995) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы» Жарлығы жарық көрді.
17 жыл бұрын (1997) алғаш рет қазақша күрестен әлем чемпионаты өтті.
14 жыл бұрын (2000) Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші мерекелік сессиясы басталды. Оған Елбасы Н.Назарбаев қатысып, баяндама жасады.
14 жыл бұрын (2000) Алматыда Орталық Азия кен өнеркәсіп одағының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы кен ісі. Жай-күйі және перспективалары» атты бірінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Жеті елден жиналған 700-ден астам маман осы саланың дамуы, жаңа өндірістік және инженерлік технологиялар, жер қойнауын пайдалану процестерін реттеу туралы баяндамалар жасады.
8 жыл бұрын (2006) «Электрондық үкімет» шеңберінде құрылған Астана қаласының www.astana.kz атты ресми сайты өз жұмысын бастады. Сайт үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.
8 жыл бұрын (2006) Мәскеудегі «Пушкин» кинотеатрында «Көшпенділер» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.
89 жыл бұрын (1925) «Таң» журналында Әлихан Бөкейханов жасаған «Қобыланды» жырының бiрiншi зерттеулерінің нәтижесі жарияланды.
Қазіргі жер бетіндегі мыңдаған этностар санаулы ғана жырларды туғызады. Мысалы, гректердің «Илиада» немесе «Одиссея», үндістердің «Махабхарата» немесе «Рамаяна» сынды жырларын келтіруге болады. Қазақ халқында, егер нұсқаларымен бірге есептейтін болсақ, мыңдаған эпостық шығармалар бар. Тек қана, «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар екен. «Қобыланды» жыры қазақ жырларының арасында ең көп зерттелген.
Жырдың нұсқалары батыр өмірінің 5 кезеңін көрсетеді - 9 ғасырдан 18 ғасырға дейін, шын мәнінде ол 15 ғасырда Әбілқайырханның тұсында және Қазақ хандығының құрылу кезінде өмір сүрген. Көлемді жыр бірден жасалған жоқ, оны жазу кезінде, ол өмірдің қажеттіліктеріне қарай, тарихи кезеңдерге сәйкес өзгертілді. Бұл тарихи ескерткішті сақтауға және дамытуға көптеген жыраулар ат салысты, халық ертегілерінің сансыз жолдарын ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп беріп отырған. Қобыланды туралы жырды тұңғыш рет В.Радлов басып шығарды.
87 жыл бұрын (1927) Оралда әйгілі өнер зерттеушісі, Қазақстанның халық әртісі Александр Затаевичтің (1869-1936) ұйымдастырған алғашқы қазақ музыкасының кеші болып өтті.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қазақ даласына келген А.Затаевич әуелі «Қазақ халқының 1000 әнін», содан кейін «500 ән-күйді» жинап бастырғаны белгілі. Ол қазақ ән-күйін жинап қана қоймай, қазақ өнерпаздарының Мәскеуде өнер көрсетіп, таныла түсуіне атсалысты. Ал 1923 жылғы 24 қазанда Мәскеуде ол тұңғыш рет қазақ музыкасының кешін ұйымдастырды. 1927 жылы осындай концерт Мәскеу консерваториясында қойылып, онда орыс ұлт аспаптар оркестрі А.Затаевич өңдеген күйлерді орындады.
54 жыл бұрын (1960) Өзбекстанда қазақ әдебиеті мен өнерінің күндері болып өтті.
9 жыл бұрын (2005) Алматыдағы Қазақстан-Жапон орталығында «Аки» атты деректі фильмінің таныстырылымы болып өтті.
Ұйымдастырушысы - Жас PR-мамандар қауымдастығы, Қазақстан-Жапон орталығы және Bugs продакшн-студиясы.
«Аки» қысқа метражды деректі фильмі Қазақстанның аумағында өмір сүрген жапон әскери тұтқындары туралы баяндайды. Фильмді отандық деректеушілер түсірген.
Фильмнің негізіне хроникалық кадрлармен қоса жапон жауынгерлерінің қәбірдегі сүйектерін шығарып және оларды елдеріне қайтарылғаны туралы жасалған жұмыстар да енген.
9 жыл бұрын (2005) Оралда Социалистік Еңбек Ері Вардан Чамчиян тұрған үйдің қасбетіне ескерткіш тақта орнатылды.
Вардан Чамчиян (1916-2005) Тбилиси қаласында туған. Ол 1954 жылы Батыс Қазақстанға қоныс аударды. Тың жерлерді игеріп, астық өнімін дамытуға өз үлесін қосты. «Пермь» ұжымшарының бас агрономы, ал 1957 жылдан бастап оның директоры болды. Ол басқарған шаруашылық аймақтағы алдыңғы қатардағы бес кеңшардың бірі болды. 1966 жылы Вардан Шноркович Чамчиянға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ленин орденімен марапатталған.
7 жыл бұрын (2007) Семей аумағындағы Баженов ауылында жаңа мешіт ашылды.
Бұл бес мыңға тарта тұрғыны бар аумақтағы бірінші мешіт. Мешітке бір уақытта 200 адам мінажат ете алады.
ЕСІМДЕР
10 8 жыл бұрын (1906-1972) ғалым, әдебиет зерттеушісі, жазушы, әдебиеттанушы, аудармашы, сыншы, тарихшы, филология ғылымының докторы ТАЛЖАНОВ Сәйділ Омарұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысының Нұра ауданында туған. Ташкенттегі Орта-Азия мемлекеттік университетін, Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Қазақ КСР Оқу министрлігінде, Ауыл шаруашылығы институтында, Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында, Қазақ КСР Ғылым академиясында қызмет істеді.
Алғашқы әңгімелері 1927 жылы жарияланды. «Ұстаның үйі», «Сейфолланың Сәкені», «Адам туралы аңыз» повестері жарық көрген. Ғылыми еңбектерінің негізгі тақырыбы көркем аударма теориясы, проблемалары және әдеби байланыстарға арналған. Ол Александр Пушкин, Максим Горький, Федор Достоевский шығармаларын қазақ тіліне, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин шығармаларын орыс тіліне аударды. Сонымен қатар өзі де бірқатар шығармалар мен әдеби құнды еңбектердің авторы.
8 6 жыл бұрын (1928-2002) орыс композиторы, дирижер, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері СВЕТЛАНОВ Евгений Федорович дүниеге келді.
Композитор шығармашылық қызметін радио-теледидар оркестрінде дирижер-ассистент болудан бастаған. Кейін Үлкен театрда қызмет істеп, Үлкен симфониялық оркестрдің басқарушысы әрі бас дирижері болған. Композитор ретінде В.Шукшинге арналған «Қызыл бүлдірген» операсымен танымал болды.
7 9 жыл бұрын (1935-1995) ақын ӨТЕЖАНОВ Мәжіліс дүниеге келді.
Ресей Федерациясында туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1959 жылдан журналистика саласында қызмет атқарған. Аудандық «Октябрь туы» газетінде жұмыс істеген.
«Соңғы хат», «Ғашықтың жыры» атты жыр кітаптарының авторы. Өлеңдері «Алтынжар вальсі», т.б. бірқатар ән болып шығарылған.
6 3 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымының докторы, доцент, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері СҰЛТАНОВ Болат Қылышбайұлы дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1983-1993 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің ассистенті, аға оқытушысы, тарих факультеті сырттай бөлімінің деканы, доценті. 1993-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Батыс Еуропа елдері бөлімінің бірінші хатшысы, меңгерушісі. 1995-2000 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі. 2000-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі, директор кеңесшісі, бірінші орынбасары. 2001-2002 жылдары - «Сыртқы саясат және анализ орталығы» ЖАҚ-ының директоры, «Қазақстан және қазіргі әлем» журналының бас редакторы. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Елшілігінің кеңесші елшісі. 2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасының бірінші Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты директорының бірінші орынбасары болған. Қазіргі қызметінде 2006 жылдан бастап істейді. 2007 жылдан - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата кеңесінің мүшесі.
Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жағдайы турасындағы 10 кітаптың, 200-ге жуық мақаланың авторы. Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының 4 ғылыми журналына жетекшілік етеді: «Общество и эпоха», «Казахстан-Спектр», «Analytic», «Central Asia's affairs».
«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үш алғыс хатымен марапатталған.
6 3 жыл бұрын (1951-2012 ) домбырашы, күйші, Қазақстаннның халық әртісі, Құрманғазы атындағы I республикалық орындаушылар байқауының лауреаты ШӘМЕЛОВ Тұяқберді Қажыгерейұлы дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. 1970 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрі құрамында домбырашы, концертмейстер және жеке орындаушы ретінде қызмет еттіі.
Оның орындаушылық репертуарынан қазақ халық композиторларының (Абыл, Дәулеткерей, Дина, Құрманғазы, Мәмен , Сейтек, Тәттімбет, т.б.) күйлері мол орын алды. Ол бірнеше ән-күйлердің авторы. Гастрольдік сапармен шет елдерде (Ауғанстан, Италия, Корея, Қытай, Португалия, т.б.) болып өнер көрсетті.
50 жыл бұрын (1964) әнші АБДУЛЛИН Нурлан дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Сәулет-құрылыс институтын, «Тұран» университетін бітірген. Дзюдодан спорт шеберлігіне кандидат.
Абай атындағы опера және балет театрында әнші, «Тойбастар» хабарының жүргізушісі «Қазақмыс» корпорациясы президентінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі.Атыраудың 70 жлдығына арналған мерекелік шараны ұйымдастырушы және қатысушы болды.
Алмат сатира және әзіл конкусының лауреаты. «азия дауысы» халықаралық фестивалінің лауреаты. «Жас қанат» конкурсының дипломанты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.